С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың «Айна» галереясында «Өзеннің ғажайып түстері — 2024. Қазақстан – Үндістан» атты акварель жұмыстарының көрмесі ашылды. Онда «Немалевичи» акварель шеберханасы және Курукшетра университетінің профессоры Рам Виранжанның акварельді суреттері назарға ұсынылды. Көрменің ашылуына Үндістанның Қазақстандағы елшілігі жанындағы Свами Вивекананда атындағы мәдени орталықтың бірінші хатшысы Санжай Веди қатысты.
Аталмыш көрмеге суреттері қойылған үнділік суретші Рам Виранжа Қазақстанға қоныс аударып, бірнеше ай тұрады. Осы уақытта оған еліміздің қыс мезгілі ерекше ұнап, одан шабыттанып, түрлі бояумен картиналар салады.
— Қазақстанда бірнеше ай тұрдым. Бұл елдің табиғаты, көрікті жерлері көз тартарлық. Әсіресе, қыс мезгілі қатты ұнады. Сондықтан әрбір сәтті фотоаппаратқа түсіріп алатынмын. Кейін картина ретінде салып шықтым, — дейді қылқалам шебері Рам Виранжа.
Суретші 50 жылдан астам бейнелеу өнерімен айналысып келеді. 2018 жылы Павлодар университетінде ректордың халықаралық интернационалдандыру жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарған. Оның суреттерінен Ақсу қаласы және өңірдің басқа да ауылдық аймақтарындағы қысқы мезгілді суреттеген картиналарын көруге болады. Олардың көпшілігін автор акварельді техникамен қағазға түсірген.
«Немалевичи» акварель шеберханасының жетекшісі Светлана Кравченконың айтуынша, шеберхананың суретшілері көптен бері екі елдің арасындағы рухани байланысты нығайту мақсатында көрме ашуды жоспарлаған.
– Кәсіби суретші Рам Виранжаның картиналары көпшілігімізге етене таныс. Оның суреттерінен өңіріміздің қыс мезгіліндегі тыныс-тіршілігін, табиғатын, көрікті жерлерін көруге болады. Ал біздің «Немалевичи» шеберханасының мұғалімдері — кәсіби суретшілер емес. Дегенмен туындылардан Үндістан мен Қазақстанның тарихы мен мәдениетін байланыстырып көрме ұйымдастырсақ деген ойға келдік. Сөйтіп, осы мақсатта шеберхананың суретшілері үнді еліне қатысты бірқатар суретті тауып, көрікті жерлерін салды. Ал профессор Рам Виранжа өзінің туындыларында елді мекендердің қысқы мезгілдегі пейзаждарын бейнеледі, – деді С.Кравченко.
Жергілікті суретшілер аталмыш тақырыппен осы жылдың маусым айында Астана қаласында көрмелерін ашқан. Ол жерде 90 жұмыс қойылса, осы көрмеде 62 картина ұсынылған.
— Үндістан елінің мәдениетін, табиғатын, атмосферасын жеткізе алған жергілікті суретшілерге алғысым шексіз. Себебі, түрлі түсті картиналарға қарап, өзімді үйімде жүргендей сезінемін, – дейді көрмені тамашалаған қылқалам шебері Санжай Веди.
Көрмедегі 25 суретшінің жұмыстарынан Қазақстанға тән қатал қысын, сондай-ақ, Үндістанның жайсаң жазы мен көрікті ғимараттарын, түрлі жануарды байқауға болады.
Шеберхананың мүшесі Мария Плехова көп жылдан бері медицина саласында еңбек етеді. Дегенмен бос уақытында сурет салумен айналысады.
— Бос уақытымда сурет салғанды жақсы көремін. Бұл — мен қатысып отырған алтыншы көрмем. Осы көрмеде үнді еліндегі пілдер жанұясын салдым. Өйткені, теледидарда қарап отырғанда, кішкентай бала пілге жем беріп отырған сәтін көріп, сурет салуға деген шабытым оянды. Сондай-ақ, ол елде піл қасиетті жануар болып саналады,– дейді М.Плехова.
Көрменің ашылуына Үндістанның Қазақстандағы елшілігі жанындағы Свами Вивекананда атындағы мәдени орталықтың директоры Санжай Веди мырза қатысып, «Немалевичи» шеберханасының суретшілеріне көрмеге қатысқаны үшін сертификаттар табыстады. Светлана Кравченко облыстық кітапхананың үнді бұрышына сыйлық ретінде Рам Виранжанның салған картинасын табыстады.
Айта кетейік, көрмені желтоқсанның 4-іне дейін тамашалауға болады.
Айдана Боранбаева.