Наурыз дәстүрлерін дәріптеді

Нау 20, 2025

Г.Н.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Наурыз дәстүрлері» және «Ұлттық киім – ұлт бейнесі» атты фольклорлық-этнографиялық кеш өткізілді. Наурыз мейрамының келуіне орай, ұлттық киім киген жас сазгерлер әртүрлі аспапта ән шырқап, өнерлерін паш етті. Сондай-ақ, ұлттық киімдердің тарихы жайлы сөз етілді.

Аталмыш шараның мақсаты – жастарды қазақ халқының мәдени дәстүрлерімен және мұрасымен фольклорлық көріністер, этногра-фиялық сабақтар арқылы таныс-тырып, насихаттау.

Музейдің экскурсиялық-көпшілікпен жұмыс бөлімінің жетекшісі Мирас Сағындықтың айтуынша, ұлттық құндылықтарды тек Наурыз мейрамы қарсаңында ғана дәріптемей, күнделікті өмірде де халқымыздың құндылыққа бай тарихын есте сақтап, қастерлегені дұрыс. Бұл жиында ұлт бейнесін сипаттайтын ұлттық киімдердің үлгісі, дәстүрлі аспаптардың ерекшелігіне баса мән берілді. Ансамбльдің жас сазгерлері қазақ аспаптарын жетік меңгеріп, түрлі байқауларда жүлделі орындарға ие. Солардың бірі – Хәкім Нұржан.

– Музыкамен айналысқаныма жеті жыл болды. Бірнеше рет республикалық деңгейдегі сайыстардың 2-3-дәрежелі лауреаты болдым. Әулетімізбен музыкаға әуеспіз. Туған әпкем Алматы қаласында вокалдан сабақ береді. Өзім де оның артынан еріп, домбыра аспабына деген қызығушылығым туды. Әлем бойынша музыка саласы қарқынды дамып келе жатыр, мүмкіншіліктер мол. Сол себепті болашақта өнер жолымды жалғастырғым келеді, – дейді 7-сынып оқушысы Хәкім Нұржан.

Бүгінде қазақ табиғатының сұлулығын сипаттайтын ұлттық киім мен киелі аспаптары өзге ұлт өкілдерін тәнті етуде.

Салтанат ҒАББАС.