Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде ұлағатты ұстаз, журналист, айтыскер ақын Мұқсихан Зайытовтың 95 жылдығына орай «Ақын әлемінің әсем үні»  атты  әдеби музыкалық кеші өтті. Кешке ақынның ұрпақтары, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Ақын Мұқсихан Зайытов 1928 жылы 25 маусымда Май ауданының Бестау ауылында туған. Мұқсихан Зайытов он бес жасында туған ауылында мұғалімдік қызмет етіп, 1952 жылы Қазақстанның оқу-ағарту ісінің үздігі атанды. Айтыс өнері қайта түлеген тұста домбырасын қолына алып, облыстық ақындар сайысында өнер көрсетіп, Алматыда өткен республикалық ақындар айтысына қатысып, облыс намысын қорғаған. Ақынды еске алу кешінде Май ауданының Құрметті азаматы Рәшит Бектеміров, Павлодар облысы алдында  сіңірген еңбегі үшін белгісінің иегері, айтыскер ақын Қанат Шайғазин сөз сөйлеп, Мұқсихан Зайытов туралы жарқын естеліктерімен бөлісті.

— Мұқсихан Зайытовпен етене  араластық. Ол қолынан қаламын тастамайтын журналист, домбырасын серік еткен өнерпаз, айтыскер ақын, сегіз қырлы азамат еді. Облыстық «Қызыл ту», қазіргі «Saryarqa samaly» газетінің Май, Ақсу аудандарында меншікті тілшісі қызметін атқарды, — деді Р.Бектеміров. Туған жер, ана мен бала, т.б. тақырыптарға арналған өлеңдер, сын-сықақтардың авторы. Балаларға арнап жаңылтпаштар, өтірік өлеңдер, мысалдар мен жұмбақтар жазды. Тамаша әндерге арқау болған өлеңдері де бар. Мұқсихан Зайытовтың жырлары «Менің атым – Алма», «Шұғыла», «Жыр шашуы» жинақтарына енген. Ақын 1976 жылы дүниеден өткен. Шарада ақынның қолданған жеке заттары қойылған көрме көрермен назарына ұсынылды. Айтыскер ақын Мизан Жұмәлі, ақынның қызы Зайра Зайытова, немересі Гүлназ Қожанова, «Ертіс-Баян әуендері» ансамблінің өнерпаздары, әнші Назымгүл Шапағат әсем әндерімен кештің мазмұнды өтуіне атсалысты.

 Т.ӘБІЛДА.