Түсіме Абай енді. Абай «мен кіммін?» деген сұрақ берген сияқты және оған жауапты Ғарифолла береді ғой деген сықылды болды. Сөйтіп жатып оянып кеттім. Шынында, Абай деген кім? Өзекті сұрақ. Жұрт назарына іліккен Тұлға туралы аңыз-әңгіме көбейіп, аңызы қайсы, шындығы қайсы, араласып кететіні бар. Абайдың кім екенін толық баяндап, жазып берген — Мұхтар Омарханұлы Әуезов. «Абай жолы» — даусыз, классикалық-көркем шығарма. Абай өмірі мен шығармалары хақында айтылған, жазылған шын сөздер жеткілікті. Сонымен бірге қауесеттер де қалар емес. Абайды білетін, түсінетіндер мен оған дәрмені жетпейтіндер қағаз шимайлап, тіптен, «кітаптар» шығарып әуреленіп жүр.

Мұхтар Әуезов бүкіл әлемге Абай есімін әйгіледі. Мұхтар Әуезов Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы үш рет көлемді-көлемді зерттеу жазған. Абайға орнатылған ескерткіштер хақында сөз айтсам, ақынды шал етіп көрсету дәстүрге айналды. Бұл – теріс тәжірибе. Ол небары 59 жас ғұмыр кешкен. «Абай жолының» төрт кітабында жазушы Абай портретін мейлінше толық берген, мәселе мүсіншілердің көбі романды байыптап оқымаған. «Кемеңгер Мұхтар» кітабында «Абайдың портретін» теріп жаздым. Аққулы ауданында Абайдың мүсінін орнаттым. Содан «Абай күні» мейрамға айналды. «Ғұлама-наме» трилогиясында Абайды, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов-термен қоса баяндадым, сөзім толық болғанға ұқсайды. «Ғұлама-наме» – энциклопедия. Ол әрбір зиялы қауымның үйінде орын алатын кітап. «Абай жолы» романы оқуға және түсінуге қиын болғандықтан, «Кемеңгер Мұхтар» кітабын жаздым. «Кемеңгер Мұхтар» кітабымен танысқан Қасым-Жомарт Кемелұлынан хат алдым.

 

* * *

«Абай кім»?» дегенге бірінші жауап: ол – мұсылман. Мұсылман қазақ елінің ақыны, ойшылы. Мұсылмандықтың мәнісін Дулат ақын айқындап берген. Ол: «Орыс деген атыңнан, теріс жазған хатыңнан» – дейді. Жазуы теріс болса, ол мұсылман емес. Жазуы терістің – ойы да теріс. Әріп танымайтын сәбидің қолына қалам берсең, ол оңнан солға қарай «жазады». Баланың табиғатына қиянат жасап, біз оны солдан оңға қарай жазғызамыз. Біз баланы теріс ойлауға саламыз. Қазіргі оқу жүйеміз де теріс. Теріс ойлау, идеология, саясат, дағды, өмір сүру қалпы болып кеткен. Хакім Абай оңнан солға жазу жүйесінде болған, оның ойы – оң. Бұл – мұсылмандық дәстүр. Шәкәрім өзінің «Үш анық» еңбегінде «Ең алғашқы білім – Алланың білімі» дейді. Алланың білімі – тәжірибеге дейінгі білім. Философияда мұндай білімді априори дейді. Хакім Абай өзінің мұсылман екенін өлеңдерінде үнемі қайталап айтып отырған. Ол: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешуақытта жалған болмас» – дейді. Алла Тағаланың растығын мойындау – исламның негізгі қағидасы. Сондықтан Абай шығармашылығынан, мұсылмандық дүниетанымнан өзге «ілімдер» іздеу – мүлдем қате. Кейбір абайтанушы ғалымдар Абай толық адам ілімін қалыптастырды дейді. Абай ілім жасаушы ойшыл емес, оның мойындайтын бір ғана ілімі бар. Ол – ислам. Ақын айтады:

«Әуелі аят, хадис — сөздің басы,

Қосарлы бәйітсымал  келді арасы.

Қисынымен қызықты болмаса сөз,

Неге айтсын Пайғамбар мен  оны Алласы».

Хакім Абай Қырық бесінші қара сөзінде Алланың ең алғашқы білімі туралы былай дейді: «Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп». 1453 жылы Осман империясы Константинопольді басып алды. Бұл христиан әлеміне ауыр соққы болды. Еуропада Жаңа заман басталды. Ол арабтарға, түріктерге қарсы бағытталған заман. Схоластар мұсылмандық дүние-танымды еуропаландырумен айналысты. Әл-Фарабиді Аристотельден кейінгі екінші ұстаз дейді. Аристотель Әл-Фарабидің бірінші ұстазы болуы мүмкін емес. Әл-Фарабидің бірінші ұстазы – Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с). Әл-Фараби – мұсылман. Оның ұстазы да мұсылман болуы керек. Ислам дінін таратушы – Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с). Уағыз айтатын жерді кафедра, мінбер дедік. Мінбер кейін универге айналды. Алла туралы білімді айтушы – Пайғамбар. Пайғамбар жолындағы ғалым – екінші ұстаз. Біз еуропалық Жаңа заманға сыни көзқараста болуымыз керек.

