Астана қаласындағы қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының қызметкерлері өңірлердегі сирек кітаптар мен қолжазбаларды жинау әрі оларды ғылыми айналымға енгізу мақсатында Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейінде жергілікті өлкетанушылармен кездесті. Кездесу барысында қонақтар аталмыш мекеме туралы толығырақ мәлімет алып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің жетекші сарапшысы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлсім Бейсенованың сөзінше, еліміздің ерте тарихынан сыр шертетін қолжазбалар мен сирек кітаптар мұрасын жинақтап, ғылыми айналымға енгізуді мақсат еткен орталық 2017 жылы ашылған. Бұл – Қазақстандағы және шетелдердегі еліміздің тарихына қатысы бар құнды жазба деректерді бір орталыққа жинау, сақтау, зерттеу, аудару және ғылыми айналымға қосу арқылы болашақ ұрпаққа жеткізу мақсатында ашылған тұңғыш орталық.
— Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы – ұлттық тарихымыздың рухани қазынасы. Елдің сан ғасырлық рухани, саяси өмірінен, мәдениеті мен тарихынан мол мағлұмат беретін асыл мұраларымыздың құндылығы қашан да жоғары бағаланған. Өйткені сирек кездесетін қолжазбалар мен алуан түрлі сирек басылымдардың түп нұсқалары – баяғы заманнан бүгінге дейінгі тарихи ұзақ мерзімді қамтитын, әртүрлі тілдерде жазылған баға жетпес құнды жәдігерлердің бірі. Осы орайда, Қазақстанның ұлттық тәуелсіздігін тарихи тұрғыдан баянды етуде жазба мұралардың маңызы ерекше. Ол мұраларда елдік идеямыздың қалыптасуының тарихи даму жолы көрініс береді. Көне түркіден бастап бүгінгі күнге дейінгі өзінің рухани әлемінде 16 жазу үлгісінде жазба мұра қалдырған қазақ ұлтының тарихи, әдеби-мәдени жәдігерлері осы уақытқа дейін ғылыми тұрғыдан жинастырылып, жүйеленіп, сипаттама берілген жоқ, қазақ тіліне де тұтастай аударылмай келеді, — дейді сарапшы.
Қазіргі таңда Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының сирек қоры 2000-ға жуық. Мұнда қазақ халқы мәдениетінің, түркі тілдес басқа халықтардың жазба әдебиеті мен кітап мәдениетінің қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан ойшылдардың, даналардың, ғалымдардың және т.б авторлардың ХІХ-ХХ ғасырларда жарық көрген араб, парсы, түркі (шағатай, көне өзбек, татар) тілдеріндегі 300-ден астам сирек мұралары сақтаулы. Сонымен қатар, ХХ ғасырда басылып шыққан төте жазудағы, латын графикасындағы кітаптар, қазақ ағартушылары мен ғалымдарының еңбектері, батыс және орыс зерттеушілерінің еңбектері, І Петр мен ІІ Екатеринаның кезіндегі 1649 жылдан басталатын Ресей империясының заңдар жинағы, 1890 жылдан басталатын Ақмола, Торғай, Сырдария, Орал, Семей облысы, Жетісу өңірі бойынша ауыл шаруашылығы, демография, мал шаруашылығы, т.б. саланы қамтитын статистикалық шолулар, шағын кітаптар коллекциясы және көне сөздіктер мен энциклопедиялар бар.
Кездесу барысында жергілікті өлкетанушылар бұл бастамаға қолдау білдіріп, бүгінге дейін өлкетану саласында атқарылған ауқымды жұмыстарды баяндады.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.