ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі биыл ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы конвенциясының орындалуы бойынша кезеңдік баяндамасын әзірлеп жатыр. Бұл баяндама осы жылы бекітілген талапқа сәйкес 15 желтоқсанда жолдануы тиіс. Қазіргі уақытта құжатты әзірлеу жұмыстары республика көлемінде жүзеге асырылуда. Онда 2017 және 2023 жыл аралығында іске асқан бастамалар туралы ақпараттар көрсетіледі.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы 2003 жылғы конвенциясын іске асыру туралы Қазақстан Республикасының мерзімді есебін әзірлеуге байланысты облысымызға еліміздің ұлттық музейінің бөлім меңгерушісі, ұлттық  материалдық емес мәдени мұра комитетінің мүшесі Ардаби Мәулет жергілікті мәдениет қызметкерлерімен кездесу кешін өткізді.

Кезекті мерзімдік есептің басты ерекшелігі – материалдық емес мәдени мұра элементтері, соның ішінде ЮНЕСКО-ның Репрезентативтік тізіміне енгізілген әрбір элементтің еліміздің барлық аумағында таралуын нақты мысалдар арқылы, яғни «дәлелдеу принциптерін» қолдана отырып көрсету.

— Мәдениет саласы — екі үлкен бағытқа бөлінеді. Бірі – мәдени мұра. Оған археологиялық қазбалар, тарихи-мәдени, табиғи ескерткіштер енген. Бүгінде бұл бағыт қарқынды дамып келеді. Ал екіншісі — материалдық емес мәдени мұра. Оның тізімдері жақында жаңартылды. Бұрын олардың саны 40-тан асса, қазіргі уақытта 80-ге жетті. Олардың арасында қазақ халқының 13 элементі енді. Олар – күй өнері, киіз үй, айтыс, ұлттық күрес, құсбегілік, қатырма дайындау, Наурыз, асық ату, Қорқыт ата, Қымызмұрындық, тоғызқұмалақ, Қожанасырдың әзіл әңгімелері және Ортеке. Алдағы уақытта осы тізімдер бойынша белсенді жұмыс істеуіміз керек, — деді А.Мәулет.

Сарапшы кездесуден соң бір апта бойы Павлодар облысындағы жоғары оқу орындарының басшыларымен, тарихи-өлкетану музейінің, кітапханалардың қызметкерлерімен және басқа да мәдениет мекемелерінің қызметкерлерімен тікелей кездеседі.

Айта кетейік, алдағы уақытта жергілікті музейлер мен мәдени орталықтар ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы Репрезентативтік тізіміне енгізілетін 13 элементіне қатысты кездесу өткізбек.

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суретті түсірген — Татьяна Вервейко.