Суреттер ішіндегі шежіре

Нау 7, 2025

Павлодар қаласының Астана көшесінің бойында сан жылдық тарихы бар бірнеше мекеме орналасқан. Солардың бірі — шағын болса да іші көптеген жәдігерге толы Дмитрий Багаев атындағы музейі үйі. Кезінде бұл ағаш үйде 50 жылдан аса белгілі әуесқой фотограф, өлкетанушы Дмитрий Багаев тұрған. Қазіргі уақытта бұл орында фотоөнер классигінің қолданған жеке заттары, фотосуреттері және құнды құжаттары сақтаулы тұр.

Дмитрий Багаев қазақ халқының дәстүрлі тұрмыс-тіршілігі өзгере бастаған ХХ ғасырдың басында бүкіл облысты аралап, сол кезеңдердегі оқиғаларды, адамдардың шынайы өмірін өзінің құрылғысына суретке түсіре алды. Оның суреттерінде, әсіресе, репрессия, ашаршылық жылдарындағы халық тыныс-тіршілігіндегі бейнелерді байқауға болады. Дегенмен, олардың көпшілігін өзі жойған көрінеді. Өйткені, сол уақыттарда Үкімет үйіне келіп тінту жұмыстарын жүргізсе, балаларына кері әсері тиіп қала ма деп қорыққан көрінеді.

Музейдің бас маманы Шолпан Әбдікешованың айтуынша, Дмитрий Багаев фотоға түсірумен қатар, қаланың саяси өміріне белсене қатысқан. Сондай-ақ, Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің негізін қалаушылардың бірі.

— Дмитрий Багаев 1884 жылы 5 қыркүйекте Вятка губерниясының Туманы ауылында шаруа жанұя-сында дүниеге келген. 15 жасында Павлодарға келген ол осында ғұмыр бойы тұрақтап қалды. Көпес Деровтың Воскресен тау-кен өнеркәсібінде курьер бола жүріп, фотоаппаратты алғаш көрген ол фотограф боламын деп шешім қабылдайды. Омбы қаласында белгілі фотограф В.Коркиннен екі жылдай суретке түсірудің қыр-сырын үйренеді. 1905 жылы Павлодарға қайтып келіп, қалада алғашқы фотосалон ашады. Мещан Постникованың үйін жалға алып, кейін оны сатып алады. Оның барлық ғұмыры мен фотосуретшілік шығармашылығы осы үйде өтті. Өмірінің соңына дейін Г.Потанин музейіне басшылық етті. Ол 1958 жылы 23 шілдеде қайтыс болды, — дейді Ш.Әбдікешова.

Салон жанынан ол салған фотопавильон Қазақстан мен Батыс Сібірде сол кездегі фототехниканың талаптарына сай тұрғызылған бірден-бір танымал ғимарат болды. Оның қабырғалары мен төбесі шыныдан тұрғызылып, ішіне тұтас бір қабырғаға екі панно ілінді, қызыл ағаштан жасалған «модерн» стиліндегі жиһаз қойылды. Мұның өзі фотосуреттердің жоғары сапалы болып шығуына мүмкіндік жасады. Ол суреттер музейлерде, көптеген павлодарлықтың жанұялық фотоальбомдарында сақталған. Бұл бірегей павильон 2001 жылы қайта қалпына келтіріліп, шебердің туған күні қарсаңында ашылды. Кәсіпқой фотосуретшілердің пікірінше, фотосурет әлемінде бұл павильон әлі де өте жоғары бағаланады екен.

Әлеуметтік белсенділігі мен зерттеушілік қабілетінің арқасында Д.Багаев өлкеміздің тарихын өзінің өшпес суреттерімен бейнелеп қалдырды. Ол ғылыми-зерттеу жұмысымен үзбей айналысты. Сондай-ақ, орыс география қоға-мының Батыс Сібір бөлімшесінің корреспондент мүшесі болды. Облыстық «Қазақстанды зерттеу қоғамын» құруға атсалысты.

Музей үйінің өзі ХІХ ғасырдың соңындағы мещан тұрмысының тарихы және сәулет өнерінің ескерткіші болып есептеледі. Бүгінде тарихи мекеме үш экспозиция бөлмесінен, фотопавильоннан және қорықты мекен-жайдан тұрады. Музейдің алғашқы бөлмесі – Д.Багаевтың 1905 жылы ашқан фотосалоны. Онда фотографтың өмірде қолданған жеке заттары қойылған. Олардың ішінде жазу үстелі, жұмсақ креслолар, вена орындықтары және қызы Валентинаның Германия елінен әкеліп берген «Rhenmetall borsig» портативті жазу машинасы бар. Сөрелерде Семей генерал-губернаторының суретке түсіруге берген рұқсат қағазының түпнұсқасы, оның 1912 жылы аса жоғары еңбегі үшін алған тұңғыш марапаты «Тамбов фотография қоғамының мақтау қағазы» және өзге де марапаттары қойылған.

Осы залда, сонымен қатар Багаевтың түпнұсқалық фотосуреттерінің «ХХ ғасырдың басындағы қазақ халқының өмірі мен тұрмыс салты» атты фотокөрмесі қойылған. Бұл көріністерде қазақ халқының этнографиясы, салт-дәстүрі бейнеленген.

Келесі зал — тұрғын бөлме. Бұл залда Багаев отбасының қолданған заттары орналастырылған. Онда пианино, ағаштан ойылып жасалған көне айна-трюмо. Музей қызметкерлерінің сөзіне сенсек, келушілер бұл айнаның алдында сырт келбетін түзеп фотоға түсуге дайындалған. Үшінші зал – асхана. Ол бөлмеде асхана жиһазы, оң бұрышта ыдыс қоятын шкаф бар. Ішінде Кузнецов фарфор зауытының шыны ыдыстары, сүт құйғышы және шәйнек сақталған.

Ал музейдің негізгі орындарының бірі – фотопавильон. Оның басты экспонаты болып Багаев 1928 жылы Мәскеуден алып келген Австрияда жасалған «Foigtlender sohn» бірегей фотокамерасы болып саналады. Осы кезден бастап павильонда түсірілген фотосуреттер сол камераның көмегімен жасалған. Арнайы витринада миниатюралық фотопортреттер, шыны негативтерді кептіретін қолдан жасалған тағандар және Дмитрий Поликарповичтің өзі жасаған фотосуреттердің шеттерін кесетін кескіш, шебердің алғашқы фотоаппараттарының бірі «Фотокор» қойылған. Сонымен қатар, картон қағазға сурет жапсыруға көмектесетін жаншу станогы, картон кескіш пен фотоүлкейткіш бар.

Сол жақ бұрышта Багаевтың әйелі Марина Степанованың көйлектері сақталған. Оларды қызы Валентина сақтап, 2002 жылы музей үйіне тапсырған.

Музейде қазіргі уақытта танымал павлодарлық Владимир Бугаев, Александр Пархоменко, Едіге Ниязов, Анатолий Иванов, Жұмағали Сейтенов, Алексей Усов секілді белгілі фотосуретшілердің фотокөрмелері ұйымдастырылады.

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.