Железин ауданында Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай сурет байқауы өтті. Шығарма-шылық сайысқа аудан мектептерінің дарынды оқушылары қатысты.
Железин ауданында өткен жылдың қараша айынан бастап желтоқсан айына дейін қазақтың ұлы ақыны, философ және ағартушы Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына арналған суреттер байқауы жарияланған болатын. Байқаудың бастамашысы жергілікті этнограф және қолөнерші Нұрлан Мұхамеджанов болды. Ол Железин балалар өнер мектебі мен «Айбат» жастар бастамаларын дамыту орталығымен бірге шараны ұйымдастырды.
– Байқаудың бірегейлігі – жеңімпаздың суреті бойынша мерейтойлық монетаның эскизі жасалды, ал оны сатудан түскен қаражат қатысушылар мен лотереяларға арналған сыйлықтарға бағытталды, – деді Железин ауданының ішкі саясат бөлімі.
Байқау нәтижесі бойынша 3-орынды №1 Железин орта білім беретін мектебінің оқушысы Антонина Коломникова, 2-орынды М.Дулатов атындағы орта мектептің оқушысы Алдияр Иманұлы иеленсе, 1-орынды Жаңажұлдыз ауылының орта мектебінің оқушысы Раджымбек Сұлтанәлі алды. Ал бас жүлде Екішоқ негізгі орта мектебінің оқушысы Назерке Серікбаеваға бұйырды. 14 жастағы қыздың сызбасы бойынша мерейтойлық монеталар жасалды. Қолөнерші Нұрлан Мұхамеджанов тиындарды жезден жасап, жүлдегерлерге естелік ретінде табыстады. Қалған монеталар лотереяда сатылды. Сондай-ақ, бірнеше данасы аудандық музей мен кітапханаға тапсырылды.
Өз тілшіміз.