Осыдан отыз жылдай уақыт бұрын Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрының табалдырығын аттаған Шынар Асқарова осы бір киелі сахнада талай образды жасады. Мәселен, ол «Турандот ханшайымда» басты кейіпкер — Адельма ханшайымның рөлін сомдау арқылы елге етене танылды. Еңбегі де еленбей қалмады. ҚР Мемлекеттік жастар одағы сыйлығының лауреаты атанды. Иә, Шынар Мұқанқызы — қашан қарасаң да тынымсыз шығармашылық ізденісте жүреді. Кинода да ел есінде қаларлық бейнесі жетерлік. Тележүргізуші ретінде де көпке таныла білді. Әйтсе де өнер иесі — М.Әуезов театрының актрисасы деген атқа кір келтірмеуді басты назарда ұстайды. Осы жолда еселі еңбек етіп те келеді. Жуырда кино және театр бағытын қатар алып жүрген талантты актрисамен тілдесудің сәті түскен еді.

— Шынар Мұқанқызы, ұлттық театрдың сахнасында өнер көрсетіп келе жатқаныңызға 30 жылға жуық уақыт болыпты. Одан бөлек, бірқатар отандық кино, сериалдарда бой көрсеттіңіз. Жалпы, әр өнер иесінің бұл бағытқа бірнеше себептермен келетіні анық. Ал сіздің осы салаға келуіңізге не себеп болды?

— Өнер жолына түсу, халықтың адамы болу ес біліп, етек-жеңімізді жинаған сәттен бергі асыл арман болатын. Әкеме жүрек қалауымды айтып, болашаққа жоспарларым туралы ақылдасқанда, ол кісі өнердің кез келген адам төтеп бере алмайтын қиын жол екенін, әсіресе, қыз бала үшін ауыртпашылығы ерек болатынын үнемі ескертетін. Жаспыз ғой, бірін ұқсақ, бір сөзінің астарына үңіле бермейтінбіз. «Әке, сахнаға шығып, жаттап алған екі ауыз сөзді айтып бере алмайды дейсіз бе? Әлде камераның алдында абдырап қалады деп қорқасыз ба?» – деп өз уәжімді айтып, қарсыласып шыға келетінмін. Ұмытпасам, сегізінші сыныпта болуы керек, сауалнама толтыру кезінде «болашақ мамандығыңыз» деген тұсқа «актриса» деп жаздым. Содан бастап арманыма қарай адымдай бердім. Мәнерлеп оқудан, ән айтудан, би билеуден қай жерде байқау өтіп жатса, сол жерде мен жүретінмін және үнемі жүлделі орыннан көрінетінмін. Ал Алматыға, өнер институтына барамын деген нық шешім қабылдауыма ауылдағы мәдениет үйінде істейтін Серік Жұматов деген ағамыздың кеңесі ықпал етті. Мәдениет үйінің басшылығы менің сол шаңырақта қалып, қызмет еткенімді қалаған болатын. «Әлі жассың ғой, оқуға келесі жылы барсаң да болады. Осында қалып, бір жыл тәжірибе жина, сонда институтқа барғанда қиналмайсың» деп үгіттеді. Ал Серік ағай: «Шынар, сен өнер үшін жаралған адамсың. Бойыңдағы Құдай берген дарынды бүгіннен бастап шыңдамасаң, қарайып қаласың. Ауылда мен сияқты қалып қоймауың керек. Қалмайсың да!» – деп мені қайрап, қанаттандырып жіберді. Ағаның сол бір ауыз сөзі себепші болып, арман мен аманат арқалап, Алматыға тартып кеттім. «Ұстаз деген ұлағатты атауды естігенде, күні бүгінге дейін өзімді шәкірттей сезінемін», – деген екен Мәлік Ғабдуллин. Менің де аттары аталса, ойыма шәкірттік қарызым, аузыма алғысым қатар түсетін аяулы ұстаздарым көп. Бағым шығар, институтқа келе сап, Хадиша Бөкееваның сыныбына, Тұңғышбай Жаманқұловтың курсына қабылдандым. Сол кезден бастап бізге біртуар сахна саңлақтары, атағы мен даңқы бүкіл одақтас республикаға жайылған өнер майталмандары сабақ берді. Хадиша Бөкеева мен Тұңғышбай Жаманқұловтың берген тәлім-тәрбиесі өз алдына, сонымен қатар, Оралхан Бөкей, Асқар Тоқпанов, Әшірбек Сығай ағаларымыздың дәрісін тыңдадық. Олардың әр сөзін қалт жібермей, қағазға түртіп, көкейімізге тоқып алуға тырысатынбыз. Өйткені, өнер дейтін даңғыл жолда ұлағатты ұстаздардың өнегесі мақсатымызға қарай бастайтын тұсбағдар болатынын білдік.

