Елімізде қазақ өнерінің кең қанат жаюына Ертіс-Баян мәдениетінің де қосып келе жатқан үлесі мол. Соның ішінде музыкалық колледж — дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернат кешенінің өнерлі жастарға кәсіби тұрғыда білім беру жолындағы еңбегін ерекше атап өтуге болады. Шәкірттері де өнер жолында білім алудан бөлек, облыстық, республикалық және халықаралық байқауларда топ жарып, айтарлықтай жетістіктерге жетіп жүр. Жуырда өнер ордасының қалыптасу кезеңі мен бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы мекеме директоры Серік Сыздықовпен сұхбаттасудың сәті түсті.
— Серік Қасымханұлы аталған білім ордасында студенттер қандай мамандықтар бойынша білім алады? Қандай бөлімдер бар? Сұхбатты осыдан бастасақ.
— Талапкерлер 1-9-сынып аралығында мектеп-интернатқа, 9-сыныптан кейін колледжге түсіп, төрт жылдық білімді жалғастырады. Осы 12 жыл ішінде толыққанды маман болып даярланады. Кешенде 6 бөлім бойынша қазақ және орыс халық аспаптары, классикалық жанр бойынша және вокалдық бағыттар бойынша мамандықтар иесі атана алады.
— Колледжді бітірген түлектермен кері байланыс бар ма? Кадр даярлаудан бөлек, жұмыспен қамту мәселесі қалай шешілуде?
— Әрине, біздің түлектер өздерінің алтын ұясын, білікті ұстаздарын ешқашан ұмытқан емес. Олар үшін әрдайым есік ашық екенін олар жақсы біледі. Сонымен қатар, біздің кешеннің педагогикалық ұжымының 60 пайыздан астамы біздің өз түлектеріміз екенін ескерсек, бұны кері байланыс, ынтымақтастық пен ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісі деп айта аламыз. Ал енді кадр даярлау барысына келетін болсақ, біздің оқу орнын тәмамдаған түлектердің 60 пайыздан астамы жоғары оқу орындарына түсіп, қалғандары облыс көлеміндегі мәдениет және білім беру саласында сондай-ақ, жеке сектор саласына қызметке орналасады. Жалпы, еңбек нарығында сұранысқа ие. Бүгінде облысымыздағы кәсіби концерттік ұйымдар мен көркемөнерпаздар ұжымдарында, білім беру және мәдениет ошақтарының барлығында дерлік жемісті қызмет етіп жүрген біздің түлектерді кездестіре аласыз.
— Биыл білім ордасының құрылғанына 65 жыл толмақ. Уақытты кері айналдырып, тарихқа көз жүгіртсек… Мәдени мекеменің іргетасын кімдер қалады?
— Өткен жылдар — біздің өнеге тұнған тарихымыз. Ол уақытта еңбек еткен жандар еліміздегі музыка өнерінің бүгінгі деңгейге жетуіне алғашқы қадамдар жасады. Айталық, 1959 жылдың көктемінде павлодарлық белгілі музыкант, музыкалық мектептің бірінші директоры Гильда Кромер партияның обкомына музыкалық колледж ашу жөнінде сұраныс хат жазады. Сол жылдың маусым айы соңында Қазақ КСРО Министр- лер Кеңесінің Павлодарда контингенті 60 оқушыдан тұратын музыкалық училище ашу туралы шешімі келеді. Директоры болып Г.Кромер тағайындалады. Музыкалық училищенің оқу сабақтары үшін №5 орта мектеп филиалының ғимаратында бірнеше кабинет беріледі. 1959 жылдың шілде айында бірінші рет оқушыларды қабылдау жүргізіледі. Өтініштерді қабылдау фортепиано, ішекті, хор-дирижерлік, вокал, халық аспаптары, үрмелі және соқпалы аспаптар бөлімінде жүргізілді. Сол кездің педагогикалық ұжымның қатарына В.Антонова, Э.Сергиенко, Ф.Сергиенко, И.Давыдченко, В.Вакулин, Ю.Шаляпин, Г.Шилкин, Ф.Шефер, Э.Кромер, В.Ботов, З.Басалаева енді.
