Өңірдің мәдени қара шаңырақ саналатын Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының кіші залына талантты режиссер Ерсайын Тәпеновтің есімі берілді.
Ол өз өмірін өнер жолына арнау арқылы тұтас бір ұлттың өміріне жан кіргізді. Мәдени майданда тайсалмай күресті. Жемісі бәрімізге аян. Оның театрға сіңірген еңбегіне құрмет көрсету мақсатында өнер ошағының кіші залы енді «Тәпенов залы» болып ауысты. Шараға режиссердің туыстары, әріптестері, шәкірттері қатысты.
— Ағажан тірі болса, бүгін 80 жасқа толатын еді. Амал нешік. Төрт жасымда әкемізден айырылдық. Сол кезден бері менің әкем де, ағам да өзі болды. Ағайынды жетеудің ішінде өнерлісі болатын. Еңбегіне құрмет көрсетіп, ұйымдастырып жатқан шараларыңызға отбасымыздың атынан алғыс білдіреміз, — деді қарындасы Мәрия Тәпенова.
Қайраткердің көзін көріп, одан актерлік тәлім алған замандастары да сағынышқа толы естеліктерімен бөлісті.
Ашылу салтанатында театр басшысы Арман Темірбек тағы бір ұлықтау шарасын хабарлады.
— Театрымыздың шымылдығын ашқан, оның бойына қан жүгірткен Ерсайын ағамыздың жатқан жері жайлы болғай. Бұл қабырғаларға ерен еңбегі сіңген қайраткерлерді театры ұмытпайды. Керісінше, ерекше еске алады. Алдағы жылы өтетін II Ертіс-Баян театрлар фестивалін Ерсайын Тәпеновті еске алуға арнамақпыз, — деген жоспарымен бөлісті.
«Өнер адамы өлген күні емес, ұмытылған күні өледі» демекші, ұлыларымызды ұмытпайық. Алғашқы облыстық қазақ театрының негізін қалаған Ерсайын Қандержанұлы Тәпеновті ұмытпайық!
Сара АВДОЛ.