Елімізге танымал сазгер, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Тұрдықылыш Ізтаевтың «Нурикамал» әнін білмейтін қазақ кемде-кем. Дегенмен қырық жылдай уақыттан бері орындалып жүрген әннің шығу тарихынан бейхабар жандар да баршылық. Бүгінге дейін еліміздің бірнеше өнер ордасы әннің шығу тарихына қатысты қойылымдарын ұсынып келді. Жуырда бұл туынды фильм ретінде де еліміздің барлық кинотеатрында көрсетілімін бастады. Режиссері — Ернат Байұзақ.
«Нурикамал» әні қалай жазылды?
1988 жыл. Мамыр айы. Ел өзгеру қарсаңында тұрған уақыт, ал көпшілік үшін – терең жеке ізденіс пен түңілу сәті. Осы уақытта дарынды, бірақ шығармашылық дағдарысты бастан өткерген жас композитор Тұрдықылыш Ізтаев күйзеліске түсуге шақ қалады. Осының салдарынан отбасына, бала-шағасына, тұрақты жұмысына қарамастан өмірінің мәнін жоғалтқанын сезінеді. Бір кездері оған шабыт беріп, жан дүниесін шаттыққа толтырған әуен қазір бос, мағынасыз болып көрінеді. Сазгер өзге композиторлар секілді тарихта қалатын әнді жазуды армандайды. Алайда шығармашылықтың жоғалған отын қайтаратын бірде-бір идея таба алмайды.
Жұбайы, ұзақ жыл бірге өмір сүрген белгілі ақын Ханбибі Есенқарақызы күйеуінің қиын кезеңді бастан өткеріп жатқанын жақсы түсінеді. Ол жарын жалғыз қалдырмай, оған қолдау көрсетуді шешеді. Сөйтіп, оның мазалаған мәселелерінен біраз уақыт үзіліс жасап, отбасымен Майдай тауларына саяхатқа баруды ұсынады. Ханбибі таза ауа, табиғаттың тыныштығы мен жалғыздық Тұрдықылыштың күш-қуатын қалпына келтіріп, музыкада жаңа жол табуға көмектеседі деп үміттенеді. Дегенмен, бұл демалыс мүлдем басқа нәрсеге айналады. Шабыт іздеген Тұрдықылыш тау мен табиғаттың көлеңкесінде Ақмоладан келген жас қыз Нурикамал Сейітжановаға жолығады. Оның жарқын келбеті, тұлғасы мен ерекше сұлулығы композиторды өзіне тартады. Сол сәтте Нурикамал өнер иесінің шабыт көзіне айналып, жаңа әуендер дүниеге келеді. Күйеуінің өзінен бірте-бірте алыстап бара жатқанын сезген Ханбибіде қызғаныш сезімі өрши бастайды. Бірақ жолдасының Нурикамалға шығармашылық тұрғысынан ғашық екенін түсініп, мәтіні жоқ әуеніне сөз жазып беруді жөн санайды.
Ол өзінің сұхбаттарының бірінде: «Балалармен жатын бөлмеде жатқанбыз. Кенеттен пиани-ноның дауысы естілді. Сол сәтте Тұрдықылыштың жаңа әуенінің дүниеге келгенін сездім. Ол сөзі жоқ әуенді қайталап айта берді, айта берді. Кейін жолдасымның жұмыс бөлмесіне барып, одан қағаз бен қалам сұрап, әніне сөз жаза бастадым.
Ойыма бірден:
«Аспандағы ай ма дедім,
Жастық шағым қайда менің?
Жүрегімді елжіреткен,
Жаным, қандай
жайдары едің», — деген өлең жолдары келді. Сосын жазған сөзімді жолдасыма көрсетіп, айтқың келгені осы ма дедім. Ол қысқа да нұсқа «иә» деді. Кейін ғашық болған жанның атын сұрадым. Осыдан қайырмасы:
«Нурикамал, Камалым-ай,
Күндей ашық жанарың-ай.
Қолым жетпей, сөзім де өтпей,
Жаутаңдадым, қабағыңа-ай, қарағым-ай» — деп жалғасып, сөзі әуенге бірден үйлесе кетті. Ары қарай тағы екі шумағын қағазға түсірдім.
