Облыс тұрғындарының рухани ордасына айналған С.Торайғыров атындағы кітапханада ғылыми, тарихи және мәдени маңызы бар сирек кітаптар қоры бар. Сирек кітаптар залы 2014 жылы кітап сақтау қорынан бөлініп, жеке зал ретінде құрылған. Жуырда аталмыш қор «Омбыдағы пушкиниана» атты миниатюрлік еңбегімен толықты.
Сирек кітаптар бөлімінің басшысы Марина Гончарованың айтуынша, облыс кітапханада жалпы сирек кітаптар жинақталған бес зал бар. Онда көбінесе XIX ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында жарық көрген кітаптар сақталған. Олардың көлемі халықаралық стандарттарға сәйкес, ұзындығы мен ені 3 дюймнен аспайды, яғни 76 миллиметрді құрайды. Кейбіреулері қайта басылып шыққан. Ал миниатюрлік басылымдар қорында Жұбан Молдағалиевтің поэмалары, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романынан үзінділер, өзге де танымал авторлардың туындылары бар. Бастысы, шағын кітаптар қатары жиі толығып отырады.
— Қор негізінен кітап ескерт-кіштерін сақтау, ғылыми өңдеу, зерттеу және пайдалану функция-ларын атқарады. Зал 1998 жылдан бастап «Раритет» бағдарламасы аясында жұмыс істейді. Бағдарламаның мақсаты – әдебиет ескерткіштерін сақтау, оқырман-дардың сирек және құнды басылымдарға қол жеткізуін қамтамасыз ету. Коллекциялық қорда 3000–нан астам жәдігер бар. Қор құрамына көне, ірі көлемді кітаптар, шағын кітаптар, авторлар қолтаңбасы, баспа басылымдары, брошюралар, буклеттер, газеттер мен журналдардың жеке үлгілері, жазбалар, карталар кіреді. Сондай-ақ республика көлеміне әйгілі ақын-жазушылардың жеке кітапханасынан сыйға берілген кітаптар сөресі де жинақталған, — дейді М.Гончарова.
Сирек қор үшін кітаптарды іріктеу мен цифрлау жұмыстары үнемі жүргізіліп отырады. Кітапхана сайтында «е-кітап» электронды кітапханасында сирек кездесетін кітаптардың цифрланған көшірмелері ұсынылған.
2021 жылы залда «дыбысталатын сирек қор» онлайн-жобасы іске қосылған. Жоба оқырмандар арасында кітап қорындағы көпке таныс емес еңбектерді насихаттау үшін құрылған. Осы мақсатта үш жыл бұрын «сирек кездесетін қор» онлайн жобасы іске қосылған.
XIX-XX ғасырдың басындағы кітаптарды белгілі кітап баспагерлері И.Д.Сытин, А.Маркс, Ф.Павленков шығарған. Бұл коллекцияның көп бөлігі көркем әдебиеттен және В.Короленко, А.Писемский, Я.Полонскийдің басылымдарынан тұрады.
Қорда, сонымен қатар 1935 жылы латын графикасымен терілген Ф.Достоевскийдің қазақ тіліндегі «Кедей адамдар» шығармасы», Міржақып Дулатовтың 1925 жылы Орынбор қаласында басылып шыққан араб тіліндегі «Задачник» 2 бөлімді еңбегі, 1929 жылы Семей қаласында басылған «Семей округінің жылнамалығы», 1923 жылы басылған «Қырғыз Кеңестік Социалистік Республикасына статистикалық-экономикалық шолу», Ахмет Байтұрсыновтың белгілі «Әліб-бій», В.В.Радловтың «Опыт словаря тюркских наречии» атты 2 томдық шығармасы мен т.б. еңбектердің түпнұсқалары сақталған.
— 2015-2016 жылдары облыстық кітапхана қоры 11 басылымға толықты. Жыл сайын қорымыз түрлі бағыттағы еңбектермен толықтырылуда. Біз кітаптарды зор риза-шылықпен қабылдаймыз. Сирек кітаптарды көбінесе өңірлік ақын-жазушылардың ұрпақтары мен белсенді оқырмандарымыз сыйға тартады. Олар кітап сыйлау арқылы біздің аймақтың кітап байлығын толықтыруға және көбейтуге көмек-теседі. Біздің бөлімде ай сайын сирек кітаптар бойынша кітапхана оқырмандары арасында экскурсия, кітап көрмесі тұрақты түрде өткізіледі, — дейді бөлім басшысы.
Сирек кітапханалар қоры бүгінде өзінің тұрақты оқырманын тауып үлгерген. Әсіресе, оқушылардың қызығушылығы өте жоғары.
— Кітаптар коллекциясын жинау – үлкен жұмыс. Әсіресе, сирек кездесетін кітаптарды жинау табанды еңбек пен көп уақытты талап етеді. Бұл кітапханадағы құралдардың барлығы түпнұсқа күйінде сақтал-ғаны қуантады. Мамандандырылған әдебиет оқуға құмар қауым үшін бұл рухани орталықтың берері мол. Болашақта қор ұлғая береді деген ойдамын, — дейді жас оқырман Абзал Нығметов.
Айта кетейік, жуырда Омбы қаласындағы әріптестері «Омбыдағы пушкиниана» атты мини-атюрлік еңбегін сыйға тартқан.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.