Бүгінде қазақтың қара домбырасына қызығушылық білдіріп, оны толықтай меңгеремін деген тілек білдірушілер саны артып келеді. Ал аймағымызда тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінің бұл аспапты меңгеруіне ниет еткендері, әрине көңіл қуантады. Солардың бірі – халық қалаулысы Николай Дычко. Ол өзге ұлт өкілі болса да, домбырада күй тартып, қазақ халқының бай мұрасын танып-білуге зор ынта танытып жүр.
Облыстық мәслихат депутаты Николай Васильевич домбыраға деген қызығушылығы жастық шақтан пайда болғанын айтады. Дегенмен ұлттық аспапты меңгеруді осыдан 10 жылға жуық уақыт бұрын бастаған. Бүгінде қазақтың бірнеше күйін домбырада тәп-тәуір тартып жүр.
— Әскери міндетімді өтеген екі жыл ішінде балалық шағым мен жастық шағымның куәсі болған, сағынышымды маздата түскен жусанды даланы сағындым. Сахалин аралынан әскери қызметтен қайтар жолда пароммен, ұшақпен, пойызбен Екібастұз қаласына жеттім. Қайтар жолда домбырадағы күмбірлі күйді естігенде бойыма қан жүгіріп, ерекше әсерге бөлендім. Содан бері қазақ күйлеріне құрметпен қарайтын болдым. Қазір күйші Құрманғазының, Дәулеткерейдің, сондай-ақ қазіргі заманның композиторлары Е.Үсенов, С.Тұрысбековтің күйлерін жиі тыңдаймын. Қос ішекті домбыраның күмбірі жанымды нұрға бөлейді, — деп алға тартады Н.Дычко.
Оның айтуынша, домбыра тарту — оңай шаруа емес. Саусақтың икемі, қағыстардың түр-түрі, әр күйдің мінезі мен мазмұнын түсіну – мұның бәрі зор еңбек пен терең ізденісті қажет етеді. Бірақ ол ештеңеден қаймықпағанын айтады. Бүгінде сенбі-жексенбі және жұмыс күндері екі рет, сағат тоғыздан онға дейін қазақтың қос ішекті аспабын шертуге уақыт табатынын айтады.
— Домбыраны толықтай меңгердім деп айта алмаймын. Алайда ұлттық аспапты кеңінен насихаттау мақсатында өз күшімді сынап көрдім. Қазақтың ұлттық аспабын шерту қызықты әрі адамды бірден баурап алады, — дейді ол.
Бұдан бөлек, ол «Ана тілі» орталығының жетекшісі Шолпан Кинжикованың көмегімен мемлекеттік тілде диктант жазуды үйреніп жүргеніне біраз уақыт өткенін атап өтті.
— Қазақ тілінде сөйлеу – әрқашан назарымда. Жиындарда қазақ тілінде амандасып, баяндаманы мемлекеттік тілде бастауды әдетке айналдырғанмын. Ресми жиындарда, халықпен есептік кездесулерде, қазақ тілді орталарда қазақша сөйлеу керек болса тартынып қалмаймын, — дейді ол.
Домбыра – қазақ халқының рухани қазынасы. Оған өзге ұлт өкілдерінің қызығушылық танытып, үйренуі ұлттық өнердің өміршеңдігін көрсетеді.
Айдана БОРАНБАЕВА.