Музейдің мұңын кім тыңдайды?

Қар 27, 2025

Павлодардың көне көшелерінің бірі Астана көшесінде тозығы жеткен шағын ағаш үй тұр. Бұл – Дмитрий Багаевтың музей-үйі. 2001 жылы жеке меншіктен мемлекет қарамағына өткеннен кейін, мұнда әйгілі фотографтың шығармашылығына арналған музей ашылды. Алайда ширек ғасыр өткеніне қарамастан, үй тек жеңіл жөндеуден өткен. Іргетастан шатырға дейін қалпына келтіру жұмыстары әлі күнге дейін жасалмаған.

Музей ғимараты ескі әрі ағаштан салынғандықтан, жаңбыр жауса немесе қардың суы ерісе болды, шатырдың бірнеше жерінен тамшылар бөлмелерге ағып, экспонаттарға зиянын келтіріп жатыр. Сол себепті, музей қызметкерлері әр бұрышқа шелектерді қойып, жәдігерлерді қорғаумен айналысуға мәжбүр.

Музейдің бас маманы Шолпан Әбдікешованың айтуынша, музей ғимаратының қазіргі жағдайы әрі ауа райының қолайсыз күндері тарихи жәдігерлерге қауіп төндіруде. Сондықтан күнделікті жұмыстан бөлек, экспонаттарды сақтап қалудың амалын жасауда.

– Ауа райы бұзылғанда, әсіресе жауын-шашын күндері қиынға түседі. Төбеден су ағады. Оның ақыр аяғы халқымыздың мәдени мұрасына қауіп төндіріп, көптеген жәдігерлеріміздің бұзылуына алып келеді. Бұл келеңсіз көріністер өңірдің ғана емес, жалпы халқымыздың тарихына, мәдениетіне келген зиян деп білемін. Сондықтан, музейге жөндеу қажет, — дейді ол.

Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Арман Әлиақпаров тарихи нысанның шатыр мен іргетастың тозғанын, электр жүйесі мен ішкі құрылымдар күрделі жөндеуді қажет ететінін атап өтті. Оның сөзінше, ғимаратты кезең-кезеңімен жөндеуге болмайды. Өйткені, бұл музей қорына қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан күрделі, толыққанды жөндеу жобасы жасалып, қаржылық қолдау қажет.

– Музейдің тек бір бөлмесін жөндеу арқылы оны толықтай сақтап қалу мүмкін емес. Ол үшін іргетастан бастап шатыр мен электр жүйесіне дейін түгел жаңарту керек. Ғимарат тарихи болғандықтан, оны ерекше тәсілмен жөндеу керек. Қажетті жобалық-сметалық құжаттама шамамен 100 миллион теңгеден асады, — дейді А.Әлиақпаров.

Музей қызметкерлерінің айтуынша, өткен жылы ғимаратқа қажетті қаржы бөлінуі тиіс болған. Алайда бұл жоспар жүзеге аспай қалған. Дегенмен, келесі жылдан үмітті екендіктерін де жасырмады. Егер де қаржы толықтай бөлінсе, музей ғимараты толық қалпына келтірілмек.

Айта кетейік, музей үйінің өзі ХІХ ғасырдың соңындағы мещан тұрмысының тарихы және сәулет өнерінің ескерткіші болып есептеледі. Бүгінде тарихи мекеме үш  экспозиция бөлмесінен, фотопавильоннан және қорықты мекенжайдан тұрады. Музейдің алғашқы бөлмесі – Д.Багаевтың 1905 жылы ашқан фотосалоны. Онда фотографтың өмірде қолданған жеке заттары қойылған. Сонымен қатар, Багаевтың түпнұсқалық фотосуреттерінің «ХХ ғасыр-
дың басындағы қазақ халқы-
ның өмірі мен тұрмыс салты» атты фотокөрмесі қойылған. Бұл көріністерде қазақ халқының этнографиясы, салт-дәстүрі бейнеленген.

Әлеуметтік белсенділігі мен зерттеушілік қабілетінің арқасында Д.Багаев өлке-міздің тарихын өзінің өшпес суреттерімен бейнелеп қалдырды. Ол ғылыми-зерттеу жұмысымен үзбей айналысты. Сондай-ақ, орыс география қоғамының Батыс Сібір бөлімшесінің мүше-корреспонденты болды. Облыстық «Қазақстанды зерттеу қоғамын» құруға атсалысты.

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.