— Алғашқы рөл, алғашқы белесті еске алсақ…

– Театр сахнасында жүргеніме 30 жылдан асыпты. Алғашқы қадам Сәкен Жүнісовтің «Кемеңгерлер мен көлеңкелер» атты шығармасы желісінде қойылған спектакль болды. Ол кезде университет қабырғасында оқитын студентпін. Біз қойылымда «көлеңкелерді» сомдадық. Сол кездегі кемеңгер тұлғаларымызбен сахнаға шығу біз үшін қуаныш, мақтаныш және үрей мен қорқыныш болды. Ол спектакль, ол сахна менің есімде мәңгілік қалады. Ал толыққанды актер ретінде жолым қазақ өнерінің қара шаңырағына айналған қазіргі Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрында басталды. Алғашқы рөлім Карла Гоццидің «Турандот ханшайымы» болды. Онда мен Адельма ханшайымды сомдадым. Ол – қойылымдағы ерекше, эмоционалды кейіпкерлердің бірі. Жалпы, спектакль комедиялық жанрда болса, менің кейіпкерім жалғыз өзі трагедияны сүйретіп жүретін.

– Театр сахнасында көбінесе жағымды кейіпкерлерді, ана рөлін сомдайды екенсіз…

– Театр әртісі болғандықтан түрлі рөлде ойнаймын. Бірақ көбінесе жағымды рөлдер бұйырады. Әрине, адам Алла берген табиғатынан да ауытқымайды ғой. Сенің табиғатыңды танып, сол кейіпте көріп алғандықтан, соған ұқсас рөлдерді береді. Кино болсын, театр болсын, сондай қағида қалыптасып қалған. Өз басым оған қарсымын. Жағымсыз, өжет, мінезді әйелдерді де ойнап көрдім. Кейбірі «Сен тым нәзіксің, жүрегің нәзік, көзің күлімдеп тұрады, саған қатал адамды ойнаған қалай болар екен?» – дейді. Біз далада жер қазып жүрген шахтерден Президентке дейін образ сомдайтын адамдармыз. Керек кезде ұстаз да, дәрігер де бола алуымыз керек. Бірақ ол — бірден бола салатын дүние емес, біртіндеп қалыптасатын тәжірибе.

— Ал өзіңіз түскен кинолардың ішінде жүрегіңізге жақын болған рөліңіз қандай?

— Жүрегіме жақын рөлдердің бірі – «Шалғайдағы оқиға». Бұл Нұрболат Абдуллин деген танымал әнші баламыз актерлікке бет бұрған алғашқы фильмдердің бірі болатын. Ол менің баламның рөлін сомдады. Осы сериал менің жаныма өте жақын болды деп айта аламын. Одан кейін өзімді ерекше қырымнан таныта білген бірден-бір ерекше сериалдардың бірі – «Домашние войны» атты сериал болатын. Ол орыс тілінде түсірілді. Себебі, оның режиссері Ресейден еді. «Домашние войны» менің жаныма жақын. Себебі, мұнда бөлек дүние, мүлдем басқаша образ. Екі сериалды алып қарасаңыз, бір-біріне қарама-қарсы образдардың бар екенін байқауға болады. Ал менің алғашқы үлкен рөлдерімнің бірі – Дулат Исабеков ағамыздың «Тіршілік» повесінің желісі бойынша түсірілген «Тауқымет» фильмі. Ол кезде мен институттың төртінші курсында оқимын. Сол кезден бастап кастингтерден өтіп, алғашқы фильмім болды. Ол да менің жаныма ерекше орын алған рөлдерімнің бірі болып енді.

— Өнерден жалыққан кезіңіз болды ма? Егер осындай тығырықтар болса, сізді кім құтқарады?

