«Соңғы шешім» — сахнада

Нау 26, 2026

Торайғыров университетінде тағы да бір рухани кеш өтті. Ә.Марғұлан университетінің жанынан құрылған «Ғибрат» студенттік театры кезекті «Соңғы шешім» деп аталатын қойы-лымдарын көрермен назарына ұсынды. Қойылым мазмұны жастарды теріс әрекеттердің салдары туралы ойландыруға, саналы шешім қабылдауға және қоғамдағы оң құнды-лықтарды насихаттауға бағытталған.

Жалпы қойылымда құқық саласынан бөлек біршама адами құндылықтар да көрініс табады. Дүниенің буына алданудың нендей жағдайға алып келетіні, адамның жақсылық пен жамандық арасындағы таңдаудан қателесудің оңай екенін суреттейтін сахналар көрерменді елжіретті.

— Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында, Павлодар облысы прокуратурасының ұсыны-сымен көрерменге жол тартып отыр. Аталмыш қойылым жазушы Мерей Қарттың «Белгісіз бағыт» шығармасының желісімен қойылған. Мұндағы басты мақсаты – жастар арасында заңға құрмет пен құқықтық мәдениетті қалып-тастыру, қоғамдағы өзекті мәселелерге бейжай қарамауға шақыру. Қойылымның ұзақтығы 1 сағат, басты рөлді Ақжол Аюпбек сомдайды. Сахнада өнер көрсететін актерлердің барлығы — Марғұлан университетінің 1, 2, 3-курс студенттері. Қойылымды дайындауға 2 ай уақыт жұмсалды, — деді «Ғибрат» студенттік театрының көркемдік жетекшісі Арайлым Сүндет.

Ә.Марғұлан атындағы университеттің қазақ тілі және әдебиеті мамандығының 2-курс студенті Кемал Шүкірбай үшін бұл қойылым — театр әлеміндегі бастапқы рөлдердің бірі.

— Мектеп қабырғасынан театр сахнасында өнер көрсету арманым болатын. Қазір Ғибрат студенттік театрының арқасында өнер жолында тәжірибе жинақтаудамын. Осы жолы мен Марат есімді кейіпкерді сомдаймын. Ол — басты рөлдегі кейіпкердің досы. Спектакль басында ол жақсы, ал мен жаман кейіпкер болсақ, соңында оның жақсы жаққа өзгеруіне себепкер боламын. Бұл қойылым біраз адамға ерекше әсер қалдырады деп сенемін, — деді ол.

Сара ӘБДОЛ.