Осы жылдың басында С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада әр айдың он бесінші күні Ұлттық күн болып жарияланды. Осыған орай, сол күндері мекеме қабырғасында қазақ халқының ұлттық құндылықтарына қатысты шаралар өткізіліп, жуырда қорытындыланды. 

Кітапхананың креативті шығар-машылық орталығының басшысы Марал Тәженованың айтуынша, ұлттық күндердің қатарында дәстүрлер фестивалі, ұлттық киім мен әшекей-бұйымдар, ұлттық тағамдар, ертегілер, жеті қазына, ұлттық ойындар, ұлттық аспаптар, қазақ тілі, би және ою-өрнек секілді күндер бар.

— Кітапханамызда жыл басынан бері әр айдың 15-і күні қазақ халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын дәріптеу мақсатында түрлі шара өтті. Мәселен, 15 ақпанда қазақтың ұлттық киімі мен әшекей-бұйымдары күнін ұйымдастырдық. Онда жастарға әшекей бұйымдарды дайындау бойынша шеберлік сағаттары өтті. Жуырда «Ұлттық күн» жобасын ою-өрнек күнімен қорытындыладық, — дейді М.Тәженова.

Шара барысында көрермендер назарына «Ою-өрнектің әлемі» атты кітап көрмесі, сонымен қатар, облыстық көпсалалы дарынды балаларға арналған лицей-интернаты ұйымдастырған  қазақ ұлттық қолданба өнерінің көрмесі ұсынылды. Шебер Гүлнәр Қайдарованың жетекшілігіндегі лицей оқушылары оюлар тарихына саяхат жасап, көрермендерге ұлттық оюдың түрлері бойынша толық ақпарат берді. М.Қанапьянов атындағы жоғары колледж студенттері шеберлік сағатта өз қолдарымен тақия, қоржындарды моншақтармен әшекейлесе, өзге топтар құрғақ тәсілмен киіз басу техникасында жеңсіздерге ою жапсырды.

А.БОРАНБАЕВА.