— Шынымды айтсам, мен кез келген нәрседен жалығып бас тартуым мүмкін. Ондай сәттер өмірде көп кездеседі. Алайда өнерден зерігіп, одан алыстап немесе жалыққан емеспін. Сүрініп, құлап жатқанның өзін де өнеріме тағзым етіп тұрдым. Бойымдағы өнерімнің шынайы екенін білдім. Қиналып тұрып өзіме сендім. Жеңіліс болған күні, ертең жеңіс келетініне міндетті түрде сендім. Өнерден зерігуге болмайды. Осы салаға келгеннен кейін барлығы саған байланысты болады. Өзіңнің талабың, ізденісің болса, онда ешқашан ойың өзгермейді.

— Түсірілім кезінде берілген мәтінді ұмытып қалу, қобалжу секілді ыңғайсыз жағдайлар кездесетіні рас. Осындай жағдайларда қалай тығырықтан шығасыз?

— Әрине, ондай жағдайлар болады. Қобалжу дайындықсыз келген кезде болады. Ал егер сен берілген сценарийді көз жүгіртіп оқып шықсаң, жақсы дайындықпен келсең, қобалжу болмайды. Түсірілімдерде сөзіңді ұмытып қалып жатсаң кешірім сұрап тоқтап қаласың. Сөзіңді дұрыс айтпасаң, қайтадан түсіруге тура келетін жайттар жиі болады. Сосын араға үш секундтай үзіліс жасап жалғастырып кетеміз. Ұмытып қалу сынды дүниелер кинода оңайырақ, оны қайтадан түсіре аласың. Ал нағыз қиындық театр сахнасында туындайды. Сенің алдыңда өзіңмен үзеңгілес, қатарлас актерлер болса, сөзіңді іліп әкетуі мүмкін. Керісінше қасыңда үлкен кісілер ойнап жатқан кезде сенің сөзіңді бағып, ойлап тұрмайды ғой. Ойласа да өз жұмысымен айналысып тұруы мүмкін. Осындай қиын тұстары бар.

– Кино немесе театрдың бірін таңдау керек болса, қайсысын таңдар едіңіз?

– Жаныма театр өнері жақын. Оның несін жасырамын! Театрда шынайылық бар. Кинода театрдағыдай дайындық болмайды, басынан аяқ өз образыңды ашып, ләззат алып ойнай алмайсың. Мәтінді 1-2 рет оқып, санаулы минутта камера алдында ойнап бересің. Бірақ бәрібір экран арқылы шынайылық беру үшін барыңды салып ойнайсың. Ал театрда қаншама еңбек, ұшан-теңіз дайындық бар. Оны санаңа сіңіру үшін мәтінді жүз қайтара оқисың. Қойылымға дайындық басталған уақытта 10 күнді осы мәтінге арнаймыз. Барлық актер үстел басына отырып, мәтінді қайталап оқиды. Ол — күн сайын жалғасатын процесс. Яғни, жасандылық болмай, өз сөзің сияқты шығуы керек. Кинодағыдай өзің қалағанда тоқтатып, қайта ойнайтын дүние емес.

— Ел алдында жүргеннен кейін сыни пікірлер айтылады. Осындай пікірлерге көзқара-сыңыз қандай?

— Сынды өте жақсы қабылдаймын. Сын айтылмай қалған жерде өзіңді өше бастадың деп есептеуге болады. Себебі, біз сол сын-пікірлермен өстік. Сол сындар бізді өсірмесе өшірген жоқ. Сын кімге айтылады? Егер сенің бойыңда жақсылық болса, жетпей жатқан тұсың болса, жолың түзу, бірақ бір нәрсе жеткіліксіз болып тұрса — сын айтылады. Жоқ нәрседен адам бұрылып кете береді. Бар болғаннан кейін сын айтылады. Сондықтан сынды да дұрыс қабылдай білу керек. Мен сынды өте жақсы көремін. Енді сынның да бірнеше түрі бар ғой, қай тұста айтылады, қалай айтылады? Кәсіби тұрғыда айтылған сындарды мен жақсы қабылдаймын. Ал егер басқа себептермен айтылып жатса, мәселен жеке өміріме қатысты болса немесе басқа жағдайларда айтылған сөздерге назар аудармаймын.

— Шынар ханым, алтын уақытыңызды бөліп кеңесте-ріңізбен бөліскеніңізге алғысы-мызды білдіреміз! Әсерлі сұхба-тыңыз үшін рақмет!

 

Әңгімелескен – Айдана БОРАНБАВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.