Музейлер арасындағы жаңа әріптестік

Қаң 22, 2026

Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі «Берел» музей-қорығымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжат еліміздегі музейлерді біріктіреді.

Музейдің ғылыми жұмыстар жөніндегі директор орынбасары Гүлнар Нұрахметованың айтуынша, бұл әріптестік Қазақстанның археологиялық мұрасы, көшпелі мәдениет және тарихи-этнографиялық зерттеулерін біріктіреді.

– Музейаралық жобалар жүзеге асырылып келеді. Жылдар бойы біздің мекеме көрмелермен Қазақстан қалаларын аралап, өзі де басқа музейлердің коллекцияларын қабылдады. Осы жылдың күзінде павлодарлық мамандар «Берел мен Ертіс өңірі: мәдениеттер диалогы» атты көшпелі экспозицияны өткізуді жоспарлап отыр. Онда артефактілер, табылған жәдігерлердің көшірмелері және қимақ жауынгерінің реконструкциясы ұсынылады, – деді Г.Нұрахметова.

Жоспарда сондай-ақ «Сақ, түркі және көшпелі мәдениет тақырыбындағы зерттеулер» конференциясына қатысу бар.

– Ынтымақтастық жаңа мүмкіндіктер ашады. Мәселен, археологиялық музей-қорықтың бірегей тәжірибесіне қол жеткізіліп, ескерткіштерді экспозициялаудың заманауи әдістері меңгеріледі.

«Берел» музей-қорығы үшін бұл – кең аудиториямен жұмыс істеуде өлкетану музейінің тәжірибесін пайдалану, білім беру және қалалық музейлік бағдарламаларды дамыту, келушілер географиясын кеңейту, –
деді директор орынбасары.

Жалпы, меморандум тараптардың музей ісі саласындағы өзара әрекеттесуінің негізгі бағыттарын айқындайды. Яғни, тарихи-мәдени мұраны сақтау, зерттеу және насихаттау, бірлескен көрмелерді ұйымдастыру, оның ішінде көшпелі және уақытша экспозициялар.

Еске сала кетейік, Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері «Павлодар өңірінің мәдени мұрасын зерттеу және сақтаудағы заманауи технологиялар» атты бір жылдық жобаны аяқтады. Жоба аясында мамандар ғылыми айналымға жаңа деректер енгізіп, археологиялық нысандарды 3D сканерлеу жұмыстарын жүргізді. Қазіргі уақытта
9 жартас суреті, көне темір дәуірінің 9 тас стеласы және 26 мүсін цифрлық нұсқаға ауыстырылды.

Жалпы, облыста 46 мүсін белгілі. Оларды цифрлық форматқа ауыстыру жұмыстары жалғасуда.

Айдана БОРАНБАЕВА.