Облыс орталығында музыкалық кешеннің қазіргі бас ғимаратын салумен айналысқан колледждің 2-ші директоры Тұрысбек Бозжігітов еді. Жалпы, Тәуелсіздік алған алғашқы онжылдықта еліміздегі оқу орындары, зауыттар, мәдениет ошақтарының біршамасы жабылып, жекенің қолына өтіп кеткеніне бәріміз куә болдық. Сол сияқты Қазақстанның көптеген облысы мен қалалары өздерінің музыкалық училищелерінен айырылып қалды. Әлі күнге дейін соның зардабын тартып келе жатқандар да жетерлік. Міне, сол кезеңде музыкалық колледждің педагогикалық және кәсіби ұжымдарын сақтап қалған музыкалық колледждің 4-ші директоры Виктор Денисенконың да еңбегі зор. Ұйымдастырушы, әрі музыканттың колледждегі мансабына өткен жылы 50 жыл толды. Оның 30 жылдан астамын басшылық қызметке арнады. Ол кісі басшылық еткен кезеңде «Қазақ халық аспаптары» бөлімі ашылды. Тұлғаның қажырлы еңбегінің жемісімен мекеме сақталып қана қоймай, 2005 жылы музыкалық колледж базасында дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернаты ашылды. Осылай колледж үлкен кешенге айналды. Орталық облысымыздың және шекаралас өңірлердің елді мекендеріндегі балаларға бастапқы кәсіби музыкалық білім беру мақсатында бой көтерген еді. Бүгінде жатақханада ауылдардан немесе басқа қалалардан келген 100 бала жатып оқитындай орынмен қамтылған. Бұл бізді үздіксіз білім беру жүйесі қалыптасқан бірегей оқу орнына айналдырды..
— Колледждің оқытушылары өздерінің төл туындыларымен елімізге танымал. Оған қоса олар — дарынды шәкірттерді дайындап жүрген ұстаздар. Білікті ұстаздар туралы әңгімелеп берсеңіз…
— Бүгінде ұлттық музыканың қыр-сырын үйрететін, білікті маман дайындап шығаратын кәсіби мамандар баршылық. Олардың арасынан алдымен, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор, белгілі опера әншісі, жерлесіміз Шахимардан Әбілевті ерекше айта кетпей болмас. Ол кісінің біздің ұстаздар қауымының көшін бастап тұруының өзі — үлкен мақтаныш.
2011 жылы музыкалық кешеннің жанынан Шахимардан Әбілевтің вокалды мектебі ашылды. Мектептің негізгі қызмет түрлері – балалардың вокалдық өнерін дамыту, вокалдық-техникалық жетілдіру және ән айту әдістерін дамыту, беделді халықаралық конкурстарға, шеберлік сабақтарына қатысу, даярлау және т.б. Балалар мектепке 7 жастан бастап қабылданады. Сабақтарды профессор өзі жүргізеді.
Сондай-ақ, педагогикалық негізгі құрамның бірқатары — елімізге танымал ұстаздар, еңбек сіңірген қайраткерлер. Тек цифрларды ғана сөйлетсек, бүгінгі таңда кешенде «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын иеленген 2 ұстаз, «Құрмет» орденінің 2 кавалері, «Қазақстан Республикасының Білім беру саласының құрметті қызметкері» төсбелгісін иеленген 9 мұғалім, «Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған 17 педагог, «Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгі» иегері болып саналатын 3 ұстаз, «Павлодар облысының білім беру саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен — 8 оқытушы, «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталған 3 ұстаз қызмет етеді. Бұған phd докторлығына кандидат екі ұстазымыз, 2 доцент пен 40-қа жуық магистрантты қосыңыз… Бұл көрсеткіштер әрине, біздің ұстаздар құрамының жоғары сапалылығын байқатады. Сондай-ақ, ұстаздар қатары жыл сайын жас ұстаздармен толығып жатқанын да атап айту керек деп ойлаймын. Соңғы 5-6 жыл ішінде 60-қа жуық жас ұстаз бізге жұмысқа қабылданды. Өз алдына мұндай жаңару 240-қа жуық педагогикалық құрамды үлкен ұжымның сабақтастығын сапалы етуде өте маңызды.
