Сазгердің әндері дәріптелді

Сәу 10, 2025

Астана қаласында белгілі композитор, дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толуына орай «Құстар әні» республикалық фестивалі өтті. Үш күнге созылған шараға еліміздің түкпір-түкпірінен келген өнер ұжымдары қатысты. Олардың қатарында жергілікті Иса Байзақов атындағы облыстық филармония бар.

Астана қаласы әкімдігінің Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясында өткен концертке Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Жетісу және Павлодар облыстарынан, сонымен қатар Семей, Қарағанды, Шымкент қалаларының өнер ұжымы қатысты.

Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің «Аққу» фольклорлық-хореографиялық ансамблі мен «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі «Құстар әні» биін орындап, кештің шымылдығын ашты. Халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты, әнші Ермек Нұрлытаң Нұрғиса Тілендиевтің «Сарыжайлау» әнін орындаса, Жанасыл Елубаев «Күндер-ай» әнін шырқап, көрермен ықыласына бөленді. Сонымен қатар, елорда тұрғындары мен қонақтарына Солтүстік Қазақстан облысынан келген Ақан сері атындағы облыстық филармония өнерпазы Біржан Есжанов «Дариға, домбырамды берші маған» әнін шырқады.

Кеш барысында «Шымкент концерт» концерттік ұйымының әншісі Жақып Сапарбек өткен ғасырдың 70-інші жылдары жарық көріп, халық арасында кең таралған «Алатау» әнін орындады. Сондай-ақ, Нұрғиса Тілендиевтің «Куә бол», «Қайран менің жүрегім», «Балапандарым», «Сағындым ғой», «Есіңе мені алғайсың», «Кел, еркем, Алатауыңа», «Әлқисса», «Өз елім», «Асыл әжем», «Бауырым — қанатым» әндері шырқалды

Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар қайтып барады» әнін білмейтін жан кемде-кем. Алайда халық арасында кейде «Құстар әні» деп те аталып жүр. Аталмыш шығармашылық кешті осы әнмен Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның өнерпазы Жібек Айтбаева мен RUH еthnomix ансамблі қорытындылады.

Фестивальдің жабылу салтанатында облыстық филармонияның ұжымы фестивальге қатысып, ұлттық мәдениет пен өнердің дамуына қосқан сүбелі үлесі үшін арнайы дипломмен марапатталды.

Еске сала кетейік, ауқымды фестиваль Астана қаласы әкімдігінің Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы көрнекті композитордың шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.

А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.