Өзі өмірден озса да, өнері халық жадында. Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының әртісі, әнші Мұхтар Байжұмановтың туғанына 65 жыл толуына орай «Өмірдің өзі — театр» атты әдеби музыкалық кеш ұйымдастырылды.
Мұхтар Байжұманов 1958 жылы Павлодар қаласында дүниеге келген. Өнерге жақын жандардың отбасында дүниеге келіп, кішкентайынан әнге құмар болып өседі. 1976 жылы орта мектепті тәмамдағаннан кейін Алматы қаласындағы эстрада және цирк өнер студиясының ән бөлімне түсіп, халық әртісі Кәукен Кенжетаевтан тәлім алады. Әскери борышын өтеп келген соң еңбек жолын 1980 жылы Аққулы халық театрында бастайды. 1981 жылы Алматының театр және өнер институтының музыкалы комедия бөліміне түсіп, 1986 жылы үздік тәмамдайды. Туған еліне оралып, әр жылдары Павлодар облыстық мәдени-ағарту және халық шығармашылығы әдістемелік орталығында әдіскер, облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары, Иса Байзақов атындағы облыстық филармония директоры, «Шаңырақ» облыстық халық шығармашылығы және мәдени-сауық қызметі орталығының ерлер квартетінің басшысы қызметтерін атқарды. Мұхтар Хамитұлының бастамасымен Павлодарда алғашқы «Қызық-ай» әзіл-сықақ және сатира қазақ театры ашылады. Бойындағы табиғи дарынын еңбекпен ұштастырып, сан алуан қырынан танылған өнер қайраткері 1990 жылы Павлодар қаласында Жүсіпбек Айма-уытов атындағы музыка-драма театры ашылған күннен бастап осы қара шаңырақта еңбек етті. Ол жазушы Мұхтар Әуезовтің «Айман–Шолпан», Е.Брусиловский мен Ғабит Мүсіреповтің «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Ақан сері-Ақтоты», Кәукен Кенжетаевтың «Алдар көсенің айласы», У.Гаджибековтің «Аршин-Малалан», И.Цагарелидің «Ханума», т.б. көптеген қойылымдарда басты рөлдерді шеберлікпен сомдады. Сонымен қатар, сахнада «Баянауыл вальсі», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Бақыт құшағында», «Фиалка», «Santa Lucia» сынды қазақ, орыс, шетелдік классикалық әндерін, романстарын шеберлікпен орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. 2014-2017 жылдары Жүсіпбек Аймауытов атындағы театрдың директоры болып қызмет атқарды. Өнерімен дараланған дарын иесін еске алу кешіне әріптестері, жақын туыстары мен жолдастары қатысты. ҚР Мәдениет қайраткерлері, Жүсіпбек Аймауытов атындағы музыка-драма театрының әртістері – Бейбіт Шәнім және Талжібек Атамбек жылы естеліктерімен бөлісті.
— Мұхтар Байжұманов облыста қазақ театры ашылған күннен бастап сахнада түрлі образдарды шебер сомдап, басты рөлдерде ойнады. Ол әндерді тамаша орындап, қос тілде қатар сөйлейтін еді. Мұхаңның өнерге шынайы жанашырлығы сонша, театрға жан-жақтан қызмет етуге келген қыз-жігіттерді үйіне шақырып, оларға қамқорлық танытып жүретін, — деп еске алды Ж.Аймауытов атындағы театр әртісі Бейбіт Шәнім. Қазақ театр өнеріне еңбегін сіңірген Мұхтар Байжұманов ҚР Мәдениет қайраткері, «Облыс алдына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері құрметті атағына ие болды. Сахна тарланы сомдаған жарқын бейнелер мен әсем әндері көрермен жадында мәңгі сақталмақ. Музей қоры негізінде Мұхтар Хамитұлының өмірі мен шығарма-шылығына арналған көрме көрермен назарына ұсынылды.
Т.ӘБІЛДА.