Біздің кешеннің тарихында есімдері алтын әріппен жазылып жатқан ұлағатты ұстаздар өте көп. Қазір бірін атап, бірін ұмытып жатсам ұят болар. Сондықтан ұстаз есімі әрқашан биікте болмақ. Ұстаздарымыз — нағыз профессионал және өз ісінің һас шеберлері.
— Министрлік колледж ұстаздарына қандай қамқорлық көрсетуде?
— Соңғы жылдары Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен және ҚР Оқу-ағарту министрлігінің үйлестіруімен еліміздің білім саласында үлкен реформалық қадамдар жасалып жатыр. Ұстаздар мәртебесін көтеру идеясы оң шешімдерін тауып келеді. Сондықтан елімізде мұғалімдер үшін жасалып жатқан игі істердің барлығы дерлік біздің ұстаздарды айналып өтіп жатқан жоқ.
— Әлі күнге дейін шешімін таппаған мәселелер бар ма?
— Музыкалық білім ордасының жетістіктерінен бөлек, кешеннің жүйелі дамуы мен оның стратегиялық жоспарын іске асыру үшін тұсау болып отырған мәселелер де жоқ емес. Мәселен, негізгі ғимаратымыз 1967 жылы қолданысқа берілген. Алайда ол уақыттан бері міне, 57 жыл, жарты ғасырдан астам күрделі жөндеу жұмыстары еш жүргізілмеді. Бүгінде жөндеуге қаражат бөлу және басқа да қажетті құжаттарды дайындап қойдық. Сонымен қатар, кешеннің бас ғимаратын реконструкциядан өткізу арқылы ғимарат көлемін 2000 квадрат метрден қолайлы көлемге ұлғайту туралы қосымша ұсыныс енгізілді. Бұл өз алдына біз үшін жаңа мүмкіндіктер ашар еді. Өкінішке қарай, соңғы жылдары мәселе бірнеше рет көтерілгенмен, қаржы жағынан түйткіл әлі де шешімін таппады. Негізі кешеннің барлық ғимараттарын бір жерге топтастырып, болашақта кампустық оқу орнын көру — біз үшін арман. Бұған қоса, материалдық базаның көптеген жылдар жаңару көрмей келе жатқанын да ашық айтқан жөн деп ойлаймын. Жалпы, музыкалық аспаптар өте қымбат тұратындығын ескерсек, тек бюджетке сенім артып отыру дұрыс емес, мәдениет саласын дамытуда меценаттық-демеушілік көмек пен арнайы мемлекеттік бағдарламалар арқылы шешімін табудың жолдарын іздестіру керек. Менің білуімше, облысымызда 2007 жылдан бері мәдениет саласын дамытуға бағытталған арнайы ірі бағдарлама жүзеге асырылған жоқ, осыны қайта қолға алатын кез келген сияқты.
— Білім ордасында қандай жаңашылдықтар бар? Осы білім ордасын басқаруға келгенде алдыңызда қандай мақсат болды? Колледждегі бұрыннан келе жатқан үрдістен бөлек, қандай жаңалықтар енгізе алдым деп ойлайсыз?
— Өнер саласы үнемі жаңашылдыққа толы болуы керек, олай болмаса шығармашылық тұралаған жерде өркендеу болмайды.
