Торайғыров университетінің «Мұрагер» студенттік театры қоғамдағы әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді арқау еткен авторлық қойылым – «Ақ пен қара» спектаклін ұсынды. Қарапайым отбасының ішкі қатынастарын аша отырып, спектакльде келін мен ене арасындағы түсініспеушілік, абысын-қайын арасындағы тартыс, бала тәрбиесіне байланысты көзқарас қайшылықтары реалистік түрде көрсетілді.
Спектакль жеті кейіпкердің өзара қарым-қатынасына негізделген. Әрбір образдың сөзі мен әрекеті көрерменге бүгінгі қоғамда жиі кездесетін мәселелердің шын бейнесін жеткізеді.
— Бүгінгі қойылатын қойылымның авторы — өзіммін. Сценарийді басты рөл — Қорланның образын сомдаған Назерке Қайратқызымен бірге жаздық. Сонымен қатар, екеуіміз де спектакльдің басты рөлдерінде ойнаймыз. Қойылымның мәтінін жазуға шамамен бір ай уақыт кетті. Идея алғаш пайда болған сәттен бастап, оны нақтылап, сахналық нұсқасына келтіру үшін көптеген түзетулер енгіздік, сөздер ауысты, кейбір сахналар қайта құрылды, тіпті кешеге дейін өзгерістер жасалып отырды. Қойылымға басында 7 актер таңдалған болатын. Алайда жұмыс барысында актерлік құрам бірнеше рет ауысты, бастапқы жеті актердің тек біреуі ғана өз орнын сақтап қалды. Мен және өзге рөлдерді сомдаған актерлер бірнеше мәрте ауыстырылып, рөлдер қайта бөлінді. Соған қарамастан, әр актер өз образын терең түсіну үшін еңбектеніп, қойылымның толық қалыптасуына үлес қосты, — деді «Мұрагер» театрының төрайымы Бауыржан Мұсаев.
«Сенімен болашақ» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының басшысы Перизат Құрманәлі спектакльге арнайы келіп, жас студенттердің еңбегіне қолдау білдірді. Оның айтуынша, осы жас өнерпаздардың ішінде бірлестіктің жанашырлары да бар. Сондықтан да олардың бастамасын көтермелеп, ынталандыру үшін қойылымды тамашалауға келгендерін атап өтті.
— Біздің айтып жүрген адами құндылықтардың сахналанған түрін көрдік. «Сенімен болашақ» қоғамдық бірлестігі адами құндылықтар мен тәлім-тәрбиеге, ұлттық құндылыққа, осындай тәрбиеге қатысты сіздерге қолдау білдіретінімді жеткізгім келді. Кез келген қолдау немесе көмек керек болса, біз сіздерге көмектесуге дайынбыз, — деді «Сенімен болашақ» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының басшысы Перизат Құрманәлі.
«Мұрагер» студенттік ұйымының қойылымына екінші рет қатысып отырған көрермен бұл жолғы спектакльдің өзге қойылымдарға қарағанда ерекше әсер қалдырғанын атап өтті. Ол алғаш көрген «Жауап бар ма?» атты қойылымның өзі қызықты өткенін, алайда бүгінгі туындының мазмұны әлдеқайда терең екенін айтты.
— Қойылымнан кейін мен бір нәрсені түсіндім. Отбасындағы мәселелерді жастардың өздері шешкені дұрыс. Кейбір ата-аналар қате ойлап немесе өз қалауын орындатқысы келіп, жас балаларға қысым көрсетуі мүмкін деп ойлаймын. Үлкен кісілер бұрынғы көзқараспен өскендіктен, бір жағынан оларды да түсінуге болады, — деді Торайғыров университетінің бірінші курс студенті Сарқытбек Сая.
Бұл спектакль тек шығармашылық ізденістен емес, сонымен қатар үлкен еңбек пен жауапкершіліктен туған жұмыс болды. Сахнадағы әр деталь, әр сөз, әр әрекет — талай талқылаудан, түзетуден, дайындықтан өткен еңбек нәтижесі.
Нұрайым ҚАЛЫБЕК,
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.
