Павлодар қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастыратын қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы аса көрнекті ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармаларын насихаттауға арналған «Сұлтанмахмұттың қоңыр күзі» атты қалалық байқауы өтті. Байқауға оқушылар, студенттер, жас мамандар қатысты.
Павлодар қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Мейрам Нұғыманның айтуынша, байқау осымен 15 мәрте өткізілді.
— Байқауға барлығы 12 адам қатысты. Олардың ішінде мектеп оқушылары, колледж бен жоғары білім орындарының студенттері және мектеп ұстаздары бар, — дейді М.Нұғыман.
Қатысушылар байқау барысында ақынның романдарынан сахналық көрініс қою, поэмалық шығар-маларынан жатқа үзінді оқу, қаламгердің берілген 15 өлеңінің кез келгенін мәнерлеп жатқа оқу және С.Торайғыров өмірі мен шығармаларына қатысты викторина сұрақтарына жауап беру бойынша сыннан өтті.
Байқау нәтижесі бойынша бас жүлдені №33 орта мектептің 10-сынып оқушысы Даяна Оразбекова, 1-орынды жоғары инновациялық көпсалалы колледжінің 1-курс студенті Аяулым Болатова, 2-орынды Павлодар қаласы №33 мектептің 10-сынып оқушысы Жасмин Әбелдинова, және 3-орынды К.Мақпалеев атындағы орта мектептің 6-сынып оқушысы Мадияр Билялов иеленді. Ал К.Мақпалеев атындағы орта мектептің ағылшын тілі мұғалімі Темірлан Ермек «Асау жүрек» аталымымен марапатталса, Кенжекөл орта мектебінің 10-сынып оқушысы Аружан Сағит «Үкілі үміт» аталымына ие болды.
Барлық қатысушы Алғыс хаттармен және бағалы сыйлық-тармен марапатталды.
А.БОРАНБАЕВА.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек