Сезімтал, жүрегі кең ақын Ханбибі кейіпкер махаббат құдіретіне бас иіп, қызғаныш сезімін қамай салып, сол мезетте сүйгенінің бақытты болғанын қалады. Пәк сезіммен жазылған әннің астарында махаббат, қызғаныш, әзіл-күлкі секілді түрлі эмоция жатқанын байқауға болады. Көпшілікке белгілі «Нурикамал» әнін сіз де естіп, тарихынан хабардар боларсыз? Өткен жылы әннің шығу тарихына қатысты фильм жарық көрсе, жуырда алматылық «Назар» театры қойылым ретінде павлодарлықтардың назарына ұсынды.
Құрылғанына 2 жылдай ғана уақыт болған алматылық «Назар» театры біздің өңірге біркүндік гастрольдік сапармен келді. Алдымен өнер ұжымы күндізгі уақытта балаларға арналған «Қырсық пен көжек» ертегісін қойса, кешкі уақытта көпшілікке таныс «Нурикамал» музыкалық-поэтикалық драмасын сахналады. Қойылымда Тұрдықылыш Ізтаевты –
Нұржан Әбіласан, Ханбибіні – Мөлдір Зікірбай, Нурикамалды – Әнел Оспанжан, Қуатты – Диас Мырзахмет, Мейіржанды – Олжас Сақ және Сайлаугүлді Дариға Зарқын сомдады. Қойылымның режиссері – Сафуан Рысбайұлы.
«Назар» театрының директоры Сәбит Әбдіхалықовтың айтуынша, театр өзінің шымылдығын осы «Нурикамал» қойылымымен ашқан. Бүгінде өнер ордасында 10-ға жуық актер еңбек етеді.
Барша қазаққа танымал «Нурикамал» әнінің шығу тарихын баяндайтын бұл спектакль өмірде болған оқиға желісінде жазылған. Оқиға желісі бойынша композитор Тұрдықылыш Ізтаев 1988 жылы шығар-машылық тоқырауға ұшырайды. Композитордың сүйікті жұмысы, отбасы болады. Бірақ ол тарихта қалатын ән жазуды армандайды. Күйеуіне қолдау білдіруге тырысқан Ханбибі Есенқарақызы табиғат аясына отбасылық серуенге шақырады. Дәл осы демалыста композитор Ақмоладан келген Нурикамалға ғашық болып қалады. Сазгер асқақ сезімін музыкалық шығарманың арқауына айналдыруға тырысады. Бір қызығы, жан-жары Ханбибі әнге жетпей тұрған өлең сөздерін өзі жазып береді. Нәтижесінде, қазақ ән әлеміне жауһар туынды келіп қосылады.
Қойылым соңында жас театрдың мүшелеріне көпшілік ұзақ қол шапалақтап, қошемет көрсетті. Әсіресе, «Нурикамал» әні орындалған кезде көрерменнің көңілі босап, көздеріне жас алды.
Айта кетейік, «Нурикамал» әнін алғаш рет Құрман Шойынбеков есімді әнші орындаған. Уақыт өте келе ақын Фариза Оңғарсынованың сұрауымен Кенжеғали Мыржықбаев шырқап жүрді. Қазір бұл ән халыққа Жұбаныш Жексеннің орында-уында танымал.
Айжан ЛЕСПЕК, көрермен:
— Біріншіден, аурасы жақсы қойылым болды. Еркіндік, шынайылық сезіледі. Екіншіден, актерлер рольге жақсы таңдалған, әркім өз рөлінде жақсы ойнап шықты, еркін ойнайды. Үшіншіден, әзіл-қалжыңы да қарапайым, жарасымды. Әр актер өз орнында көрінді. Әрбір сөз, әрбір деталь, мұңды сәттер, толқытқан сәттер орынды қойылған.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.