Оқушылар тарихты дәріптеуде

Нау 12, 2026

Ел тарихындағы елеулі оқиға – Ордабасындағы Құрылтайдың өткеніне 300 жыл толуына орай мектеп оқушылары өздерінің өнерлерін көрсетті. «Ertis» музейі және №34 мектептің бірлесуімен «Ордабасыдағы Құрылтай — бірлік анты» атты театрландырылған көрініс қойылды. Шара жас ұрпақтың бойына патриоттық сезімді сіңіру, тарихи мұраны сақтау және ұлттық бірегейлікті нығайтуға арналған.

Мұнда қазақ тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі – үш жүздің өкілдерінің жоңғар шапқыншылығына қарсы бірігу кезеңі суреттеледі. Ордабасы тауының басындағы Құрылтай жиыннан үзінді келтіріледі. Атақты Абылай мен Шарыш батырдың жекпе-жегі де жас ұрпақтың бойында ерлік сезімін оятатын әсерлі сәт көрініс табады.  Бұдан бөлек экспозиция аясында Бөгенбай, Қабанбай батырлардың рөлдері сомдалады.

Театрландырылған қойылымның маңызы туралы А.Байтұрсынов атындағы мектептің  ағылшын тілі мұғалімі Надежда Сорокина айтып берді.

—  Мектепте сабақ берумен бірге арнайы театрландырылған қойылымдар қоятын үйірменің жетекшісімін. Осындай сахналық қойылымдар арқылы оқушылардың бойына мәдениетке деген сүйіспеншілікті дарыта аламыз. Айтулы оқиғаларды қойылым арқылы ұғыну анағұрлым қызықты деп санаймын. Оқушылар бір сәтке өздерін тарихи тұлғалар рөлінде сезініп көрсе, естерінде оңай сақтайтыны сөзсіз. Сондай-ақ, бұл білім алудың ерекше форматы екенін дәлелдегіміз келеді, — дейді ол.

Сара ӘБДОЛ.