Өз заманының заңғары, көсем сөздің саңлағы, тарихшы, этнограф Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 165 жылдығы туған жерінде кең көлемде атап өтілді. Ескелді шатқалына жиналғандар мазмұнды кештің куәсі болды. Мемлекет басшысы құттықтау хатын жолдап, аймақ тұрғындарына ыстық сәлемін жеткізді. Мерейтой аясында 100-ден астам киіз үй құрылып, ән, айтыс өнері, спорт жарыстары өткізілді.
Жиналғандарға құттықтау хатын AMANAT партиясының төрағасы, Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов оқып берді. «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы халқымыздың ауыз әдебиетін, шежірелі тарихын және салт-дәстүрін жан-жақты зерделеп, ұлт руханиятын дамытуға өлшеусіз үлес қосты. Ұлы ойшылдың мол мұрасы әлі де талай ұрпақтың қажетіне жарары сөзсіз. «Салған мені бейнетке ғылым-білім» деп ақынның өзі жырлағандай, терең таным мен телегей білімнің арқасында елге танымал болып, «Мәшһүр» атанған абызды ұлықтап, еңбектерін жұрттың жадында жаңғырту – баршамыздың ортақ парызымыз», делінген Президент құттықтауында. Ерлан Қошанов ақын өлеңдері мен көсемсөзі қазақ руханиятының алтын қорынан ойып тұрып орын алатынын айтты.
– Ол кезде заман қандай болғанын білеміз. Сол аласапыран уақыттың өзінде қаншама шежірені, дастан-қиссаларды, ертегілерді, айтыс үлгілерін көзінің майын тамызып отырып жинағаны ерлікке пара-пар, – деді Мәжіліс төрағасы. Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов мұндай іс-шаралар-дың мақсаты — халқымыздың ұлы тұлғаларының рухани мұрасын сақ-тау және насихаттау екенін айтты. Облыс әкімі Асайын Байханов Мемлекет басшысының құттықтау хат жолдауы тұрғындар үшін мерейтойдың маңыздылығын айшықтай түскенін айтты.
– Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармашылық мұрасы Қазақстан әдебиеті мен қоғамында лайықты орын алады. Бүгінде Мәшһүр атамыздың құрметіне салынған Павлодар қаласының бас мешіті мұсылман халқының киелі шаңырағына айналды. Ал, 2006 жылы бой көтерген Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кесенесі Қазақстанның киелі жерлерінің картасына енгізілген. Оған жыл сайын мыңдаған адам зиярат етуге және баба рухына құран бағыштауға келеді. Бабамыздың асыл мұрасы молая берсін, – деді аймақ басшысы. Ресми шаралар 2006 жылы салынған Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің кесене кешенінде құран бағыштағаннан кейін жалғасын тапты. Мәшһүртанушылардың республикалық жиынында ғалымдар Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының мәдениетке, руханиятқа және ғылымға қосқан үлесі, сондай-ақ оған арналған жаңа еңбектер туралы баяндады. Жиналған қауымға ең әуелі Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау сөзі оқылды. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі өз сөзінде: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Әділетті Қазақстанды адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі», деп атап көрсетіп, «адал азамат» концепциясын алға тартқаны белгілі. Сонау ілкі ғасырлардан бастау алған «кемел адам» ілімі мен «толық адам» ұстынынан тамыр тартып, ұлттың болмысын қалыптастыратын осы ұлттық қасиеттердің асыл арқауын жалғаған бірегей абыздарымыздың бірі Мәшекең деп санаймыз», деді. Парламент Сенатының депутаты Алтынбек Нухұлы Мәшһүр Жүсіптің мерейтойы — ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың жаңа белесі, елдік пен егемендіктің жарқын көрінісі екенін айтты.
