Мәдениет — өмір мәйегі

Мам 29, 2025

Естай атындағы мәдениет сарайында мәдениет қызметкерлері күніне арналған мерекелік шара өтті. Осындай айтулы күні аймағымыздың рухани кеңістігін қалыптастыруға және облысымыздың мәдени мұрасын сақтап, оны көбейтуге үлес қосып жатқан жандар салтанатты түрде марапатқа ие болды.

Салтанатты шараға облыс әкімі Асайын Байханов қатысып, мәдениет қызметкерлері мен сала ардагерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы мәдениет пен өнерді алдағы жылдарға дамыту тұжырымдамасын қабылдады. Біз мәдениет нысандары мен олардың ұжымдарының жан-жақты дамуына аса көңіл бөлеміз. Соңғы екі жылда облысымызда 30 мәдениет нысаны жаңартылып, сегіз жаңа үй салынды. 2025 жылы саланы одан әрі дамытуға шамамен 2 млрд теңге қарастырылған. Әсіресе, ауыл мәдениетін қолдауға ерекше назар аударылуда. Алғабас, Жетекші, Мичурин және Қызылағаш ауылдарында заманауи мәдени орталықтар салынуда. Сегіз кітапхана жаңартылуда. «Достық» шағын ауданында 1500 орындық конгресс-холл салу жоспарланған.

Сіздер өнеріміз бен мәдениетімізді, ғасырлар бойы атадан балаға мұра болған асыл қазынамызды өскелең ұрпаққа жеткізу жолында аянбай еңбек етіп келесіздер. Сіздерге еліміздің, облыстың мәдениетінің дамуы жолындағы елеулі еңбектеріңіз бен белсенділіктеріңіз, облыс халқына өз шығармашылықтарыңызбен қолдау көрсеткендеріңіз үшін ризашылығымды білдіргім келеді, — деп атап өтті аймақ басшысы.

Мерекелік кеш барысында Асайын Қуандықұлы облысымыздың рухани мұрасын сақтау мен дамытуға қосқан елеулі үлестері үшін мәдениет саласының 30 өкіліне марапаттар табыс етті. Мәселен, Жүсіпбек Аймауытов атындағы Қазақ музыкалық драма театрының актрисасы Талжібек Атамбек және Иса Байзақов атындағы филармонияның джаз оркестрінің көркемдік жетекшісі Виктор Шейкин «Құрмет» орденімен марапатталды. Филармония әртісі Асылбек Әбдікәрімов, қазақ музыка-драма театрының актрисасы Рауза Тәжібаева және «Ертіс әуендері» хорының көркемдік жетекшісі Тамара Дорошенко «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталды. Одан бөлек, өңірдің мәдени өмірін дамытуға қосқан үлестері үшін ауылдық мәдениет үйлерінің, мұражайлардың, кітапханалар мен мұрағаттардың қызметкерлері де Құрмет грамоталарымен және облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Салтанатты шара облыстың үздік шығармашылық ұжымдарының қатысуымен өткен мерекелік концертпен аяқталды.

Мереке қарсаңында облыс әкімі Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның және А.Чехов атындағы драма театрының ұжымына сыйымдылығы 57 адамға лайықталған жаңа жайлы автобустардың кілттерін табыс етті. Ал облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы және мәдени-демалыс қызметі орталығына заманауи «ГАЗель Next» шағын автобусы берілді.

Бұл күні, сондай-ақ «Рухани қазына-2025» мәдениет және өнер саласындағы ұйымдар мен қызметкерлерінің фестивалінде Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейі «Облыстық деңгейдегі ең үздік музей» аталымымен С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың С.Баязитов атындағы балалар оқу орталығының басшысы Алпысбай Хонж «Облыстық маңызы бар кітапхананың үздік қызметкері» аталымымен марапатталса, «Ertis» мультимедиялық музейі «Үздік қалалық маңызы бар музей» аталымына ие болды.

Айдана БОРАНБАЕВА

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.