Сыры көп сырмақ сыру

Нау 20, 2025

Өңірімізде Наурыз мейрамы қарсаңында алғаш рет «Сырмақ Тime» облыстық байқауы өткізілді. Бұл — бабамыздан қалған сырмақ сыру өнерін жаңғыртуға арналған бірегей шара. Он саусағынан өнер тамған 10 қатысушы өзара бақ сынасып, дайындықтарын көрсетті.  Сондай-ақ, әжелер мен қыз-келіншектер Ұлыстың ұлы күні орталық алаңда көпшілік алдында өнерлерін паш етпек.

Сырмақ – арнайы биязы жүннен басылып, жұқа киізге өзге түсті киізден немесе матадан ою-өрнек сырып, астар салынып тігілетін бұйым. Сырып тігу деп жиілетіп бастырып тігуді айтады. Оның қайып сыру, тепшіп сыру және қабып сыру деген үш түрі бар. Содан болар, бұйым атының өзі жасалу жолына орай, сыру — сырмақ деп аталған. Сырмақ жасалуына қарай өрнекті, бастырмалы және жіппен әдіптелген сынды бірнеше түрге бөлінеді.

Байқаудың мақсаты – халық қолөнерінің ұмытылған түрлерін жандандыру, өңірдегі қолөнер өндірісін дамыту және өскелең ұрпақты қазақ халқының мәдениетімен және дәстүрлерімен таныстыру.

Аталмыш шараға Павлодар облысының түкпір-түкпірінен өз ісінің нағыз шеберлері жиналып, өз туындыларын ғана емес, сонымен қатар оларды жасау әдіс-тәсілдерін, материалмен жұмыс істеу ерекшеліктерін көрсетті. Сондай-ақ, байқауды бағалайтын қазылар алқаларының мүшесі, «Шабыт қайнары» қолданбалы өнер орталығының жетекшісі Уәсилә Нұрмұханбетова бір жарым айдың ішінде қатысушыларға дұрыс бағыт-бағдар беріп, әрқайсысының өнерпаздығына баса мән беріп, қолдау көрсеткен.

– Ұлттық қолөнерді дамытатын байқау ұйымдастыру идесы бір жыл бұрын ойға келген еді. Дер кезінде қолдаушылар табылып, ісіміз жүзеге асты. Бұған дейін шеберлер сырмақты тек үй жағдайында тігіп, жақындарының арасында таратқан. Бүгіннен бастап, ата кәсіптің маңызын арттырып, келер ұрпаққа сырмақ сыру техникасын көрсетіп, насихаттауды жөн көріп отырмыз,  – дейді ол.

Г.Н.Потанин атындағы мұражайдың  басшысы Арман Әлиақпаровтың айтуынша, бала кезінен апа-әжелерінің ою-өрнек салынған сырмақ тігуін көріп өскен. Ұлттық құндылықты бойына сіңіріп, бүгінде мәдениет саласының маманы атанып отырған ол Наурыз мейрамының мәртебесі жылдан-жылға артып, ұмыт болған дәстүрлерінің қайта жаңғыруы еліміздің одан әрі өркендеуіне ықпал ететінін айтады.

Байқауға тәжірибелі шеберлермен қатар, осы өнер түріне қосылып, өңіріміздің шеберлер қатарына қосылғысы келетін жас қолөнершілері де қатысты.

Павлодар ауданының тұрғыны, 67 жасар Сайлаужан Әмірәліқызы 18 жасында тұрмыс құрғалы сырмақ тоқуға бейім болған. Осы күнге дейін қолынан матасы түспей, сүйікті ісіне алтын уақытын бөледі.

– Алғаш сырмағымды 19 жасымда тігіп, жақындарымның алғысына ие болдым. Кілемдерімді көріп, «керемет болып шығыпты, жаңылмай істей бер» дегені әлі есімде. Кейін екі қызымды ұзатқан кезде, әрқайсысына 10 сырмақтан сырып бергенім бар. Ол да — құнды естелік. Қазір қызым — көмекшілерімнің бірі. Осылай қолдау көрсеткен туыстарымның арқасында бір істі бастасам, соңына дейін жеткізіп, көз байлайтын ою-өрнекті сырмаққа қол жеткіземін. Бұрында қой мен қозының жүнін қырқып, ұршық иіріп, екі киізге оюды ойып салатынбыз. Бүгінде дайын матаны қолданып, тез арада жаңа дүниені жасап шығаруға мүмкіндік бар. Дүниеге әкелген 10 баламнан 31 немере, 1 жиен шөбере сүйіп отырмын. Келешекте олар дәстүрді сақтап, біреуі жолымды жалғастыратынына сенемін, – дейді Сайлаужан әже.

Жастық шағын бала тәрбиелеу мен үйдің тұрмыс-тіршілігіне арнаған Алтын апай зейнетке шыққан уақытында қолөнермен айналысып, өміріне жаңа дем сыйлағандай болды. Іс тігуді қазақша қошқар мүйізден бастадым, қазір киізден ойып тігемін. Осы 4 жылда өз ауылымда сұранысқа ие деп айта аламын. Оған қоса, жақын арада вокалдық ансамбль қатысушылары да қызығушылық танытып, үйімнің бір бөлмесінен шеберхана жасап, әжелермен бірге кез келген шаңырақтың сәнін келтіретін таптырмас дүние жасайтын ойымыз бар. Осылайша машинамның жібі таусылғанша тоқтай алмай, сырмақ тоқу өмірімнің айнасына айналғанын байқамай қалыппын,  — дейді Тереңкөл ауылының тұрғыны Алтын Зейнуллина.

Байқауда әжелермен қатар жас қыз-келіншектер де бақтарын сынап көрді.  Атамекен кентінің тұрғыны Арайлым Бексейітова қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі бола тұра, шеберлігін жоғалтпай, қолөнерге де уақыт таба біледі.

– Әжемнің қолынан 10 жасымда ұршық иіріп, жүн түтіп, нәски мен қолғап тоқуды үйрендім. Студенттік шағымнан бері кәсіби түрде айналысып, тапсырыс ала бастадым. Мектеп қабырғасында да өнер саласындағы оқушыларымды байқауларға қатыстырып, бірнеше рет жүлделі орындармен оралғанымыз бар. Сырмақ салудағы шәкірттерімнің бірі —  қызым. Әже жолынан тараған өнерді ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып, қолөнерді одан әрі жандандырамыз, – дейді ол.

«Сырмақ time» қолөнер байқау қорытындысы бойынша,  ІІІ орынды Павлодар ауданының тұрғыны Күріш Ханый, ІІ орынды Сайлаужан Әмірәлі иеленіп, І орынға Алтынхан Хамшыбай ие болды. Қатысушылардың барлығы ақшалай сертификатқа ие болып, өңірлік саласына жолдама алды. Бұдан былай көрермендердің көңілінен шыққан көрмелік байқау дәстүрлі түрде өткізілмек.

Одан бөлек, облыстық байқау жеңімпаздарының қолөнер бұйымдары Г. Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің қорына табысталып, қазақ ұлтының мәдениетін насихаттауға
қолданылады.

Салтанат ҒАББАС.