Жуырда С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана жанынан құрылған «Айна» сурет галереясында ҚР Суретшілер одағының 90 жылдығына орай жергілікті суретші Ақертіс Солтанбаевтың жеке көрмесі ашылды. Онда суретшінің осы жылы орындалған пейзаж жанрындағы 20 туындысы қойылды.
Қылқаламды жанына серік еткен суретшінің сөзінше, оның бойындағы талантының ашылуына алдымен ұстазы Бекболат Құнтаев және әкесі Зекебай Солтанбайұлының үлесі зор.
— Бойымда суретке деген құлшынысымның, талантымның барын білген ұстазым Бекболат Құнтаев натюрморт, пейзаж не екенін түсіндіріп, қолыма алғаш рет қылқаламды ұстатты. Сол кісіге қарап суретші болуды армандадым. Бала қиялмен мектептегі оқуымды аяқтаған соң Алматы қаласындағы колледжде, Т.Жүргенов атындағы академияда білім алдым. Бойымдағы талап — әкем Зекебай Солтанбайұлының қолдауының арқасы. Содан соң сурет әлеміне деген қызығушылығым одан сайын арта түсті. Қолыма қылқалам алсам шабыттанып, ойымдағы бейнені қағаз бетіне түсіре бастадым. Бүгінде тек кескіндеме бағытында емес, мүсін, графика және кітаптарға иллюстративті суреттер саламын. Көрмеде ұсынылған суреттер осы жылы салынған, — дейді ол. Бірнеше картинаның авторы Ақертіс Солтанбаев алғашқы еңбек жолын 1999 жылы Баянауыл ауданындағы Егіндібұлақ орта мектебінде «Бейнелеу өнері» пәнінің мұғалімі қызметінен бастады. Мәдениет саласындағы қызметін 2008 жылы Екібастұз қаласының тарихи-өлкетану музейіндегі көрме залының меңгерушісі лауазымынан бастап, 2012 жылы Павлодар облысының Тереңкөл ауданындағы аудандық мәдениет үйінің директоры, Тереңкөл ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы, кейін аталмыш бөлімнің басшысы болып жұмыс істеді. 2017-2019 жылдары Ақсу қаласының мәдениет және тілдері дамыту бөлімі мен Павлодар қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде басшы болып қызмет етті. 2019-2020 жылдарының аралығында Павлодар облысы ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары, 2020 жылдан Павлодар қаласының Естай атындағы мәдениет сарайы басшысының қызметін атқарды. 2022 жылдан бүгінгі уақытқа дейін Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейі басшысы болып еңбек етеді. Ақертіс Зекебайұлы облыстың көркемсурет өнерін дамыту мен насихаттау, мәдени мұраны сақтап қалу аясында атқаратын қызметтік міндеттерімен қатар кескіндеме, графика, мүсін және цифрлық дизайн салаларында шығармашылықпен айналысып, көрмелер мен байқаулар, пленэрлер сияқты шығармашылық жобаларға суретші ретінде қатысады.
Айдана БОРАНБАЕВА.