Он бірінші кітап

Ақп 27, 2025

Журналист-жазушы Юрий Дмитриевич Поминовтың «Просто жизнь» атты ХІ деректі-жылнама кітабы жарыққа шықты. Жуырда жинақтың тұсаукесері С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада автордың, әріптестері мен оқырманның, зиялы қауымның қатысуымен өтті.

25 жыл бойы Павлодар облыстық «Звезда Прииртышья» газетінің бас редакторы болып қызмет еткен Юрий Поминов өзінің хроникалық журналистік қысқа жазбаларын 1988 жылдан бастап жаза бастаған екен. Кейін шығармашылық әріптестерінің ақыл қосуымен жеке жинақ етіп бастыруды дәстүрге айналдырды.

Алғашқы кітабы «Хроники смутного времени» деген атаумен 2000 жылдардың басында жарыққа шықты. Ерекше стильмен жазылған кітапты оқырман қауым жылы қабылдады. Іле 2-3-інші кітаптары жарық көрді. Келе-келе кітаптың саны да ұлғайып, атауы да ауыса бастады. Мәселен, 1990 жылдардың шежіресіне байланысты қойылған «Хроника смутного времени» атауы кейінгі 2000 жылдарды сипаттауға сәйкес келмегені анық. Автор ендігі кітаптарын «Просто жизнь. Записки главного редактора» атауымен шығара бастады. Осыған дейін жарық көрген 10-кітап туралы айтқан сөзінде автор: — Осы жинақтан бастап кітаптың атауынан «бас редактор жазбалары» деген атауын алып тастадым, журналистік көзқарасыммен жаздым, — дейді. Ол кітапта 2014-2018 жылдар оқиғалары қамтылған.

Ал, жаңа 11-кітабында 2018-2022 жылдардың шежіресі тасқа басылған. «Қаңтар оқиғасы», әлемдегі геосаяси кикілжіңдер, тағы басқа елеулі оқиғалар туралы баяндалады.

— Бұл — хроникалық кітап. Ондағы кейбір пікірлермен келіспейтіндер де бар. Не десек те, диалог құрып, талқылауға болады, — деді Юрий Дмитриевич.

Кездесу барысында оқырмандар өз пікірлерін айтып, авторға әрі қарай да жемісті еңбек етуге тілектестік білдірді. Облыстық кітапхана ұжымы автордың барлық кітаптарынан құралған көрме ұйымдастырды.

Нұрбол Жайықбаев,

Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.