* * *

«Абай кім?» дегенде, Абайды «Ұлы» деп жаңсақ пікір айтамыз. Абай – пенде. Пенде ұлы болмайды. Абай мұсылман болғандықтан, Алланың құлы. Алланың құлын ұлы деу – күнәлі іс. Мысалы, Қожа Ахмет Ясауи өзін Құл Қожа Ахмет Ясауи деп атап кеткен. Құдайдың құлы болу – дәреже. Бұл сана Абай сенімінде бала кезінде қалып- тасқан. Ол: «Физули, Шамси, Сайхали, Науаи, Сағди, Фирдоуси, Қожа Хафиз – бұ һәммәси. Медет бер я шағири фәрият». Бұлардың бәрі – мұсылман ойшылдар. Ұлы – Жаратушымыздың эпитеті. Ұлы деген – абсолют. Абсолюттің бір-ақ мәні бар, ол – абсолют. Алланы бір дейміз, оның теңдесі жоқ. Ол туылмаған, тумаған. Біз болсақ, ұлы дегенді оңды, солды қолдана береміз. Мысалы, Ұлыбритания дейміз. Бұл мемлекет несімен ұлы? Ұлыбритания дегеннің орнына «Әйгілібритания», «Атақтыбритания» десек те болғаны. Ұлы дала деу де — теріс ұғым. Дала – Жаратушының жаратқаны. Жаратушының жаратқанымен Жаратушы тең болмайды. Бірде қазіргі Абай облысы, Абай ауданына барсам, «Ұлылардың мекені» деп жазып қойыпты. Мен аудан басшыларына айттым:

– Сіздер, қате жазыпсыздар, «Ұлылардың мекені» демей, Құдайлардың мекені деп жазуларыңыз керек еді дедім. Олар астахфирулла деп, жағаларын ұстағандай болды. Мен оларға ұлы деген Жаратушының эпитеті екенін түсіндіруге тырыстым. Біреулер айтады, Абайды ұлы деп айтқанда тұрған не бар, оған үйреніп кеттік қой деп… Мен айтамын: – Сіздер, Абайды ұлы дегенде Алланың сөзімен адамның сөзін араластырып аласыздар, Алла Тағалаға тиісті сөз бар, Абай айтқан: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» – деп. Ал адамдардың сөзі, көбінесе, рас болып шықпайды. Адам – мінді, Алла – мінсіз.

 

* * *

«Абай кім?» дегенде, Абай – ағартушы деген түсінік кеңес заманында қалыптасып, әлі өшпей келеді. Коммунистер Абайдың ойшылдығын, діншілдігін мойындамай, оны ағартушы деп жар салған. Сол теріс дәстүр әлі сіңірін созып, өшпей тұр. Абай – ағартушы емес, ол – ойшыл, хакім. Батыс Еуропада қалыптасқан ағартушылық идея, анығында, атеизмнің негізі болды. Батыс Еуропада секуляризм күшіне енгенде, діннің орнына мораль деген түсінік қалыптасты. Мораль дегеніміз – Құдай жолынан кеткен ағартушылардың ұғымы. Батыс Еуропа ағартушылары, орыс ағартушылары және осы ағартушылық идеяларды қазақ жеріне таратушылар, негізінен, құдайсыздар болған. Сондықтан Абайды мұндай мәдени-саяси кеңістікке салуға болмайды.

 

* * *

«Абай кім?» дегенде, оны «гуманист» деп түсіндіретін «абайтанушылар» бар. Гуманистік мәдени-саяси сана Еуропадан өсіп шықты. Олар да ағартушылар сияқты дінсіздер болатын. Ақыр-соңында ағартушы, гуманистік идеялардан социалистер, коммунистер қалыптасты. Хакім Абай адамшылық деген ұғым қалыптастырған, яғни ол адамның қасиеттерін айтқан. Адамның үш қасиеті болады деген. Олар: жылы жүрек, ыстық қайрат, нұрлы ақыл. Осы ойлар Абайдың шығармаларында өне бойы әр жағдайға байланысты, айтылып, баяндалып, таратылып отырады. Осыдан кейбір абайтанушылар Абай толық адам ілімін жасады деген қорытындыға келген. Бұл – сау ақыл қабылдамайтын түсінік. Себебі Абай ілім жасаушы емес, ол: «Қайғы шығар ілімнен» – деген. Ілім жасаушылар – социалистер, коммунистер. Абай, Шәкәрім шығармаларынан, Алаш азаматтарының сөздерінен «адамгершілік» дегенді кездестірмейсіз. Олар адамшылық туралы айтады. Адамды сүюді Абай өзгеше түсіндірген: «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті» дейді. Абайдың адамшылығы осы. Махаббатпен емес, махаббатымен жаратқан адамзатты. Алланы сүю — міндетің. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп». Адамзаттың барлығын Алла Тағала жаратса, бәрін бауырым деп сүюің керек. «Және хақ жолы осы деп әділетті». Үш сүю: Алланы сүю, адамзатты бауырым деп сүю, хақ жолы – әділетті сүю. Үш сүю – имани гүл.

