Асанәлі Әшімов – саналы ғұмырын театр және кино әлеміне арнаған, есімі аңызға айналған тұлға. Қоғам қайраткерінің қатысуымен өткен фильмдер бүгінде әлемдік деңгейде танымал.
Жуырда Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімов атындағы музей-кабинеті ашылды. Оған белгілі кино және театр әртісінің 15-ке жуық заты қойылды.
Кабинеттің ашылуына арнайы қатысқан өнер иесі музейдің өзі үшін айрықша сый көрсеткенін атап өтті.
— Бұқар жырау музейі мен үшін айрықша сый жасады. Жастық шағымдағы, кино мен театрдағы ұмыт болған кейбір естеліктер ойға қайта оралып отыр. Сирек фотосуреттерді көрдім. Музейдің бұл музей-кабинеті менің жеке тұлғама емес, қазақ киносына жасап отырған тартуы деп ұғындым. Керекудің топырағы құйқалы, Жұмат Шаниндей ұлттық театр өнерінің негізін салушы тұлғаны, Шәкен Аймановтай қазақ киносының атасын дүниеге әкелді. Қаншама театр және кино актерлері, өнер адамдары өсіп шықты. Сол аталарымыздың қасиетті рухы бүгінгі ұрпақты желеп-жебеп, елдің азаматтары өнерді әс көтеріп жатқаны мені айрықша қуантады. Музей деген өткенді жұртпен табыстыру, руханиятты насихаттау болса, бүгінгі өнегелі іс осы үдеден толықтай шығып отыр, — деді Асанәлі Әшімов.
Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің басшысы Ербол Қайыровтың сөзінше, кабинетті ашудағы мақсат — жұртшылықты есімі аңызға айналған Асанәлі Әшімовтің өнер жолымен таныстырып, жастарға үлгі ету.
— Жәдігерлердің көпшілігі Алматы қаласынан арнайы жеткізілді. Заттардың ішінде актердің еңбектері, шапаны, көзілдірігі секілді 15-ке тарта заты бар. Асанәлі Әшімовке арналған бөлме 2-3 жыл көлемінде ашық тұрады. Кейін бөлмеге қойылған жәдігерлер арнайы экспозицияға айналады. Ал бұл бөлме елімізге белгілі өзге тұлғаларға кезең-кезеңімен арналып отырады, — дейді музей басшысы.
Айта кетейік, Асанәлі Әшімовке арналған музей-кабинетін кез келген қала тұрғыны мен қонақтары тамашалай алады.
Айдана БОРАНБАЕВА,
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.