Қазақтың ұлттық ою-өрнегі безендірілген әшекей бұйымдар кез келген арудың ажарын айшықтап, сұлулығына сән қосары сөзсіз. Бұрын мұндай бұйымдар тек Наурыз мерекесінде кәдеге асса, қазіргі уақытта мол сұранысқа ие болып келеді. Әсіресе, баянауылдық қолөнерші Гүлнәзима Жүсіпбекованың қолынан шыққан дүниелерге қызығатындар көп.

Гүлнәзима Жүсіпбекованың негізгі мамандығы — аудит тексерісі бойынша бухгалтер-экономист. Бүгінде Баянауыл ауданы Қызылтау ауылдық округіне қарасты Лекер елді мекенінің ауылдық мәдениет үйінде әдіскер болып еңбек етеді. Кейіпкеріміздің сөзінше, оның бойына бұл өнер ана сүтімен дарыған. Десе де алғашында әшекей жасауға жай ғана қызығушылық ретінде қарап, шашбау, алқа жасаған. Кейін көздің жауын аларлықтай бұйымдар өзгелердің де назарын аударып, оған туыстары, достары мен таныстары тапсырыс бере бастаған.

— Анам да қолөнер шебері болды. Оның өнері маған дарыды десе болады. Бұл іспен бала кезімнен айналысып келемін. Қолым қалт етсе, бірден тігін машинамды іске  қосып, құрақ көрпе құрауға кірісемін. Одан бөлек, түрлі моншақтардан сөмке тігемін, бүгінде сұранысқа ие шолпы, шашбау, сырға секілді бұйымдарды жасаймын, — дейді Г.Жүсіпбекова.

Гүлнәзима өзі жасаған әдемі де айшықты әшекейлерді мереке күндері ғана емес, күнделікті өмірде де тағып жүреді. Осылайша ол ұлттық бұйымдарды насихаттап, ұлттық нақыштағы бұйымдар мен кез келген киім үлгісін заманға сай үйлестіруге болатынын дәлелдеп жүр.

— Ұлттық әшекейлерге сұраныс артқаны көңіл қуантады. Әсіресе, Наурыз мейрамының қарсаңында, басқа да мерекелерде, қыз ұзату тойларына тапсырыс көп түседі. Әсіресе, ұлттық нақыштағы бұйымдарға жастар мен жасөспірімдердің қызығушылығы ерекше. Бүгінде жастар арасында белдік, шолпы, шашбау, алқа, белбеуге сұраныс көп, — дейді ол.

Кезінде қазақ халқының қолөнер шеберлері осындай бұйымдарды жасауға көбіне күміс металды қолданған. Оның өзіндік себептері де баршылық. Біріншіден, шеберлердің жұмыс барысында қолдануына ыңғайлы, иілгіш, жұмсақ әрі түсі де әдемі, екіншіден, күміс ауру тудыратын элементтерді жоюмен қоса, ағзадағы микробтарды шығаруға септігін тигізеді екен. Тазалық пен байлықтың ажырамас бір бөлігі саналған күмісті тіл-көзден аластайды деген сенім халық арасында да қалыптасқан. Осылардан-ақ күмістің қазақтың өмір сүру салтының маңызды бір бөлігі болғанын байқаймыз.

— Зергерлік бұйымдарды дайындау үшін көбіне мельхиор материалын пайдаланамын. Мельхиордің механикалық қасиеттері, жылу және электрөткізгіштігі жоғары, жемірілуге, тотығуға өте төзімді. Әшекейлерді дайын фурнитураларды біріктіру арқылы жасаймын. Менің қолымнан шыққан ұлттық әшекейлерге қызығып, үйренгісі келетін қыздар өте көп. Олардың да дайын фурнитураларды арнайы алдырып, қиялына қарай қанат бітіруіне болады. Әрине, ол үшін алдымен қолдың ептілігі мен шыдамдылық қажет. Мен секілді қолөнермен айналысатын, қазақы әшекейлерді ұсынатын шеберлер көп. Тіпті, жыл сайын саны артуда. Сондықтан тұрғындарға қолжетімді бағада сатамын, — деп атап өтті қолөнер шебері.

Гүлнәзима әрбір әшекейді заманауи үлгімен ұштастырып жасауға тырысады. Себебі, тапсырыс берушілер жасалған бұйымдардың қайталанбас ерекше әрі күнделікті өмірде тағып жүруге ыңғайлы болуын сұрайтын көрінеді. Тұрақты тұтынушыларының ұсыныстарын ескеріп, соларға лайық қызмет көрсетуді басты ұстанымы санайтын шебер бұйымдарын жергілікті тұрғындарға ғана емес, сырт қаладан тапсырыс берген сатып алушыларға да жөнелтіп жүр.

 

Түйін:

Қазақ халқының ұлттық киімдері мен бұйымдары — мәдениетіміз бен салт-дәстүріміздің айқын көрінісі. Оның заманауи сән нарығына сай түрленіп, жаңашыл көрініске ие болып жатқандығы көпті қуантады. Әрине, олардың осылай қайта жаңғырып жатқандығы — оған жан бітіріп жатқан қолөнер шеберлерінің арқасы. Өз кәсібі арқылы ұлт мәдениетіне өзіндік үн қосып жүрген қазалылық қолөнер шебері Нұрбану Сағырбекқызының да еңбегі ерен десек жарасатындай. Өйткені, ол болмашы әрекеттер арқылы қазақилықты әрдайым трендке айналдыруды көздеді. Біз де сол секілді мүмкіндіктерге ұмтылып, ұлттық мүддеге қарай жұмылсақ, қазақы құндылықтарға деген қоғамдық көзқарастың тұғырын биіктетіп қоймай, табысқа да кенелген болар едік.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.