 

* * *

«Абай кім?» дегенде, кеңестік заманда және одан бергіде ескі ойлау дәстүрін сақтаушылар «философ» деп жазады. «Абайдың философиялық ойлары» деген мақалалар көп. Тіптен біреулер Абайдың философиялық көзқарасы деген кітап шығарыпты. Бұл – теріс тәжірибе. Хакім Абай философияны, философтарды білген, бірақ филосо- фиялық идеяларды қабылдамаған. Ол туралы «Абай жолы» романында мынадай дерек бар. Бірде ақиқат философия туралы сөз болғанда Абай хақиқат туралы сөзімді өрбітіп былай дейді:

– «Әрине, «хақиқат» әртүрлі. Ислам діні өз хақиқатын бар мұсылман айтатын «иман» ішінде келтіреді… Өзгені қояйық. Жақында мен қарастырып өткен бір философтың Құранмен бақас жасаған біраз сөздерін ғана сіздерге баян етейін… (37-38 б.б.).

– …Сол философ айтады: «Ал біз иланайық, яғни Құран жаратушы иенің бір ғана соңғы пайғамбарына өзі айтып берген сөзі болсын. Солай болғандықтан, бұл адам баласының көп ойшылдары, ғалымдары айтқан сөздердің барлығынан да дұрысырақ, тереңірек болса керек. Ғылымның ғылымы, шындықтың шыны, ойшылдықтың ең жоғарғы өрі осында болса керек еді, ал бірақ осылай болмай тұрғаны несі?» – дейді жаңағы философ. (38 б.) Абай сөзін әрі қарай жалғас-тырайық: «Бұл философ айтқандай, өзіміз осы күнде иланбайтын бақсы-құшнаштың сандырағына иланғандықты көрсетеді емес пе? Міне, «хақиқат» деп жүргеніміздің кейбірі бара-бара осылай ойлай берсек, сиырқұйымшақтанып барып, әлдене боп кеткені де бар!» деп күліп тоқтады. Жас достардың көбі Абаймен қоса күлді. Көкбай бұдан арыға шыдай алмай, тысқа қарай тартты… Кәкітай барынша ашық-жарқын жүзімен Абайға әлі де жабыса түсіп:

– Абай аға! Көкбай қашса, қашқандай екен! Мына философыңыз алқымнан алып тұр ғой өзі! Бұнысы жөн болғанда, неміз қалады, неғып жүрген боламыз осы? – деп еді. …

Абай Кәкітайдың қиналуын түсінді де:

– Көп философты оқысаң бұдан да үлкен, бұдан да ащы шындықтарға ұшырасасың. Бірақ одан, жоныңды көрсетіп Көкбайша қашпай, не дейтінін білуге тырыс. Ойға салып сына да, талғай бер! – деді». (39-40 б.б.). Абай философияны жоққа шыға-
рып отырған жоқ. Философтардың айтқанын біл, бірақ қабылдау үшін ойлан, сын көзбен қара дейді. Сын көзбен қарағанда, хақиқаттың мәні ашылмақ. Абай мұсылман болғандықтан, ол хақиқатты Хақ Тағала деп түсінген, яғни ол үшін ақиқат жалғыз, Алла – бір, Алла хақиқат. Православ дінінде пантеистік көзқарас. Құдай — әке, Құдай — бала, Әке — рух. Бұл – пантеизм. Абай Алла Тағаланы жалғыз хақиқат иесі деуі – монизм. Сондықтан Батыс Еуропада қалыптасқан тезис, антитезис, синтез және қайшылық, даму дегендерді Абай қабылдамаған. Хакім Абай мәңгілік өзгерісті мойындаған. Ол өсу, жетілу, жаңару, кемелдену деген өзгерістің сатыларын талдаған. Даму дегеніміз – Құдайсыз, яғни Алла Тағаласыз өзінен-өзі болатын өзгеріс. Дамудың ішкі себептері бар. Олардың Құдайға қатысы жоқ, табиғат өзімен-өзі. Бұл – баяғы Барух Спинозаның түсінігі.