Менің басшы ретіндегі басты мақсат-міндеттерімнің бірі — осы ұжымда ондаған жылдар бойы қалыптасқан шығармашылық дәстүрді жалғастыру, жүйелі жұмысты кейін шегіндірмей мүмкіндігінше ілгерілету, кешеннің оң имиджін қалыптастырып, респуб-лика, шет елдерге танымал ету болатын. Ұжымыммен бірлесе атқарып жатқан жұмысымның бағасын әріптестерім немесе білім алушылар мен ата-аналар қауымы бергені дұрыс болар деп ойлаймын. Дегенмен, бірқатар әріптесіммен соңғы жылдары жасап жатқан бірнеше жобаны атап өтейін: 2018 жылы С.Рахманинов атындағы классикалық жанрдың халықаралық байқауын өткізсек, келесі жылы 9 мемлекеттен 720 қатысушы қатысқан «Жібек жолы» халықаралық байқауын ұйымдастырып өткіздік. Біздің колледж республикада алғашқы болып «Trainee» студенттердің тәжірибелік жұмыстарын бағалайтын республикалық байқауын өткізіп келеді. Республикалық арнайы мамандандырылған музыка мектептерінің оқушылары арасында Қазақстанның жас орындаушылары конкурсы, «Павлодар өңірінің музыкалық және бейнелеу өнері — замандас көзқарасы» облыстық ғылыми-шығармашылық конференциясы сияқты бірқатар жоба жүзеге асырылып, үрдіске айналып келе жатыр. Бұл біздің кешен үшін және Ертіс-Баян өңірі үшін де имидждік маңызы зор шара екенін біз жақсы түсінеміз. Ұлттық өнерді дамытуға бағытталған «Күй қазына» — домбырашылар чемпио-наты, «Көнеден жеткен күмбезді әуез» этно-фольклорлық жобасы, «Кітап -мәдениет мәйегі» — кітап оқу сайысы, «Ғасырлар толғауы» — күй кештері, «Әсем қоңыр» — қобызшылар байқауы, сонымен қатар, дәстүрге айналып келе жатқан «Silver sound» конкурсы, «Үздік ұстаз» — қосымша білім беру ұстаздары арасындағы байқау, «Эстрада орындаушылары» облыстық, аймақтық байқауларын атап өтер едім. Шығармашылық ортада маңызы жоғары болуы керек құбылыс – ол шығармашылық шынайы бәсекелестік. Міне, біздің көптеген іс-әрекетіміздің мақсаты — осы шынайы бәсекелестік орта тудыру, сол арқылы жастардың, ұстаздардың өнерін шыңдау, біліктілігін арттыру.
Ұжымның үлкенді-кішілі жасап жатқан жұмыстары аз емес. Мектеп-интернатымыздың оқу жағдайында оқушылар үшін жайлы жағдай жасау күн тәртібінен түспейді. Мәселен, Қаз КСР-нің халық әртісі Рүстембек Омаровтың есімімен арнайы кабинет ашылды. Енді кешендегі барлық топтық кабинеттің жүйесін осындай тұлғалардың шығармашылығы мен өмірбаянына арналған форматқа көшіру идеясын жүзеге асыру ойымызда. Біздің оқу орнының мақтана алатын жоғары көрсеткіштерінің бірі — шығармашылық ұжымдар, оркестрлер, хорлар, ансамбльдер. Шығармашылық концерттік ұжым құру — оңай дүние емес. Ол оқушы санын, білікті маманды және үлкен ресурстарды талап етеді. Егер сіз кез келген музыкалық білім ордасында қандай да бір шығармашылық ұжымын көрмесеңіз, онда ол өнер ордасының сапалы жұмыс істеп жатқандығына күмән келтіре берсеңіз болады. Осы орайда кешенде үздіксіз қызмет етіп, көпшіліктің көзайымына айналған 20 шақты ұжымды айтуға болады. Алдымен ұжымдық саздандыру бұл контингентті біріктіру факторы, сондықтан бұл тек шығармашылық жағынан емес, жұмысты оңтайлы ұйымдастырудың тиімді жолы деп білемін. Соңғы уақытта жүзеге асырылып келе жатқан «Жас екпін» жобасы осы шығармашылық ұжымдардың творчестволық айнасын ашып келеді. Осы жоба аясында біздің ұжым Көкшетау, Омбы, Барнаул қалаларында, облысымыздың аудандарында гастрольдік-концерттік сапарларда болып қайтты. Алдағы уақытта Өскемен, Семей, Қарағанды қалаларын аралау жоспарда тұр. Біздің Түркия, Әзербайжан, Ресей елдерімен бірлесіп жасап жатқан конкурстық жобаларымыз да кешеннің оң имиджін қалыптастыру бағытындағы дұрыс шешім екеніне көзіміз жетеді.
