Павлодар қалалық «Музыкалық колледж — дарынды балаларға арналған  музыкалық  мектеп-интернат» кешеніндегі «Қуырдақ» драма үйірмесінің ашылғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Дегенмен үйірме қатысушылары әр мерейтойлық шараларда белсенділік танытып, түрлі шараны ұйымдастырады

Жуырда олар балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай оқушыларға қаламгердің өмірі мен шығармашылығына арналған деректі фильм ұсынып, «Менің атым Қожа» повесінің желісімен қойылым ұсынды.

«Қуырдақ» драма үйірмесі Павлодар ауылының №40 орта мектептің кітапханасында «Менің атым  Қожа» қойылымын қойды. Қойылымдағы басты кейіпкер Қожаны – Расул Төлеухан, Қожаның әжесін – Маржан Ахмедиева, Жанарды – Мерей Құдасова, Жантасты – Хәкім Нұржігіт, Майқанова апайды – Алема Ержігітова және Сұлтанның рөлін Думан Қаршыға жақсы сомдады.

Мектеп кітапханасының  меңгерушісі Бақытгүл Байкенова мен кітапханашы Нағима Жақсыбаева Б.Соқпақбаевтың туғанына 100  жыл толуына арналған кітап көрмесін ұйымдастырды. Қойылымнан оқушылар керемет әсер алып, кейіпкерлерді  сомдаған оқушыларды  жақсы  қабылдады. Кейін кейіпкерлер  ән айтып, күй шертіп, өз  өнерлерін көрсетті.

Павлодар қалалық №40 орта мектептің басшысы Қожагелді Мәуленқұлов «Дарынды бала-ларға  арналған мектеп-интернат» кешенінің оқушыларына ризашылығын білдіріп, басты кейіпкер — Қожаның рөлін сомдаған Расул Төлеуханды талабы үшін Алғыс хатпен марапаттады. Сондай-ақ, талантты балаларды тәрбиелеп, ауыл мектебі оқушыларының бойына «Қожаның» образы арқылы тапқырлық, әділеттілік қасиеттерді сіңірте білгені үшін «Музыкалық колледж-дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернат» кешенінің басшысы Серік Сыздықовқа және «Қуырдақ» үйір-месінің  жетекшісі  Алмагүл Бұзаубаеваға да Алғыс  хаттар табыстады.

— «Қуырдақ» драма үйірмесінің құрылғанына бір жыл ғана уақыт болды. Балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай алдын ала «Менің атым Қожа» фильмін тамашалап, қойылым ретінде сахналауды жөн санадым. Сөйтіп, әр рөлге кейіпкерді өзім белгіледі. Қойылым барысында оқушылар өз кейіпкерінің мінез-құлқын, образын бойларына сіңіріп, көрермендерге жеткізе алды. Осы мектептің ұстазы Маржан Ахмедиева да бізді қолдап, балалармен бірге бір сахнада өнер көрсетті, — дейді «Қуырдақ» үйірмесінің жетекшісі Алмагүл Бұзаубаева.

Үйірме жетекшісінің айтуынша, драма үйірмесін құрудағы мақсат — оқушылардың рухани дүниесін байыта отырып, драма үйірмесі арқылы балаларды  әдеби шығармаларды  оқуға қызықтыру, эстетикалық  тәрбие беріп, көркем әдебиет оқуға қызығушылығын арттыру, олардың бойларына қайсарлық, әдептілік, адамгершілік секілді қасиеттерді сіңіру. Сонымен қатар, ауызша сөйлеу мәдениетін қалыптастыра отырып, жас өрендердің әртістік шеберліктерін дамытып, шыңдау.

— Қазіргі уақытта үйірмемізге қатысамыз деген балалардың саны артып келеді. Бұл — «Қуырдақ» драма үйірмесінің алғашқы жемісі мен жеңісі, — дейді  А.Бұзаубаева.

Шара барысында оқушылар қойылымнан ерекше әсер алып, Павлодар ауылынан шабыттанып оралды. Осындай  шара Кенжекөл ауылында да жалғасын тапты.

А.БОРАНБАЕВА.