Муралдар – шаһар шырайы

Шіл 17, 2025

Соңғы уақытта қалаларда стрит-арт деп аталатын жаңа мәдениет түрі кеңінен белең алуда. Оның бір бағыты – көпқабатты үйлердің қабырғасына сурет салу. Бұл ретте суреттер вандализмнің емес, нағыз шынайы өнердің туындысы болуы керек. Осы тұрғыдан алғанда Екібастұз қаласының көркейіп келе жатқаны көз қуантады. Мұнда бір жылдың өзінде тәрбиелік мәні бар, патриоттық бағыттағы бірнеше мурал салынып, шаһардың шырайын келтірді.

Жасыратыны жоқ, осыдан бірнеше жыл бұрын кеншілер шаһары сұр қала іспетті көрінетін. Әсіресе, үш жыл бұрынғы жылу желілеріндегі апат кезінде қаланың көркі кері тартып тұрғаны анық байқалды. Ірі коммуналдық апаттан соң кеншілер шаһарының тізгінін қолға алған Аян Бейсекин де мұны мойындайды.

— Үш жыл бұрын қаланың сүрең тартып тұрғаны рас. Оны аймақ басшысы Асайын Қуандықұлымен бірге апаттық жағдайдан соң аулаларды аралау кезінде анық байқадық. Көпқабатты үйлердің алдындағы жағдай аса мәз емес еді. Сол тұста бірден алдымен инженерлік инфрақұрылымды ретке келтіріп, одан соң шаһар шырайын келтіру керек деген міндет қойдық, — дейді қала
әкімі.

Шынымен, жергілікті билік бірінші кезек коммуналдық жағдайды жақсартуға ден қойды. Жылу желілерін жаңартып, құбырларды ауыстырды. Қыста қала тағы да «қатып» қалмас үшін уақыт күттірмейтін шаруаларды атқарды. Әлі күнге дейін жылу мәселесін ретке келтіру ісі жалғасуда.

Қалада қордаланып қалған күрмеулі мәселенің тағы бірі – көшелерді, аулаларды жарықтандыру жұмысы қолға алынды. Осыдан бірнеше жыл бұрын электр энергиясын өндіретін ірі станциялары бар шаһардың өзі тас қараңғы еді. Басқасын былай қойғанда, негізгі көшелердің өзінде жарық шамы ілуде біреу болатын. Аулалардың ішінде тек үш-төрт аула жарықтандырылған-ды. Ал қалған 70-ке жуық аула қараңғы әрі қауіпті болғандықтан, қалалықтарға қолайсыздық тудырды. Мұндай тығырықтан шығу үшін тұрғындардың өздері подъезд алдында жарық шамдарын қойып, амалдауға тура келді. Бүгінде мұндай мәселенің барлығы артта қалды. Қазынадан шамамен 500 млн теңге бөлініп, 116 аула жарықтандырылды. Биыл бөлінген 700 млн теңгеге де тиісті жұмыстарды атқарып, жыл соңына дейін жарықпен қамту мәселесін толығымен шешу көзделіп отыр.

Осы орайда соңғы екі жыл дересінде Екібастұз қаласында барлығы 170 аула абаттандырылып, балалардың ойын, спорт алаңдары орнатылғанын баса атап өткен жөн. Алдағы уақытта тағы 50 ауланы ретке келтіру жоспарда бар. Саябақтар да түрлене түсті. Айта кетерлігі, биыл шаһарда 10 мың шаршы метр аумақта гүлзарлар салынды. Осылайша, кезең-кезеңімен қаланың сәнін келтіріп, ажарын ашып, бастысы, тұрғындарға жайлы орта құру мақсатында ауқымды істер атқарылуда.

