Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі — Ертіс-Баян өңіріндегі мәдениет пен өнер майталмандарын жұртшылыққа таныстыру, насихаттау жолында үлесі зор ұйым. Әсіресе жергілікті ақын-жазушылары-мыздың өмірі мен шығармашылығын жас ұрпаққа дәріптеуге келгенде тындырған жұмыстары бір төбе. Солардың негізгілерін термелеп өтсек.
Жыл бастала сала, Бұқар жырау Қалқаманұлының 355 жыл толуына орай «Бұқар сөзі – тәрбие көзі» атты кеш өткізілсе, жыраудың құрметіне «Жақсының аты өлмейді…» атты қалалық байқау ұйымдастырып, Бұқар бабамыздың мерейтойын жоғары деңгейде атап өтті. Кейін «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты республикалық ғылыми конференцияда еліміздің танымал ғалымдары мен профессорлары бас қосып, Ертіс-Баян өңірінен шыққан Алаш ардақтыларының есімдерін ұлықтады. Ізін сала, жазушы Мұзафар Әлімбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Бақытын бала тілінен іздеген» атты облыстық жас орындаушылар байқауын өткізіп, онда жас бүлдіршіндер бақ сынаған болатын. Бала жанының бағбаны Мұзафар ақынның өлеңін жаттап, балапандар Мұзағаңмен танысып, табысты. Бұқар жырау музейі өңіріміздің тұлғаларын республикаға да танытып жүргені белгілі. Оған Елордада өткен «Алаш аманаты» атты ауқымды көрмеге қатысуы дәлел. Республикалық көрмеде А.Байтұрсынұлының «Маса», «Қырық мысал» кітаптарын, Н.Төреқұловтың «Темірқазық» журналы мен «Жас қазақ» газеті және Қ.Кемеңгеровтің «Қазақ тарихынан» атты кітаптары халыққа таныстырылған болатын. Аталмыш жәдігерлер музей қыз-
меткерлері ұйымдастырған экспе-диция нәтижесінде табылғанын айта кеткен жөн. Халықаралық музейлер күніне орай «Музей өткеннің, бүгін мен болашақтың бейнесі» атты театрландырылған-инсталляциялық көрме мен әдеби сазды кеш ұйымдастырылды. Жас ақындар арасында поэтикалық дуэль өткізілсе, «Қасіретті жылдар» атты театрландырылған сахналық қойылым қойылды. Мәшһүр бабамыздың да мерейтойын биыл абыроймен өткіздік.Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 165 жылдығына орай «Ұлы даланың ұлы ойшылы» атты жас ақындар арасында мүшәйра болып, ақынның фотоға түсуіне себепкер болған Аллажар Әбдіразақұлының сары шапаны көпшілікке алғаш рет таныстырылды. Бұған қоса, өңіріміздің белді ақын-жазушылары мен жас таланттарды таныту, таныстыру мақсатында «Ертіс толқыны» және «Проза қағанаты» атты жобалар қолға алынды. Өнер мен әдебиет саласындағы мерейтой иелерінің бірін қалдырмай танымдық бейнеролик, әдеби кеш, дөңгелек үстел, көрме, радиохабар ұйымдастырылады. Осы уақытқа дейін ұзын саны 60-тан астам іс-шара өткізілді. Соның бірі жуықта ғана болған ақын, жазушы, драматург, Қазақстан және Моңғолия Жазушылар одағының мүшесі Ақын Алақанұлы мен ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Шолпан Байғалықызының 75 жылдық мерейтойына орай «Жырлайды жүрек» атты қалалық көркемсөз байқауы. Қорыта келе, айтарымыз Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің Ертіс-Баян мәдениетіне тигізіп жатқан үлесі орасан зор.
Өз тілшіміз.