Әр халықта мемлекеттің жан-жақты дамуына елеулі үлес қосқан тарихи тұлғалар баршылық. Әсіресе, пайдалы қазбалар құпиясын ашқан әйгілі геолог, Қазақстан Ғылым академиясының негізін қалаушы және тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевтің есімі тарих беттерінде ерекше дараланып тұрады. Академиктің басшылығымен жасалған қадамдар халқымыздың, жастарымыз бен еліміздің бүгінгі инновациялық және ғылыми әлеуетінің іргетасын қалады. Оның бүгінгі және келешек ұрпаққа қалдырған мұрасы мол. Ал сол мұраны насихаттап тарату — қазіргі ұрпақтың азаматтық міндеті.
Баянауыл ауданында ұлы ғалым Қаныш Имантайұлының есімімен аталатын мемориалдық музей бар. Онда тарихи мекеме ашылған уақыттан бері академиктің қолданған жеке заттарымен, фотосуреттерімен, хаттарымен, кітаптарымен және түрлі құжатпен толығып келеді. Бүгінде қорында 3 788 зат жинақталған. Оның негізгі 2130 қоры – академиктің және ғалымның қыздарының жеке заттарынан құралған экспонаттар мен ғылыми еңбектер.
Академик Қаныш Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейінің қор сақтаушысы Жаннұр Мұсабаеваның айтуынша, мерейтой жылында академик Қ.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейі көптеген бай экспонатпен толықты. Музей қорына Қаныш Имантайұлының, академиктің қыздары – Хайринисауи мен Мейіз Сәтбаевалардың, ғалымның жиені, археолог Кемел Ақышевтің жеке заттары келіп түсті. Олардың арасында фотосуреттер, картиналар, мақалалар, медальдар және кітаптар бар.
— Ғалым Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығы аясында Баянауыл жерінде Мойылды шатқалында ұйымдастырылған мерейтойлық шараға келген академиктің жиені Әлима Жармағамбетованың музейге сыйға тарту еткен құнды экспонаттарының бірі – ол академиктің өзі киген шапаны. Жасыл түсті пүліш шапанды Қаныш Имантайұлы қызы Ханиса Сәтбаеваға тарту еткен. Кейін апамыз өзіне шамалап қысқартқан екен, — дейді Ж.Мұсабаева.
Ғалымның жиені Әлима Жармағамбетова музеймен үнемі тығыз қарым-қатынаста. Өткен жылы академиктің мерейтойы қарсаңында Қаныш Сәтбаевтың қызы Ханисаның өзі ұстаған қара түсті былғарыдан жасалған қол сөмкесін, 1935 жылдың 6 қарашасында академиктің қызына ұстаздары өте жақсы оқығаны үшін сыйлаған қоңыр түсті мұқабасы бар «Остров в степи» кітабын, Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Құрмет Грамотасын, 8-9-сыныптардағы алған мақтау қағаздарын, 1985 жылғы 26 сәуірде берілген «Еңбек ардагері» куәлігі мен медалін, Кәкімбек Салықовтың 2001 жылғы 29 қарашада Ханиса Сәтбаеваның 80 жылдығына арнаған «Қаныштың қызы сексенде» (Ханиса Сәтбаеваға) арнау өлеңін музейдің қорына тарту етті.
Жаннұр Мұсабаеваның сөзінше, 1957 жылдың күзінде Қазақстан Ғылым Академиясының президенті Қаныш Сәтбаев Кеңес Одағы ғылыми делегация құрамында Пекин қаласында өткен І халықаралық геологиялық конференциясына қатысқан. Сол конференцияда Қаныш Имантайұлына Қытай делегациясы фарфордан жасалған «Табиғат көрінісі» бейнеленген картинаны сыйға берген. Бұл картина бүгінгі күні музейдің экспозициялық залында орналасқан.
