Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдығы қарсаңында «Мәдени кіндік» мекеніне белгітас орнату және айналасын қоршау, Жүсіпбектің ата-бабасы, туысқандары жатқан зират маңайының қоршауын дұрыстау, тұлғаның туған жерінде 1989 жылы орнатылған белгітасты ретке келтіру, аудан орталығындағы ескерткішін жаңарту секілді ауқымды жұмыстар жоспарланып отыр.

Бұқар жырау музейі «Алаш зиялыларының ізімен» экспедициясын жалғастыруда. Экспедициялық топ мүшелері әулиелі Қызылтау өңіріне сапар барысында Жүсіпбек Аймауытов негізін қалаған «Мәдени кіндік» білім беру кешенінде, тұлғаға қатысы бар өзге де тарихи орындарда болып, мол мағлұмат алды. Ербол Қайыров бастаған Бұқар жырау музейі алдымен «Мәдени кіндік» орналасқан аумақты спутниктік карта арқылы тауып, жер бедерін, кезіндегі ғимараттардың орналасу ретін белгіледі. Қылқалам шебері, мүсінші Рыспек
Стыбаев өлкетанушы Рамазан Нұрғалиевтің көмегімен ауылдағы ғимараттардың шағын макет-кескіндерін дайындап, ауылдың үлгілік сұлбасын жасап шықты. Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде Алаш белсенділерінің бірі Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдығын атап өту, Баянауылдағы тарихи «Мәдени кіндік» білім беру кешенінің сұлбасын таныстыру, рухани орынның құндылығын насихаттауға арналған дөңгелек үстел өтті. Шара барысында Баянауылдың Әулиелі Қызылтау өңірінде 1922 жылы Ж.Аймауытовтың ықпалымен ашылып, 1940 жылға дейін үзбей жұмыс істеп тұрған «Мәдени кіндік» білім беру кешенінің макеті таныстырылды. Тарихи мекен биыл маусымда Бұқар жырау музейі ұйымдастырған «Алаш зиялыларының ізімен» атты экспедиция барысында тарихи тұрғыдан зерттеліп-зерделенді. Ескі ауылдың орны картаға түсіріліп, табылған жәдігерлер музейге жеткізілді. Музей ұжымының ұйытқы болуымен алдағы уақытта «Мәдени кіндікке» арнайы белгітас-ескерткіш орнатылады. Осы мәселені бірлесіп шешу мақса-тында бүгін Бұқар жырау музейінде жергілікті ғалымдар мен мүдделес азаматтар дөңгелек үстелде бас қосты. Жиынға қатысқан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Медет Тауасқан жобаға қолдау көрсететінін айтты. «Алаш зиялыларының соңында қалған мұраларды жаңғыртуға барынша күш саламыз. Алдағы Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдығына орай облыстық қазақ музыка-драма театрында республикалық театрлар фестивалін өткізу жоспарланып отыр, – деді М.Тауасқан. Торайғыров университетінің профессоры, жүсіпбектанушы Айман Зейнуллинаның айтуынша, «Мәдени кіндіктің» болғанын дәлелдейтін Жүсіпбектің күнделік жазбалары бар.

– Осы киелі орынның айналасын абаттандырып, мүмкіндік болса, сол жердегі ауылдың ғимараттарын қайта қалпына келтіріп, тарихи ауыл жасаса, нұр үстіне нұр болар еді. Алаш ардақтыларының бірі Ж.Аймауытовтың 135 жылдық мерейтойына орай көп жылғы еңбегім монография болып жарық көреді. Онда бүгінге дейін беймәлім болып келген көптеген тарихи сыр-құпиялар баяндалады, – деді Айман Зейнуллина. Шара аясында Жүсіпбек Аймауытовтың тұтынған заттары қойылған жәдігерлер көрмесі ұйымдастырылды. Онда Жүсіпбек ұстаған Құран кітап тұңғыш рет көпшілік назарына ұсынылды. Кітап шамамен 1911-1912 жылдары хазірет Әбілдә Исабекұлы салдырып, бала оқытқан мешіт-медресе орнынан табылған. Ж.Аймауытов осы медреседе сауатын ашқан. Бұған қоса, көрмеде «Мәдени кіндік» мекенінен табылған ескі жәдігерлер де қойылды. Жоғарыда аталған бастамаларды іске асыруға жомарт жандар, руханиятқа жанашыр меценаттардың қаржылай көмегі қажет. Қазірдің өзінде бұл іске көмек қолын ұсынып жатқан жомарт жандар да баршылық. Аталмыш жобаны жүзеге асыру үшін қор құрылмайды, ауқымды жұмыс демеушілер көмегімен, көптің қолдауымен жүзеге аспақ. Игі іске үлес қосуға ниетті жандарға Бұқар жырау атындағы музейге хабарласуға болады.

Торғын ОРАЗАЛЫ.