Бибіжар Симова — әйгілі қолөнерші, Қазақстанның қолөнершілер мен Суретшілер одағының мүшесі, доцент, «Хас шебер» атағының иесі. Кейіпкерімізге қолөнер кәсібі әжесінен дарып, өмірінен ерекше орын алған. Жас кезінен бастаған еңбегінің нәтижесінде ел көріп, біраз жетістікке жеткен.
— Бибіжар Иманбекқызы, тоқыма өнеріне қалай келдіңіз?
— Бала кезімнен Күлән апамның қасында жүріп, қазақтың ұршық иіру, бұйымдар тігу, алаша, бау, басқұр, киіз басу, түкті, тықыр кілем тоқу сияқты өнерлерін үйрендім. Мектепте айналысқан сүйікті ісімді университетте дамыттым. Қолөнермен айналысуды ешуақытта тоқтатқан емеспін. Өз киімімді өзім тігіп, бұйымдар тоқып, қазақтың киіз үйінің ішкі бөлшектерін жасаудың қыр-сырын студенттерге үйреттім. Университеттің тәжірибелік сабақтарында өз білгенімді қағаз бетіне түсіріп, үйретіп келдім. Кеңес уақытында бұл өнердің насихаты аз болса да, өзім үшін бойыма бар білгенімді сақтап жүрдім. Қазақтың ұлттық өнері еш уақытта өшпейтініне сеніп, түптің түбінде бір жетістікке жететініме сендім. Егемендік алғаннан кейін еліміздің түрлі аймағынан шыққан шеберлердің бастамасымен 2012 жылы Қазақстанның қолөнершілер одағы құрылды. Одақтың төрағасы Айжан Бекқұлованың арқасында Қазақстанның түкпір-түкпіріне, шет елдерге де танымал болдық. Олардың ішінде Индия, Вьетнам, Америка Құрама Штаттары бар. Басты жетістіктің бірі — 2017 жылы алған «Хас шебер» атағы. Байқауға бұдан да бөлек көп мадақтау бар. Бұл мадақтаулар болмаған күнде де, мен үшін бастысы — осы өнердің ұмытылмай, жастарға жетуі. Қолөнерді үйретіп жүргеніме өте қуаныштымын. Меніңше, өнер еш уақытта өлмейді.
— Бұл өнеріңіз жәй әуестіктен қалай кәсіпке айналып кетті?
Кішкентай кезімде, мектепте жүргенде қасымдағы қыздар киімді тігіп алатын. Ол кезде ешқандай тапсырыс қабылдау, ақша алу деген жоқ. Құрбыларым келсе де, сіңлілерім сұраса да, тігіп беріп жүрдім. Шұлық, шарф, қалпақ сияқты қарапайым бұйымдардан бастаған едім. Студент кезімде де осы өнерімді жалғастырдым. Ал мектепке жұмысқа келгенімде жан-жақтағы қыз балаларға мерекеге байланысты киім тігіп беріп отырдым. Мұғалімдер де әр түрлі жемпірлерге, ангор орамалдарға тапсырыс берген, оған да сұраныс, қызығушылық мол болды. Осылайша, мен сүйікті ісім арқылы алғашқы табысымды таптым. Жинаған ақшама тұрмыс құрғанымда киімге арналған шифоньер, кішкентай мұздатқыш алдым. Қазақтың «Он саусағың қимылдаса, аузың қимылдайды» деген сөзін апам жиі айтушы еді, ол рас екен. Әрекет етіп, өзімнің тұрмысымды жөндедім. Бүгінге дейін аяғыма киетін шұлықтан бастап, отбасы мүшелерінің барлық киімін өзім тігіп беремін. Сенсеңіз, осы күнге дейін сауда орталықтарынан киім сатып алған емеспін. Егер қолыңнан өнерің келсе, ешқашан аш қалмайсың. Қазір нарықта бар заттың көбі қымбат, сапасы төмен, сол үшін де барлығын сатып алудың қажеті жоқ. Ең керегін алып, басқасын тігіп алуға болады: өзіңнің затың өзіңе ыстық болып келеді.
— Сіз кілемді, қоржынды және алашаны тоқығанда дәстүрлі ою-өрнекті қолданасыз, ал панноға бөлек сюжет ойлап табасыз, бұл немен байланысты? Ою-өрнекті тек сәндеуге ғана емес, тұмар ретінде де қолданады емес пе?
— Мен қай бұйымымды тоқысам да, дайын оюды қағазға қойып, оған қарап отырып салмаймын. Қазақтың дәстүрлі ою-өрнегі 60 жылдың ішінде жадыма жатталып, бойыма сіңген. Кесте тіксем де, басқа бұйымды жасасам да, ою түрлері ойымнан еркін шыға береді. Менің ұстазым, Суретшілер одағының мүшесі Ғани Иляев 3 000-нан астам ою-өрнек үлгілерін жинап шығарған. Мен сол жинақта көрген оюды сызғышпен сыза беремін. Қазақтың ою-өрнегінің өз мағынасы, қолдану аясы болады. Адамның жынысына және қай жеріне киілетініне байланысты киімге әр түрлі өрнек салынады. Мысалы, қыздарға өсімдіктердің оюын өссін, жасарсын деген ниетпен, ал ер жігіттерге мүйізі қошқардай қайратты болсын деген оймен салады. Ою-өрнектің мәнін, жөнін білмейтін кісілер үстіне әр түрлі ою араласқан киімді мағынасын білмей киіп алады. Біз мұны көргенде неге сол туралы ақпаратты оқымайды екен деп жанымыз ашиды.
— Қазақ қолөнерінің болашағын қалай елестетесіз?
— Қазақстан дамып келе жатыр. Қолөнерді де өзіміз қолға алатын шығармыз. Жеке-жеке әр қазақ мен сияқты үйінде шеберхана аша бермейді. Бір адам істеген жұмыстың көлемі түк те болмайды. Мемлекет жүн иіретін фабрика немесе цех ашып, осы саланы қолға алып, дамытса жақсы болар еді. Менің осы өзгерістерді көріп кетсем деген арманым бар. Мысалы, ауылды жерлерде де, қалада да бос, жұмыссыз отырғандар көп. Солардың бәрін жинап, ұлттық қолөнерді үйрететін орталық ашса екен. Біз сияқты шеберлерді шақырып, практикалық түрде жас келіншектерге сабақ өткізсе болады. Бір жерде құрақ құрасақ, екінші жерде басқұр, сөмкелерді тоқысақ, барлығын жинап, саудаға шет елге шығаруға болады. Оларда бұл бұйымдар өте құнды. Басшылардың құлағына алтын сырға: осыған керек жағдай жасаса, арманым да, тілегім де сол еді.
— Әңгімеңізге рақмет!
Айдана БОРАНБАЕВА.