— 60 жылдан астам тарихы бар білім ордасында жетістікке жеткен шәкірттер көп шығар.
— Иә, баршылық. Біздің колледж өз түлектерімен мақтана алады. Олар өздерінің кәсіби біліктіліктерімен республика және халықаралық деңгейлерде танымал болып жүр. Олар біздің ұстаздарымыздың орасан зор еңбегінің жемісі деп ойлаймын. Мысалы, 2021 жылы Мюнхен қаласында өткен «Senior Coupe Mondiale» санатындағы 74-ші халықаралық «Әлем кубогы» байқауында түлегіміз, танымал баяншы Олжас Нұрланов әлем чемпионы атанды, бұл — әлемдік жетістік. Ал Олжабай Темірлан Британияның «Golden Time Talent» және Түркияның «Brige Tv Need For Fest» жүлдесін жеңіп алды. 2021 жылы Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты атанды. Бұл — жастар үшін үлкен өнеге. Біздің өнерпаздар қатысатын конкурстар географиясы өте кең; Италия, Түркия, Германия, Ресей, Франция, Украина, Беларусь, Оңтүстік Корея, Қытай, Жапония, Швейцария, Тәжікстан, Бельгия, Финляндия, Польша, АҚШ елдерінде Қазақстанның намысын талай дүбірлі додаларда қорғап жүр. Мәселен, дәл қазір біздің бір топ студенттеріміз Дубайда өтіп жатқан екі апталық үлкен музыкалық жобаға қатысып жатыр. Мәселен, Даниил Борисов және Жасұлан Төрегелді ТМД елдеріне әйгілі әнші, композитор Батырхан Шүкенов атындағы қоғамдық қордың лауреаттары атанса, Диляра Аса-йынова Әнуар Қуанышеваның «Әнуар шуағы» стипендиясының иегері атанып, ақшалай сыйлыққа ие болды. Оқу-ағарту министрлігі ұйымдастырған ҚР колледждерінің ТОП-100 студенті жобасында әр жылдары А.Рахымжанова, Н.Рерих, К.Жүнісова, А.Аубакиров сияқты студенттеріміз жобаның жеңімпаздары атағын иеленді. Колледждің 14 студенті тұңғыш Президент қорының стипендианттары болып қаржылай көтерме сыйлық алып келсе, 30-дан астам білім алушымыз облыстық «Тәуелсіздік ұландары», «Ертіс дарыны» сияқты арнайы ақшалай жүлделердің иегерлері атанып үлгерді. Жалпы, білім алушыларымыз жыл сайын кешеннің жеңістер қоржынын 700-ден астам әр түрлі деңгейдегі жеңістермен толтырып отырады. Бұл айтуға тұрарлық жетістік деп санаймын. Әрине, бұның барлығы үлкен еңбек, орасан күш-жігер және біздің мықты ұстаздарымыздың маңдай терінің арқасы екені айтпаса да түсінікті.
— Мерейтойға орай қандай жоспарларыңыз бар?
— Иә, биыл музыкалық кешен жанындағы дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернатының құрылғанына 20 жыл және музыкалық колледждің ашылғанына 65 жыл толып отыр. Мерейлі даталарға орай осы жылы бірнеше шара өткізуді жоспарлап отырмыз.
