Домбыра − өзіндік музыкалық сипаты бар, қазақ өмірінде маңызды орын алатын аспап. Бір деректе үш мың, ал бір дерек көздерінде бес мың жылдық тарихы бар деп көрсетіледі. Көнекөз домбыра әрбір Алаш азаматы үшін қадірлі де киелі. Мәселен, Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейінің қорында бүгінде аймағымыздың белгілі тұлғалары қолданған 20-дан аса домбыра сақталған. Олардың тарихы ХХ ғасырдан бастау алады.

 

Музей қорындағы құнды домбыралардың бірі – Қазақстанның халық жазушысы Мұзафар Әлімбаевтың ұлттық аспабы. Орталықтың басшысы Ербол Қайыровтың айтуынша, бұл түймелі домбыраны 2018 жылы Алматы қаласындағы іссапар барысында жазушының жары Шапау Сүлейменовадан сұрап алған.

– Мұзафар Әлімбаевтың үш домбырасы болған. Солардың бірін жазушының жұбайы Шапау апамыздан арнайы барып алдық. Қаламгердің шаңырағының төрінде осы және бала, қырғыз домбырасы ілініп тұрған. Ақын шабыты келіп, өлең шығаратын кезде үнемі қолына домбырасын алған. Көрмеге алғаш рет 2018 жылы қойылды. Жасаушы шебері белгісіз, – дейді Е.Қайыров.

Мұзафар Әлімбаевтың домбырасынан бөлек, осы жылдың басында табылып, таныстырылымы өткен ақын, әнші-сазгер Иса Байзақов қолданған аспапты ерекше атап өтуге болады. Бір ғасырға жуық тарихы бар жәдігер келесі жылы сала мамандарының қатысуымен ақынның 125 жылдығына орай қайта қалпына келтіріледі.

– Алғашқы домбыра Шымкент қаласының музейінде, екіншісі ақын Қалижан Бекқожиннің қолында болған. Кейін белгісіз себептерге байланысты жоғалып кеткен. Ескі аспап «Тұмар домбыра» немесе «Қалақ домбыра» үлгісінде жасалған. Ішегі, тиегі сақталмаған. Домбыраның табылуына Ертіс аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Гүлдана Сәрсенбинова мен Иса ақынның немере қарындасы Күләш Әбиеваның үлесі зор, –
дейді Ербол Қайыров.

Иса ақын 1942 жылы Павлодарға келіп, аудандарды соңғы рет аралайды. Ертіс ауданына ат басын тірегенде осы елді мекеннің азаматы Мүфти Ахметовпен бірнеше өнерпазды жанына ертіп, елді аралайды. Кейін сапар соңында ақын Мүфти Ахметовтің өнеріне риза болып, өзінің домбырасын тарту еткен.

– Елде Исаның домбырасы бар екенін осыдан білемін. Содан сол домбыраны көп іздедім. Мүфтидің жолдасы ма екен, балалары ма екен домбыраны Ертістегі музейге тапсырыпты. Бірақ домбыраның тарихын жазып, белгілеп бермеген. Музейде де ешкім құнттамаған. Міне, лайықты орнын тауып, Бұқар жырау музейіне қойылғанына қуаныштымын, – деп тілге тиек етеді Иса ақынның немере қарындасы К.Әбиева.

Музей қорында, сондай-ақ, ақын Қабдыкәрім Ыдырысовтың домбырасы сақталған. Ұлттық аспапты қаламгердің жары Бәтіш Ыдырысова 1992 жылы музейге тапсырған. Ақын бұл аспаппен кезінде қазақтың көрнекті әншісі Естай Беркімбайұлының алдында ән шырқаған делінеді. Ал Қазақстанның халық әртісі Кәукен Кенжетаевтың домбырасы әншінің баритон дауысына арнайы жасалған. Оны музей басшылығы  2008 жылы Алматы қаласында тұратын қызы Баян Кәукенқызы арқылы алдыртқан.

Одан бөлек, мұндай құнды жәдігерлердің қатарында кезінде қазақ аспаптарының атасы Қамар Қасымов жасап сыйға тартқан Нұфтолла Шәкеновтің, Иса Байзақовтың, Мейрам Асылғазиннің, Жабай Тоғындықовтың, Дихан Әбілов пен Байғабыл Жылқыбаевтың домбыраларын да көруге
болады.

Олардың арасында шығу дерегі беймәлім көне домбыра да бар. Аспаптың пішіні Моңғолияның Алтай тауларындағы үңгір тастан табылған көне аспапқа келеді. Үңгірден табылған домбыра бесінші ғасырға тиесілі. Оның мойнында руна жазбасынан аударғанда «Жұпар күй әуені бізді сүйіспеншілікке бөлейді» деген жазу бар.

– Осы сөздердің өзіне қарап отырып, домбыраның қанша жылдық тарихы бар екенін көруге болады. Домбыра – қазақтың салт-дәстүрлерін, тарихын сақтап, бізге жеткізіп отырған ұлы аспаптардың бірі, – дейді музей басшысы.

«Білгің келсе біздің жайды, содан сұра тек қана, Одан асқан жоқ шежіре, одан асқан жоқ дана» демекші, бұл домбыралардың  әрқайсысы – өз алдына тұнып тұрған шежіре. Сондықтан музей қызмет-керлері мұндай киелі әр экспонатты қадірлеп ұстап, қастерлеп келеді.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.