Мұрағат қызметі – маңызды

Ақп 20, 2025

Соңғы жылдары еліміздің өткені мен болашағын үйлестіретін архив ісіне ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде ескі құжаттар мен мағлұматтар жиналған ғимарат бос орынға тапшы. Осы ретте архив қоймаларын кеңейту және жаңа жабдықтармен жарықтандырылған ғимарат салу мәселелері қолға алынбақ. Сондай-ақ, биыл архив қызметі 100 жылдық мерейтойы қарсаңында ауқымды шараларды өткізуді көздеп отыр.

Архив – ел тарихындағы елеулі оқиғаларды жаңғыртатын басты рухани байлық. Бұл — ескі құжаттарға тіл бітіріп, бір жүйеге келтіретін, қажыр-қайрат пен асқан біліктілікті талап ететін жауапты еңбек. Өңіріміздіңархив саласы жаңа заманауи технологиялар мен жаңа әдістерді қолданып, қарқынды дамып келеді.

Одан бөлек, Павлодар облысының мемлекеттік архив мекемелері жыл сайын 30 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетіп, 250-ден астам көрме, семинар мен шаралар өткізіп отырады. Тәуелсіз ел атанғаннан бері облыстық архив құжаттарынан 30-ға жуық кітап пен құжат жинақтары құрастырылып басылып шықты. Мұрағат мамандарының айтуынша, алдағы уақытта облыс орталығындағы Академик Бектұров көшесі, 62/1 және Лермонтов көшесі, 51/1 ғимараттарында күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілуі жоспарланып отыр.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив істері басқармасы басшысының орынбасары Саяуыш Сәдуақасов брифинг барысында мәлім еткендей, бүгінде архив ғимараттары 100 пайыз толуға жақын. Сол себепті ғимаратты кеңейту мәселесі шешілу үстінде. Сондай-ақ, 150 мыңнан астам құжат сандық форматқа көшірілген. Десек те, бұл орын тапшылығын жоюға әсер етпейді. Заң бойынша 45-70 жылдай сақталатын құжаттар ішінде құпия деректер де бар, олар қағаз жүзінде мәңгілік сақталуы тиіс.

– Сандық форматқа көшудің бірден-бір таптырмас құралы – еліміздің кез келген азаматы дистанционды түрде өзіне қажет құнды мәліметті ала алуы. Архивтегі құжаттарды 2018 жылдан бері сандық форматқа көшіріп келеміз, олардың қағаз жүзіндегі үлгілері сақтаулы. Алдағы уақытта 40 мыңнан астам құжатты цирфландыруды көздеп отырмыз, – дейді Павлодар облысы мемлекеттік архивтің басшысы Бақыт Смақов.

Айта кетейік, архив ісінің алға қойған мақсаттарының ішінде Аксу, Железин, Май, Тереңкөл, Успен, Шарбақты аудандарындағы филиалдарының архив қоймаларын кеңейтіп, ашу және Екібастұз қалалық архив ғимаратын меншікке алу мәселелері жүзеге аспақ.

Салтанат ҒАББАС.