Әйелдің барлығында дерлік эгоистік сезім болады. Бірақ көбі жағдайдың байыбына бара бермейді. Алғашында «Менен артық ол қандай адам? – деген секілді қызғаныш сезімі болғанын жасырмаймын. Дегенмен Нурикамалды өмірде көргеннен кейін жолдасымның талғамына риза болдым. Себебі, ондай сұлу бойжеткенге ғашық болмау мүмкін емес еді. Осылайша «Нурикамал» әні дүниеге келді. Бұл туындыны Естайдың Қорланы секілді бағаладым, — деп айтады Ханбибі Есқарақызы.
Әнді алғаш рет Құрман Шойынбеков есімді әнші орындаған. Уақыт өте келе ақын Фариза Оңғарсынованың сұрауымен Кенжеғали Мыржықбаев шырқап жүрді. Қазір бұл ән халыққа Жұбаныш Жексеннің орында-уында танымал.
Шабыт және махаббат
Жан тебірентер әуезді әннің күллі халықтың көкейіне ұялауында не құдірет бар?! Сыр-сымбатымен композитордың жүрегін дір еткізіп, есімі әнге айналған Нурикамал Сейітжанова мәдениет саласында қажырлы еңбек еткен дара тұлға екенін көрерменнің бірі білсе, бірі білмес. Осынау сазы мен сөзі үндескен табиғаты бөлек әннің шығу тарихын фильм режиссері Ернат Байұзақ театр сахнасынан басқа стильде, өзгеше сценариймен таныстыруды мақсат еткен.
— «Нурикамал» романтикалық драмасын түсіру идеясы бәрімізге белгілі «Нурикамал» әнінің тарихынан пайда болды. Фильмді жарты жыл ішінде дайындап, халықтың назарына ұсындық. Түсіру жұмыстарына кіріспес бұрын Ханбибі апамызды, жолдасы Тұрдықылыш ағамыздың өмірін, өнерін, барлығын жан-жақты зерттеп, тіпті Ханбибі апамызға барып, сұхбат құрып, сол кісілердің киім киісі, бет-әлпетіне келетін актерлерді іздедік. Оның ішінде бізге Тұрдықылыш ағамыздың рөлін сомдайтын адамды табу қиын болды. Соның себебінен кастинг ұзақ уақытқа созылды. Соңында театр және кино актері Олжас Дәлелханды таптық. Ханбибі апамызды – Гүлбахрам Байбосынова, ал Нурикамалды Фариза Ескермес сомдады. Осылайша нағыз кәсіби мамандарды таңдап алдық. Продюсерлердің айтуынша, фильмді түсіруге 150 млн теңгеге жуық қаражат кетті, — дейді фильм режиссері.
Басты кейіпкерлердің бірі Ханбибінің рөлін сомдаған Гүлбахрам Байбосынова кейіпкерді алып шығу оңай болмағанын әрі ол үшін көп ізденгенін айтады.
— Ханбибі апамыздың берген барлық дерлік сұхбатын қарап шықтым. Осылайша ол кісінің мінезін өз бойыма сіңіріп, толықтай ашып шығуға тырыстым. Жалпы, бұл — махаббатқа құралған, махаббаттан туған әннің тарихын көрсететін фильм. Әйелдерге ой салатын фильмнің бірі болады деп ойлаймын, — дейді Г.Байбосынова.
Ал сазгер Тұрдықылыш Ізтаевтың рөліндегі театр және кино актері Олжас Дәлелханның айтуынша, фильм ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған жері Қарасаз ауылында екі аптаға жуық уақытта түсірілген.
— Мен үшін басты кейіпкерді сомдау – үлкен жетістік. Тұрдықылыш Ізтаев секілді белгілі сазгердің рөлін сомдау бір жағынан бақыт болса, екінші жағынан жауапкершілік екенін ұғындым. Түсірілім екі аптаға созылды. Монтаждау секілді жұмыстарды қосқанда шамамен жарты жылдай уақыт кетті, — дейді О.Дәлелхан.
Бүгінде әлеуметтік желілерде бұл фильм туралы пікірлер екіге бөлінген. Кейбірі ән авторының жұбайы Ханбибі Есенқарақызын «Дана әйел, күйеуіне қолдау көрсетіп, ғашықтық деген албырт сезімін түсіне білді» десе, кейбірі «сүйген адам қызғанбай ма?» деп ойларын білдіруде.
Қалай дегенмен, барлық ой-түйінді өзіңіз кинотеатрға барып түйгеніңіз жөн болар.
Әзірлеген – Айдана БОРАНБАЕВА.