«Қазақстанда театр өнеріне қызығушылық артып келеді. Зал көрерменге толы, қойылымдардың премьерасына билеттер екі-үш апта бұрын сатылып кетеді. Сахна өнеріне құштар жандардың арасында жастардың көп болуы көңілге ерекше қуаныш ұялатады»
ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Бурабайдағы Ұлттық құрылтайда айтқан сөзінен.
Қойылымның сәтті шығуы тек театр әртісі мен режиссерге байланысты емес. Себебі, бір қойылым үшін сахна сыртында қаншама адам қажырлы еңбек етеді. Әсіресе, қойылымның мән-мазмұнына сәйкес әр кейіпкерге образ жасау – жауапкершілігі мол іс.
Осы ретте Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрының гримдеушісі Лариса Ломаканы ерекше атап өтуге болады. Ол өзінің саласына берілгені соншалық, осы театр қабырғасында еңбек етіп жүргеніне 30 жылға жуық болған. Гримермен қатар шаштараз да болып, әртістерге әртүрлі шаш үлгісін жасайды. Айтуынша, кез келген кейіпкердің образы алдын ала хабарланады. Кейін бет әрлеуші әртістің бет-әлпетін зерттей бастайды. Мысалы, актердің беті дөңгелек, мейірімді, бірақ ол зұлым кейіпкердің рөлін ойнау керек болса, көлеңке секілді бірнеше әдісті қолданады.
— Әр спектакльдің алдында режиссермен және сценаристпен образ жасау бойынша келісіп келеміз. Кейде актердің өзі таңдап жатады. Олармен жұмыс істеу барысында еш қиындық туындамапты. Ал жұмыста қиындықтар болып тұрады. Себебі, грим жасаудың деңгейі бар. Ал ол үлкен шыдамдылықты талап етеді. Мәселен, «Король Лирде» басты кейіпкердің рөлін 3 сағат ойнаған Бейбіт Шәнім ағамыздың гримі ауыр болды. Оны жасауға 1,5 сағаттай уақыт кетті. Кез келген адамға бұл рөлдегі бейнені гримдеу оңайға соқпасы анық. Дегенмен, берілген тапсырманы тап-тұйнақтай етіп орындауға тырыс- тым. Қуанарлығы, режиссердің аталмыш рөлге таңдаған әртісінің бет-жүзі сәйкес келуіне байланысты образды айнымастай етіп жасадым, — дейді ол.
Ларисаға әр актерді қойылымға дайындауы 20 минуттан аспайды. Ол алғаш рет жұмыс істей бастағанда бір гримнің өзі бір сағатқа созылғанын күліп еске алады. Алайда гримнің дәрежесіне байланысты уақыт та соған орай икемделетінін атап өтті.
— Заманауи спектакльдерге қарағанда, тарихи кейіпкерлердің, елге белгілі тұлғалардың сахналық бейнесін жасау үшін жан-жақты ізденуге тура келеді. Кітаптар мен журналдарды, тарихи деректерді қараймыз. Кинолар мен танымдық фильмдерді де жан-жақты ақпарат алу үшін тамашалаймыз. Әрине, театр мен кино гримінің арасында үлкен өзгешелік бар. Дегенмен, кейіпкер бейнесін ашуда, қиялыңдағы мінез штрихтарын байытуда мұндай ізденістердің де маңызы зор. Грим – өте кірпияз өнер. Әр детальді ойнату үшін жанталасамыз, күні-түні ізденеміз. Кейде қойылым алдында бір актерге 1,5-2 сағат уақытымызды арнаймыз. Бұл – әсіресе, портретті бейнелерге тән. Сонымен қатар, бояумен ғана шектелмей, сақал-мұрт, шаш деген дүниелерді де өзіміз тоқып, өзіміз жасаймыз. Бұл да – үлкен еңбек. Одан кейін, әрине, өзіңнің қиялың, таным көкжиегің мен талғамың, кәсіби біліктілігің де жетекші рөлге ие. Біз де өзімізше суретшіміз ғой. Қылқалам шеберлері кенепке салса, біз қиялымызды кейіпкеріміздің бетінде бедерлейміз. Суретшілердің еңбегі ғасырлар жасайды, ал гримдеушінің жұмысы сахнада ұзақ дегенде 2-2,5 сағат қана «өмір сүреді». Одан кейін сүртіліп қалады. Бар айырмашылығы осында ғана, — дейді Лариса.
Оның сөзінше, кейіпкердің келбеті режиссердің, актердің, костюм бойынша суретшінің және гримдеушінің біріккен күшімен жасалады. Гримдеуші пьесаны оқиды, репитицияға қатысып, сахнада не боп жатқанын қарайды. Содан соң кейіпкердің келбетін жасайды.
— Театр гримдеушісі өзге де театр мамандары секілді бірқатар кәсіби шеберлікті біріктіре алуы тиіс. Ол визажист те, пастижер де (париктермен, мұрттармен және т.б. жұмыс істеу), шаштараз және суретші болуы қажет. Себебі, бұл маман иесі әртістің кейіпкерінің визуалды бейнесін жасауға көмектеседі. Спектакльге екі сағат қалғанда театрға келеміз, әртістердің жұмыс орындарын дайындап, парик, қысқыш, грим, сақал-мұрын, бижутерия секілді заттарды дайындап қоямын. Әртістер пайда болғанда, кезекпен оларға макияж жасап, шаш үлгілерін жасаймын. Мен үшін бұл — армандағы жұмыс. Осы арқылы әр бейненің сахнада қалай жанданғанын көре аламын, — деп сөзін түйіндеді Лариса.
Айдана БОРАНБАЕВА.