Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі қорында сақталған көне темір қанжар – өңірдің ерте темір ғасырына тән мәдениеттің жарқын куәгері. Жәдігер ғасырлар қойнауынан жеткен ұсталық шеберлікті ғана емес, Еуразия даласын мекендеген көшпелілердің рухани дүниесін де паш етеді.
Б.д.д. VIII ғасырдың аяғы – VII ғасырдың басында Ұлы Даланың тарихында жаңа кезең ерте темір ғасыры басталғаны белгілі. Бұл дәуірді ғылымда «Тасмола мәдениеті» деп атайды. Атауы да Тасмола шатқалындағы ерекше жерлеу орындарымен байланысты. Дәл осы мәдениет Ертістің Павлодар өңіріндегі ежелгі тайпалардың тұрмысын, дүниетанымын, соғыс және шаруашылық дәстүрлерін сипаттайды.
Музей қорындағы қанжар сол кезеңнің технологиялық мүмкіндігін айқын көрсетеді. Толықтай темірден соғылған қарудың ұзын, жіңішкере түскен жүзі мен қос жаққа созылған қандырасы – оны тікелей соғыс не аңшылық мақсатында пайдаланғанын дәлелдейді. Сабындағы қос спираль түріндегі сәндік орам – тасмола шеберлеріне тән көркемдік шешімдердің бірі. Уақыт тоздырғанымен, жәдігер өз дәуірінің эстетикалық талғамын айқын сездіреді.
– Тасмола мәдениеті – біздің өңіріміздің ең маңызды археологиялық кезеңдерінің бірі. Әсіресе, темір бұйымдар, соның ішінде осындай қанжарлар, ежелгі тайпалардың әскери қуаты мен шеберлік деңгейін көрсетеді. Бұл жәдігер келушілерді қызықтырып, оларды сол заманның атмосферасына жетелейді, – дейді музей қызметкерлері.
Қазіргі уақытта қанжар музейдің көшпелі өркениет залында сақталып, ғылыми тұрғыдан зерттеліп келеді. Жәдігер музейге келушілерге ерте темір ғасырындағы өмірдің тынысын сезіндіретін ерекше жәдігер ретінде ұсынылады.
А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.
