Сұлу өнердің сыршыл шебері

Ақп 6, 2025

Табиғат және тіршілік. Тарих және өлкетану. Осы ұғымдарды педагог-суретші Наталья Решетованың картиналарынан байқай аласыз. Жуырда Н.Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінде қылқалам шеберінің «Менің махаббатым» атты көрмесінің тұсаукесері өтті. Оған суретшінің әртүрлі жанрда орындалған 60-қа жуық жұмысы ұсынылды.

Наталья Решетова – пленэрлер мен көрмелердің тұрақты қатысушысы. Ол пейзаж, портрет, натюрморт сияқты жанрларда жұмыс істейді. Өнері жан-жақты. Он саусағынан өнер тамған шебер майлы бояу, акварель, киіз басу, фетр сияқты материалдарды қолданады.

Оның туындыларынан қазақ халқының ұлттық мәдениеті, махаббат, тіршілік, саяхат, туған өлкеге қатысты туындыларды байқауға болады. Мәселен, «Қожа Ахмет Яссауи кесенесі», «Гүлденген Қазақстан. Процветающий Казахстан», «Туған дастархан» атты суреттерінде қазақ халқының тарихынан хабардар бола аласыз. Ал акварельмен салынған «Жарқын жағажай», «Көңілді жағажай», «Жерорта теңізі», «Қызыл теңіз» жұмыстарында әлем бойынша әртүрлі сапарлардан алған әсерлер туралы баяндайды. Ал портреттік-жанрлық картиналарында Олжас Жәміш, Майра Уәлиева, Лиза Зяблицева, Виктор Поликарпов, Залина Тарчокова, Алексей Усовтың портреттері бар.

— Әр картинаны салу барысында әрбір деталіне ерекше мән беремін. Себебі, олардың барлығы бір-бірімен тығыз байланысты. Әсіресе, пайдаланатын бояулардың сапасы мен түсіне ерекше мән беремін. Жұмыстарымның көпшілігі Отанға, кескіндемеге, сәндік өнерге, поэзияға және махаббатқа арналған. Олардың барлығына бар күш-жігерімді, шынайы сезімімді салдым. Бұл көрермендерге ерекше әсер сыйлайтыны анық. Жалпы, өзімді бақытты суретшімін деп айта аламын, — дейді Наталья Решетова.

Айта кетейік, көрме келесі айдың соңына дейін жұмыс істейді.

Өз тілшіміз.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.