Наурыз айында мамандан-дырылған музыкалық мектептер мен колледж студенттері арасында Қазақстанның жас орындаушылары арасында республикалық конкурс өтеді. Сонымен қатар, облыс деңгейінде маусым айына дейін әртүрлі бағытта 6 конкурстық іс-шара ұйымдастырылады. Жаз айларында «Жас екпін» жобасы аясында Шығыс Қазақстанға гастрольдік сапар жоспарланған. Жыл аяғына дейін осы 65 жылдық тарихты қамтитын бір кітап жазып шығуды да мақсат етіп отырмыз. Онымен қазір арнайы редакциялық алқа айналысып жатыр. Ал сәуір айының аяғына қарай үлкен есептік Гала-концерт беру үшін дайындыққа кірісіп жатырмыз. Енді бір айта кететін жайт: біздің мерейлі даталарымыз қазақ күй өнерінің майталманы, ҚазКСР-нің Халық әртісі, әйгілі күйші жерлесіміз Рүстембек Омаровтың 105 жылдығымен тұстас келіп отыр. Осы ретте Рүстембек атамыздың ұрпақтары атынан кешенге Рүстембек есімін беру ұсынылып отыр. Бұл мәселе қазіргі уақытта тиісті құзырлы мекемелер қарауына енгізіледі деп күтудеміз. Бұйырса, осы шаралардың да куәгері боп қаларсыздар.
— Осы уақытқа дейін өзіңізді өнермен биіктеткен халықтың ортасында елге абыройлы қызмет етіп келесіз. Ұлттық мәдениеттің жанашыры ретінде қазір сізді қандай мемлекеттік мәселелер алаңдатады?
— Сіз бен біз айтып отырған саладағы басты мәселе — ол саланың білім мен ғылымнан ажырап бара жатқандығында деуге болады. Өңірлерде мәдениет саласындағы стратегиялық бағыттардың айқындылығының күмәнділігі, саладағы кадр саясатының жүргізілмеуі, өңірлерге кадр тарту тетіктерінің жоқтығы немесе әлсіздігі, жергілікті жерлерде сала кадрларын дайындау, оған мониторинг жасау мәселесімен ешкім айналысып жатпағандығы, бүгінде мәдениет саласындағы түйткілді проблемаларды айтып талқылайтын ортаның жоқтығы, қоғамдағы жоғары мәдениеттің төмендеп кеткендігі, бәрі-бәрі алаңдатады. Бастысы, бұл саланың тиісті деңгейде қаржыландырылмай келе жатқандығын атап өткен жөн. Айта берсең, қоғамда әлі де түйіні шешілмеген мәселелер жетерлік. Енді емін іздеу керек.
— Өмір жолында, еңбек жолында не нәрсеге анық көзіңіз жетті? Осы орайда қоғам жастарына ақыл-кеңесіңізді айта кетсеңіз…
— Мұндай сұрақтар туындаған кезде біздің жүгінетін піріміз, ол әрине — Абай. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен еңбегің екі жақтап» немесе «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға», дегендей осындай қағидаларды берік ұстанып, өзіндік ішкі өмірлік принциптеріне мықты байланған адам егер әділ және ашық жолмен батыл жүретін болса, қоғам таза, өмір маңыздырақ болатынына көзім анық жеткен. Белгілі бір мақсатқа жетерде алдымен асықпай армандау қажет. Сол кезде ғана армандар орындалады. Сондай-ақ, «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дегендей, жастарға еңбектен деп те айтар едім. Өйткені, әр адам адал жолмен еңбек етіп, бар маңдай терін төксе ғана жұмысының жемісін көре алады.
— Мәнді де мағыналы әңгімеңізге рақмет! Шәкірт жолында жасап жатқан ерен еңбектеріңіз бағалана берсін!
Сұхбаттасқан — Айдана БОРАНБАЕВА.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.