Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі аймағымызға жылжымалы көрмемен келді. Аталмыш көрме Ақжайық аймағының бай тарихымен, ежелгі археологиялық олжалардан бастап көшпелі мәдениет заттарына дейін таныстырады. Мәселен, қазба жұмыстары кезінде табылған Тақсай ханшайымның құнды заттары, алтын мен күміс зергерлік бұйымдар және қорғандар арте-фактілері секілді бірегей экспонаттар ұсынылған.
Көрмеге қойылған құнды жәдігерлердің қатарынан басты орын алатын «Алтын ханшайымды» көруге асыққан қонақ-тардың қатарында біз де болдық. Өйткені бұл жәдігер елімізде табылған төрт алтын адамның біріне жатады. Музейдің экскурсия бөлімінің меңгерушісі Жанаргүл Сарымованың айтуынша, бұл құнды дүние Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданындағы Тақсай оба-кешенінен табылған б.д.д ІV-VІ ғасырға тән ежелгі сармат кезеңіне жатады. Келіп көрушілердің барлығын да бұл жәдігер назар аудартпай қоймады.
— Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданы аумағындағы Тақсай қорғанынан 2012 жылы ақсүйек әйелдің қабірі табылған болатын. Археологтар обаны үш ай бойы қазып, зерттеді. Соның нәтижесінде ақсүйек әйелдің, артефактардың, әсіресе, соғыс көрінісі бейнеленген тарақ табылды. Бұл жәдігерлердің ғылыми маңызы зор. Мұның бәрі сол кезеңнің діни және мәдени дамуы туралы хабар береді.
Белгілі қазақ реставраторы, бұдан бұрын Есік қорғанынан табылған әйгілі «Алтын адам» бейнесін жарыққа шығарған Қырым Алтынбеков «Алтын ханшайым» экспозициясын жасап, ежелгі бұйымдарды, сармат әйелінің киім-кешегін қалпына келтірді. «Алтын ханшайым» көрмесі екі дана жасалып, бірі Астана қаласындағы Ұлттық музейге, екіншісі Орал қаласындағы музейге тапсырылды. Оны қазірдің өзін де тамашалаушылар аз емес. Көрмеде сарматтар кезеңіндегі алтыннан жасалған түпнұсқа бұйымдарын, оның ішінде 999 сынаманы көруге болады, — дейді Жанаргүл Сарымова.
Көрмеде күміс фалерлері бар жылқыларды безендіруге арналған кеуде әшекейлерін тамашалауға болады. Олар грек мифологиясының үш басты Химера және мифтік Беллерофон суреттерімен безендірілген.
Экскурсоводтың айтуынша, бұл заттар Қазақстанның Ұлы Жібек сауда жолдарының бірі екенін растайды. Көрмеде, соны-мен қатар, бактерияға қарсы және қорғаныс зат ретінде қол-данылған күмістер де баршылық.
— Батыс Қазақстан облысын «Қазақстанның музыкалық Австриясы» деп бекер атамаған. Себебі, біздің өңір мәдени мұраға бай. Сондай-ақ, бұл аймақта ақын мен жазушылар және өнер адамдары дүниеге келді. Көрмеде тарихи маңызы бар заттардан бөлек, аймағымыздың мәдениетінің жан-жақтылығы мен байлығын көрсететін жергілікті суретшілердің суреттері бар, — деп атап өтті ол.
А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ,
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.