Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінде Евгений мен Елена Азаровтар шығармашылық әулетінің бірлескен көрмесінің вернисажы өтті. Онда екі автордың түрлі техникада орындалған 80 туындысы орналастырылды.

Жуырда 90 жылдық мерейтойын атап өткен Евгений Азаров бала күнінен бейнелеу өнеріне ғашық болып өскен. Бүгінде өнер иесінің туындылары талайдың таңдайын қақтырып, тамсандырып жүр. Негізгі жанрлары — пейзаж, натюрморт, портрет.

Евгений Азаровтың айтуынша, сурет әлемі оның өмірінде ерекше орын алады.

— Алғаш суретімді 1-сыныпта табиғат аясында салдым. Ол мұғалімімнің көңілінен шығып, мақтау сөз естідім. Ал тұрақты сурет салумен 15 жасымда айналыса бастадым. Осы күнге дейін қолымнан қылқалам түскен жоқ, — дейді Е.Азаров.

Павлодар облысына Евгений Азаров 1966 жылы КСРО Энергетика министр-лігімен Ермак ГРЭС-інің құрылысына бас инженер және одан әрі құрылыс бастығы ретінде жіберілді. Құрылыс аяқталғаннан кейін 1975 жылы Павлодар облыстық партия комитетінің құрылыс бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалып, 1976 жылы қарашада Павлодар қаласының мэрі қызметі лауазымында бес жыл қызмет етті. Кейін тағы 10 жыл облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып жұмыс істеді. Бірнеше жыл бойы «Павлодаргражданпроект» жоба институтын басқарды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін қоғамдық және құрылыс жұмыстарымен айналысты.
Оның белсенді қатысуымен Екібастұз қаласында концерт залымен қоса салынған музыкалық мектеп, «Баянтау» көпфункционалды спорт кешені, Шоқан Уәлиханов пен Григорий Потанинге ескерткіші салынды. Көптеген бақ пен саябақ салынып жөнделді. Сондай-ақ, аталмыш шаһардың Қамзин көшесінде Архангел Михаилдің ғибадатханасының бойы көтеруіне атсалысты.

Ал қызы Елена Азарова — дарынды суретші және дизайнер. Шығармашылық іске асыруды жалғастыра отырып, кенеп бетінде әлемнің жарқын бейнелерін суреттеуде. Оның өнері — көрермендер мен заманауи өнерсүйер қауымның қызығушылығын тудыратын абстрактілі кескіндеме. Әлемнің әртүрлі қалалары мен елдерін аралап, шетелдегі сапарларында жаңа сезімдердің негізінде жаңа бейнелер мен композицияларды салуға шабыт алады.

— Кішкентай кезімнен әкемнің жанында жүрдім. Оның әр туындысымен етене таныспын. Сурет әлеміне қызығушылығым сол уақытта басталды. Ал 13 жасымда Ван Гог кескін-демелерін көшіріп салдым. Кейін абстрактілі бағытқа ауыстым. Бүгінде осы бағытта ғана сурет саламын, — дейді ол.

Аталмыш көрме 18 шілдеге дейін жалғасады.

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.