— Музейдің негізгі қорында сақталған академиктің куәліктер қатары Қ.Сәтбаевтың 1944 жылғы маусым айындағы Қазақстанның жергілікті Кеңес басшы-қызметкерлерінің республикалық тұңғыш мәслихатына қатысушы туралы №56 мандат куәлігімен, 1945 жылғы желтоқсан айынан басталып 1947 жылғы қараша айында аяқталған академиктің №073078 ақша беру №1 купондар жинағымен және 1956 жылғы 25 желтоқсандағы №311066 Бүкілодақтық ауылшаруашылық куәлігімен толықты.
125 жылдық мерейтой қонақтарының қатарында болған биология ғылымдарының кандидаты, сәтбаевтанушы ғалым Надежда Ниретина да музейдің алтын қорын маңызды экспонаттармен толықтырды. Соның ішінде 1984 жылғы 18 маусымдағы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың құрметіне орай 2402 кіші планетаның атауын беру туралы құрметті куәлік, археолог Кемел Ақышевтің Қ.Сәтбаевқа 1942 жылы 16 қарашада жазған хаттары, Қаныш Сәтбаевтың Василий Иванович пен Саша Нагимовичке 1943 жылғы 21 маусымда жазған хаттары, 1930 және 1959 жылдары мен Таисия Сәтбаеваның 1964 жылы академиктің өмірінің соңғы кездерін сипаттайтын Мәскеу қаласынан жолдаған хаттары да бар. Сондай-ақ, Мойылды шатқалындағы сабантойға келген қазақтың көрнекті ақыны Ғалым Жайлыбай Қаныш Имантайұлының қолымен ұстаған сұр түсті кварц тасын музейге табыстады, — дейді ол.
Музей әкімшілігі де академиктің қыздарының ұрпақтарымен тығыз байланыста. Мәселен, геолог-ғалым Мейіз Сәтбаеваның ұлы Александр Третьяков музей басшысы Қайыргелді Әбілғазинмен Сәтбаевтар әулеті жайында мәліметтермен бөлісіп, анасынан аманат болып қалған заттарды музейге сыйға тартқан. Қазіргі уақытта музей қорында М.Сәтбаеваның «К.м.В.» жазуы мен субұрқақ бейнеленген ақ түсті керамикадан, фарфордан жасалған «Кисловодская минеральная вода» кружка-бюфетницасы мен жастық шағы, студенттік жылдары әпкелерімен түскен фотосуреттері музейден орын алған.
— ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық Ғылым академиясы, Еуразия Ұлттық университетінің ұйымдастыруымен «Қаныш Сәтбаев – ұлт мақтанышы» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында академик Қ.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейі жылжымалы көрме қойды. Көрмені ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, Әлкей Марғұланның қызы Дәнел Әлкейқызы, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті директорлар кеңесінің төрағасы Жақсылық Күлекеев арнайы келіп көрді. Сонымен қатар, көрмені елімізге танымал зиялы қауым өкілдері мен өнер адамдары, Астана қаласының тұрғындары тамашалады. Аталмыш конференцияға қатысқан Қаныш Сәтбаев брендбугінің авторы, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, елімізге танымал суретші Алмас Сырғабай Академик Қ.Сәтбаев бейнеленген өзінің авторлық катинасын музейге сыйлады, — дейді Ж.Мұсабаева.
Мерейтойлық жыл академик Қаныш Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейіне жемісті жыл болды. Жоғарыда аты аталған экспонаттармен қоса музейдің қосымша қорына да сыйланған заттар саны өте көп болды.
Музей басшылығы мен әкімшілігі қор санын толықтыруға атсалысқан барлық азаматқа өз ризашылығын білдіреді. Музей қызметкерлері академиктің және отбасының сақталған жеке заттарын, қолтаңбалары тиген жазбалары мен деректер қатарын іздеуден еш жалықпай, экспонаттар қатарының толығуына және өскелең ұрпаққа ұлы тұлғалардың ұлы жолдарын дәріптеуде аянбай еңбек ететіндері сөзсіз.
Айдана БОРАНБАЕВА.