Олардың қатарында жоғарыда атап өткен муралдар салу бастамасын бөле-жара айтпасқа болмас. Көпқабатты тұрғын үйлердің қабырғаларында қазақтың біртуар тұлғалары, әйгілі жерлестеріміз – Бұқар жырау, Мәшһүр Жүсіп, Естай порттері бейнеленді. Бауыржан Момышұлы, Мұхтар Әуезов, Мәншүк Мәметованың бейнелері де баспаналардың қабырғасынан ойып тұрып орын алды. Мұндай бағыттағы жұмыстар осы жылдың мамыр айында басталды. Яғни, сол уақыттан бері кеншілер шаһарында алыстан менмұндалап тұратын муралдар пайда болуда. Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, бұл мақсатқа 50 млн теңге қарастырылды.

— Муралдар сала бастадық. Көпқабатты үйлердің қабыр-ғаларында 9 кескіндеменің жұмысын аяқтадық. Тұрғындар тарапынан қолдаудың барын көріп отырмыз, сондықтан бұл бағытта қаламызды көркемдеу жұмыстарын жалғастырамыз. Стрит-арт мәдениетті дамытып, суреттердің әдемі болып қана қоймай, мағыналы, тәрбиелік мәні бар болғанын қалаймыз, — дейді Аян Бейсекин.

Бұл муралдардың авторы – жас суретші Тамерлан Әбенов.

Жалпы, Екібастұз қаласындағы муралдарды салу бойынша ұсыныс жергілікті әкімдік тарапынан түсті. Олар қаланың көркін арттырып, жастарға өнеге болатын жобаны қолға алғысы келді. Осы бағытта көше өнерін меңгерген суретшілерге, оның ішінде маған, нақты эскиздермен ұсыныс жасалды. Муралдарда бейнеленген тұлғалар –
бұл Екібастұз өңіріне тікелей қатысы бар, елге еңбегі сіңген ақын-жазушылар мен тарихи қайраткерлер. Мысалы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Естай Беркімбайұлы сынды ұлы тұлғалар осы өңірде дүниеге келген. Әкімдікпен бірлесіп, осы кісілердің есімін иеленген көшелерге солардың портретін бейнелеу туралы шешім қабылданды. Әр мурал жұмысына орта есеппен 25-30 сағаттай уақыт кетті. Бұл уақыт ауа райына, қабырғаның жағдайына және эскиздің күрделілігіне байланысты өзгеріп отырды, — деді Тамерлан Әбенов.

Қаланың осындай кескіндемелер арқылы көркейе түскенін жергілікті жұртшылық та құп көреді.

— Айналдырған аз уақыттың аралығында қаламыздың
өркендеп, дами түскенін көріп, кеудемізді қуаныш кернейтіні рас. Бұрындары тек жұмысшылардың, яғни кеншілер мен энергетиктердің қарапайым қаласы болып қабылданған шаһарымызға әр беретін жобалар жасалып, игі істер жүзеге асуда. Бүгінде аулаға немерелерімізді шығарсақ, олар асыр-салып ойын алаңында ойнай алады. Өзіміз кеспетастар төселген, орындықтары қойылған, гүлдер егілген саябақта алаңсыз тынығамыз. Көпқабатты үйлердің қабырғасында дана халқымыздың дара тұлғаларының порттерін көріп, суретшінің еңбегіне тамсанып, таңырқай қараймыз. Осындай оң өзгерістердің орын алып жатқанына ризамыз. Қаламыз әлі де көркейіп, гүлдене берсін дейміз, — дейді екібастұздық Бәтима Сағындықова.

Иә, жергілікті билік көріктендіру, абаттандыру бағытындағы осы жұмыстармен тоқтап қалмақ емес. Алдағы уақытта тағы бірнеше кескіндеме салып, муралдармен шаһардың сәнін келтірмек. Әлеуметтік, еркін тақырыптағы суреттерге де назар аударылады. Жалпы, мүмкіндік болса, муралдар санын 50-ге дейін жеткізбек ой бар көрінеді. Сол сияқты көпқабатты үйлердің қасбетін түрлі түске бояп, ажарды аша түсу жоспарда бар.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.