– Ғұламаның мерейтойы той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани дамуымыз үшін нақты істерге бастаса екен деймін. Атап айтсақ, Мәшһүр Жүсіп шығармашылығының 20 томдық мол мұрасының жалғасы болып табылатын тағы да 10 томдық еңбектерінің жарыққа шығуын Мәдениет министрлігі қолға алса игілікті іс болар еді. Мәшһүр Жүсіп бабамыздың кіндік қаны тамған Қызылтаудың етегіндегі «Күйеушоқы» деген туған жерінде белгітас орнатып, абаттандыру мәселесі іске асса, Баянауылдың туристік картасында тағы бір сакралды орынның нүктесін нақтылау болып табылар еді. Елордамызда 350 метрден тұратын қып-қысқа Мәшһүр Жүсіп атындағы көше бар. Астанада салынып жатқан үлкен жаңа көшелердің біріне ғұламаның есімін беру мойнымыздағы парызымыз болу керек деп санаймын. Тәуелсіздігіміздің арқасында Бұқар жырау мен Мәшһүр Жүсіп және Мұса Шорманұлы кесенелері зәулім боп бой көтерді. Алайда, «Көмекей әулие» Бұқар жырау мен «Көріпкел әулие» Мәшһүр Жүсіптің арасындағы осы үш кесенені қосатын небары 30 шақырым жолдың осы уақытқа дейін қосылмай жатқандығы көңілге қаяу түсіреді. Бұл 30 км жолдың бойында 10 километр сайын арасын салып, Қазақтың Қанышының кіндік қаны тамған жері, келесі жылы 125 жылдығы тойланатын алғашқы академиктің әкесі Имантай мен анасы Әлиманың мазары, «Алтын адамды» тапқан атақты археолог-ғалым, 100 жылдығы тойланатын Кемел Ақышевтің де туған жері туристік маршрутқа сұранып тұр емес пе?! – деді Алтынбек Нухұлы. Мәшһүртанушылар кездесуінің айшықты сәті – «Мәшһүр жол» аудиокітабы мен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының таңдаулы шығармаларының 10 томдығының тұсаукесері болды. Мерейтой аясында «Көне ғасыр күмбірі» атты республикалық жыршы-термешілердің байқауы өтті. Оған Павлодар, Қостанай, Ақтөбе, Түркістан, Астана, Қызылорда аймақтарының 10 өнерпазы қатысты. Байқау қорытындысы бойынша үшінші орынды және ақшалай 200 мың теңгелік сертификатты Успен ауданынан келген Ербақ Құрметжан, Павлодар облысы атынан шыққан Бөкен Жігер, Қостанай облысының намысын қорғаған Әбдірахман Алпысов иеленді. Екінші орын мен 300 мың теңгелік сертификат павлодарлық Абылайхан Бектасов пен Астана қаласынан келген Күнсұлу Түрікпенге бұйырды. Бас жүлде және 700 мың теңгелік ақшалай сыйлықты Түркістан облысының намысын қорғаған Еділ Жораев жеңіп алды. Сонымен қатар, республикалық айтыста үшінші орын мен 500 мың теңгелік сертификатты Рауан Қайдаров және Мәрес Байрон, екінші орын мен 700 мың теңгелік сыйақыны қызылордалық Нұрмат Мансұров еншіледі. Бірінші орын мен 1 миллион теңгелік ақшалай сыйлықты қарағандылық Дидар Қамиев алды. Бас жүлдеге екі айтыскер лайықты деген шешім қабылданды. Олар – Аспанбек Шұғатаев пен Бекарыс Шойбек. Бұл күні ұлттық спорт түрлерінен де жарыс ұйымдастырылды. Спорттық ойындардың жүлде қоры 13 миллионнан астам теңгені және екі автокөлікті құрады. Бұл күні Иса Байзақов атын-дағы облыстық филармонияның әртістері мен облыс қалалары мен аудандарының шығармашылық ұжымдары көрермендерді өз өнер-лерімен қуантты. Сахнада қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Роза Әлқожа өнер көрсетіп, «Баянауыл» әнінің тұсауы кесілді. Бұдан бөлек, еліміздің барлық өңірінен жиналған шеберлердің қатысуымен қолөнершілер жәрмеңкесі өтті. Әулиенің кесенесінен төме-ніректе 100-ден астам киіз үй бой көтерген этноауылға 20 мыңдай адам ат басын бұрды. Тағы бір атап өтерлігі, баба кесенесіне апаратын сол төбенің айналасына асфальт жол төселіпті. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да ыңғайлы жағдай жасалған. Жауынға қарамастан жиналған қауым мерекелік бағдарламаны тік тұрып тамашалады. Ауа райы бұзылса да, ел тұрғындарының көңіл-күйі бұзылмасын деген ниетпен қасиетті жерден үйімізге қайттық.
Оралхан ҚОЖАНОВ
Баянауыл ауданы.
Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.