Кеше Естай атындағы мәдениет сарайының алаңында Республика күніне орай мерекелік концерт өтті. Оған облыс әкімі Асайын Байханов қатысты. Бұл күні облыс бойынша барлығы 450-ден астам шара ұйымдастырылды.

Аталмыш шарада жергілікті өнерпаздар Отан, туған жер тақырыбында ән шырқап, қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше көңіл-күй сыйлады. Кештің тізгінін елімізге белгілі әнші Гүлнұр Оразымбетова және тележүргізуші Ғалымжан Кеңшілік ұстады. Мерекелік бағдарлама аясында облыстық музейлердің бастамасымен суретшілердің қылқаламынан туған туындылар, фотосуреттер, еліміздің тарихына қатысты құжаттар және қолөнершілердің бұйымдары көрермендер назарына ұсынды. Кештің қонағы әнші Айқын Төлепберген мен Гүлнұр Оразымбетова жиналған қауымға өздерінің ән қоржынындағы белгілі әндерін шырқады. Концерттен ерекше әсер алған көрермендердің бірі Әсем Жасқайратова бұл мерекенің мән-маңызы зор дейді.

— Елімізде әр ай сайын түрлі мерекелер аталып өтіледі. Алайда Республика күнінің әр азамат үшін рөлі ерекше. Өйткені, бұл күні Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданды. Сондықтан атаулы күннің маңызын, әсіресе өскелең ұрпақтың бойына сіңіру қажет. Бұл күннің құндылығын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыру – біздің парыз, — дейді ол. Айта кетейік, жалпы облыстың барлық қала, аудан, ауылдарында мереке жоғары деңгейде өткізіліп, түрлі мерекелік концерттер, спорт сайыстары, флешмоб ұйымдастырылды.

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суретті түсірген – Есенжол Исабек.