 

* * *

«Абай кім?» дегенде, айтарым: ол – ақын, ойшыл, ғұлама, хакім. Абайды хакім деп өз заманында айтқан. Беріректе Мағжан Жұмабаев «Алтын хакім Абайға» деп өлең жазған.

«Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес,

Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес.»

Сөз құдіретін білетін Мағжан Жұмабаевтан асқан ақын бар ма? Ол Абай сөзінің мың жыл өтсе де дәмі кетпес деген. Мың жыл – он ғасыр. Мысалы, Әл-Фарабиден Абайға дейін 10 ғасыр. Сонда Әл-Фарабидің сөзі он ғасырдан бізге жетіп отыр. Сол сияқты хакім Абайдың сөзі де, он ғасырдан кейінгі ұрпаққа жетпек. Міне, бұл – Абайдың даналығы, ғұламалығы.

 

* * *

1995 жылы Абайдың 150 жылдығы болды. Мәкен деген апай: – Балам, радиодан, барлық жерден жақсы сөйлеп жүрсің, «Мекен берген, халық қылған Ол – Лә мәкан» деген Абайдың сөзін неге айтпайсың? – деді.

«Мекен берген, халық қылған

Ол — Лә мәкан,

Түп иесін көксемей бола ма екен?»

«Бұл туралы менің әкем сағаттап айтушы еді», деді. Әкесі – Әйгерімнен туған Абайдың Тұрағұл деген баласы. Келесі кездескенінде тағы айтты. Өлеңде берген түсініктемеде, Ол – Лә мәкан – «адресі жоқ жер» дегеннен басқа ештеңе жазылмаған. Әдебиеттерді қарастыра бастадым. Қолыма «1001 сұрақ» деген кітап түсті. Негізі аңыз-әңгіме. Бір билеу-
шінің қызы 1001 сұрағыма жауап беретін жігітке ғана тұрмысқа шығамын депті. Жауап бере алмағандардың бастарын шауып отырған. Күндердің күнінде бір жігіт келіп, 1001 сұраққа жауап беремін депті. Қызға жігіт ұнап, аяп, айтқан екен:

– Жігітім, қайта бер, босқа басыңнан айырыласың депті. Жігіт дегенінен қайтпайды.

Содан қыз жігітке:

– Қайдан келе жатсың? – дейді.

– Көрістаннан.

– Қайда бара жатсың?

– Ол – Лә мәканға.

Керек сөз шыға келді. Түсіндім. Біз Көрістанда жүреміз, ең соңында баратын жеріміз – Ол – Лә мәкан. Ол – Лә мәканда адамның ақылы мен жаны жиналады. Сол жақтан кейін, ақыл мен жан дене тауып, қайта Көрістанға оралады. Абай: «Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан, «Менікі» өлсе өлсін, оған бекі», дегені осы – Лә мәканға қатысты сөз. Жан тәннен ажыраған кезде баратын жері – ол Лә мәкан. Шәкәрім дүниеде не анық дегенде, бірінші анық – Алланың білімі деген. Алланың білімі талқылап, талдауды қажет етпейді. Оны қабылдап, түсіну керек. Екінші анық – жанның өлмейтіні. Жанның өлмейтінін Абай:

«Мекен берген, халық қылған

Ол — Лә мәкан,

Түп иесін көксемей

            бола ма екен?

Және оған қайтпақсың  Оны ойламай,

Өзге мақсат ақылға тола ма екен?»

Мақсаттың ең биігі – Ол Лә мәканға барып табысу.

Абай білімді Алланың алғашқы білімінен алған. Абайдың жазғандары өте мағыналы, қысқа. Бұл Құранның стиліне жақын дәстүр.

 

* * *

Ұстазым Қайым Мұхамедханұлы «поэзия талдағанда бір өлеңді не өлеңнің бір жолын ғана талдау керек», деп еді. Абайдың жеке-жеке жолдарын талқылай бастадым. Бұл – герменевтикалық талдау. Тамаша нәтиже берді. Бұл Құранның стиліне еліктеу. Құранның аяты бір жол. Артық сөз жоқ. Осы мәселе туралы Имам Ғазали терең ойлар айтқан. Дүние неге нөлде тұр? Таразы. Қандай өлшеуіштер бар? Әл-Ғаза-лидің айтқаны – сенім. Жұмекен Нәжімеденов: «Мен сенетіндерге сенемін» – дейді. Сенімге сену керек. Сенім – ақылдан биік. Абайдың сенімі – Алланың білімі. «Хакім Абай» кітабымды мамандар неге шетелде шығарды деп ойланамын. Еуропа тосын ойлауды іздейді. «Хакім Абайды» аударып, шығарғаны да сондықтан.

 

Ғарифолла Есім,

академик, философия ғылымдарының докторы, жазушы.