Сахна шырағын жаққан режиссер

Қаз 16, 2025

Ол облысымызда тұңғыш қазақ драма театры іргетасын қалаушы ғана емес, ұлт руханиятының жоқтаушысы болды. 16 қазан – танымал театр режиссері Ерсайын Тәпеновтің туғанына 80 жыл.

Өңіріміздің мәдени қара шаңырағы Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка және драма театрының негізін қалаушылардың бірі – режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері – Ерсайын Қандержанұлы Тәпенов.

Ол 1945 жылы 16 қазанда Семей қаласында дүниеге келген. Жастайынан өнер мен мәдениетке ынтық болған ол өмірін сахнаға арнады. Оның шығармашылық жолы 1968 жылы Мәскеуде Мемлекеттік театр өнері институтының режиссерлік факультетін тәмамдаумдан басталды. 1972-74 жылдары Мәскеудегі Сатира театрының тәжірибелік жұмыстарын атқарған. Кейіннен оның ұзақ жылдық режиссерлік еңбегі басталады. Атап айтсақ, Семей, Торғай, Қарағанды облыстарындағы театрларда режиссерлік қызмет атқарады. 1990 жылдан бастап Павлодар облысындағы театр өнерінің дамуына елеулі үлес қосады.

Өңірімізге қан жүгірткен қазақ театрының ашылуы Тәпенов есімімен тікелей байланысты. Сол жылдың желтоқсан айында М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясы мәдениет шымылдығын ашады. Театр труппасында Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет институтының драма әртістері мен Қарағандыдан Тәпенов бастап келген Сансызбай Бекболатов, Арман Жукин, Рауза Тәжібаева сынды бір топ жас талантты жинаған.

Көзін көрген қатарластары, бірге жұмыс істеген әріптестері режиссерді сағына еске алады. Естеліктерінің бірімен бөліскен экономика ғылымдарының кандидаты, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мұхит Мүрсәлиұлы Омаров.

– Ерсайын Қандержанұлы Тәпеновпен 1989 жылдың қыркүйек айында таныстым. Мен облыстық мәдениет басқармасына енді ғана басшы болып ауысқан болатынмын. Қарағандының Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театры Павлодарда гастрольде болған еді, ол кісі бас режиссер екен. Сол кездері мен бізде қазақ театрын жаңғыртып ашсақ деген арман, қиялмен жүрген едім. Ерсайын Тәпенов Қарағандыдан бұрын Семей мен Торғайдың театрларында еңбек еткенінен хабардар болатынмын. Әсіресе Торғайда жаңа театр ашқандардың бірі екенін естігеннен кейін Павлодарға келуіне ұсыныс жасадым. Екі-үш ай өтіп, ұсынысымды қабыл алып, Павлодарға келді. Содан жаңа театр ашу жұмысын қолға алдық. Шынын айтсам, барлығы қу тақырдан басталды, ертеде 1938 жылдары Керекуде театр болғаны жайында естіген болатынбыз. Бірақ оның барлығы ұмытылған, орнына соғыс жылдарынан кейін орыс театрын ашып, қазақ театрын ауылға жер аударғандай аударып жіберген, әртістер ол қорлыққа көнбей, басқа облыстардағы театрларға кетіп қалған.

Күнде жұмыс аяғында Ерсайын Қандержанұлы екеуіміз жоспар құрып, не істейміз деп ақылдасатынбыз. Кәсіби режиссер, театр маманы болғасын барлық іс-жоспарды сол кісі құратын, мен әкімшілік ұйымдастыру жағын ойластырып, жүзеге асыратынмын. Театрдың әртістерін, кімді қайдан шақыратынын барлығын Ерекең шешті.

– Театр ашылып жұмысқа кіріскенде, Ерсайын Қандержанұлы нағыз маман екенін дәлелдеді, қатал тәртіпті талап етті, оған шыдамағандарды жазалады, жұмыстан да шығарып жіберіп жүрді. Біреулерге араша болып, тым қатал жазалап жатырсың ғой десем, «Өнерлі, талапты екеніне дауым жоқ, осындай артисті жұмыстан шығарып жіберу маған да оңай емес, бірақ шектен шықты, бұл оларға сабақ болсын, ақылы бар болса келесі жолы түзеліп, бойындағы талантын жоймай, дамытады» дейтін. Жалпы, Тәпеновтің келуі, қазақ театрының ашылуы облысымызда қазақ өнерінің дамуына үлкен серпіліс берді, – дейді Мұхит Мүрсәлиұлы.

Тәпеновтің режиссерлік етуімен қазақ театры сахнасында ұлы тұлғаларымыздың шығармалары қойыла бастады. Ендігі жерде халық Ғ.Мүсіреповтің Ақан сері-Ақтоқтысын, Қозы-Көрпеш-Баян сұлуын, тіпті Шекспир мен Гогольдің шығармаларын өз ана тілдерінде тамашалай алатын мүмкіндікке ие болды. Бұл мәдениетке деген үлкен инвестиция емей немене?! Ерсайын Қандержанұлының салып кеткен жолы бүгінге дейін бұзылмай келе жатыр. Оған дәлел — театр. Ондағы қайраткердің көзін көрген, бірге жұмыс істеген әртістер. Олардың сахнадағы өнерін көріп, бір өзгешелікті сезінесің. Әлбетте, ол — Тәпеновтің тәлімінің жемісі.

– Ерсайын Қандержанұлы жайлы өте көп әңгіме айтуға болады. Ол кісі біз үшін тек режиссер ғана емес, педагог, психолог болды. Өзінің бойында бар еңбекқорлығын жанындағылардан талап ететін. Қойылымдардағы көпшілік сахналарында өзі қосылып ойнайтын. Біздің бойымызда жауапкершілік сезімін қалып-тастырып кеткен де — осы ағамыз. Режиссер ретінде сахнадағы сымбаттылықты, әдемілікті жақсы көретін. Сондай-ақ, көбіне музыкалық спектакльдерді жаны сүйетін. Сондықтан болар, көп жерде қойылмаған Штраустың «Жарғанат» спектаклі, алғаш «Біржан-Сара» операсын музыкалық драма театрында сахнаға шығарды. Осындай музыкалық қойылымдардың бәрінде басты рөлді сомдап, Ерсайын ағамен бірге жұмыс істеген менде арман жоқ, – дейді театр әртісі Талжібек Атамбек.

Өнер мен өмірді егіз көрген Ерсайын Тәпенов шығармашылығында ұлттық рух, адамгершілік пен ізгілік идеясы әрдайым алдыңғы орында тұрды. Оның қойылымдарында қазақы мінез, халықтың күлкісі мен көз жасы қатар бейнеленді. Бүгінде әріптестері мен шәкірттері, бүкіл қазақ жұрты оны ерекше құрметпен еске алады. Сахнаны жүрегінің соғысы деп білген ерен тұлғаны елі ешқашан ұмытпайды.

Сара АВДОЛ.