Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінде музейдің 60 жылдығына орай «Біздің мұра» атты мерейтойлық көрме ашылды. Мерейтойлық көрмеде музейдің коллекциясында көптеген жыл бойы жинақталған бейнелеу өнерінің үздік жауһарлары ұсынылды.

Олардың қатарында Әбілхан Қастеев, Жаңатай Шарденов, Әубәкір Исмаилов, Гүлфайрус Исмаилова, Айша Ғалымбаева, Сахи Романов секілді белгілі қылқалам шеберлерінің кескіндеме, графика, мүсін және сәндік-қолданбалы өнерге қатысты 100-ден астам туындысы бар. Сонымен қатар, музей қорындағы үздік туындыларды қамтитын мерейтойлық каталогтың тұсаукесері өтті.

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, Павлодар қаласының тұрғындары мен қонақтарын және осы бір тілсіз һәм тылсым өнер туындыларына жаны жақын жандарға көрменің сыйлаған әсері мол болды. Бұл көрменің өзге көрмелерден ерекшелігі – елімізге танымал қылқалам шеберлерінің үздік туындыларының көпшілік назарға ұсынылуы мен мәдени мекеменің мерейтойы болды.

Мән-маңызы терең игі шараға облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан қатысты. Ол көрмеге қойылған туындылар жас ұрпақтың бойында сурет өнеріне деген құштарлықты ерте ояту – негізгі мақсат екенін атап өтті.

Көрмеге жиналған қауым елімізге танымал отандық бір топ суретшінің картиналарын тамашалай алды. Сондай-ақ, музейдің тарихынан және үздік туындылардан құрылған мерейтойлық каталогпен танысты. Мәселен, танымал қылқалам шебері Әбілхан Қастеев суреттерінде өмір шындығын шын мағынасында суреттеп, оқиғаны, табиғатты документтік дәлдікпен көрсете алды. Бұл суретші шығармаларының негізгі ерекшелігі болды. Зерттеуші ғалымдар қазақ халқының тарихын кітап ретінде жазып қалдырса, Ә.Қастеев халқымыздың еңбек өмірін, тың жерлерді игеруден бастап, бүгінгі күнге дейінгі тарихын айнадан көрсеткендей қылқаламымен айқын бейнелеп берді. Отанын, халқын жанындай сүйетін патриот суретшінің сарқылмайтын сан салалы тақырыбы – Советтік Қазақстанның өміріне арналған жылнама іспетті. Сондай-ақ, Гүлфайрус Исмаилова, Айша Ғалымбаева секілді қылқалам шеберлерінің еңбектері де келушілердің ыстық ықыласына бөленді.

Айта кетейік, облыстық көркемсурет музейі 1964 жылы құрылған. Музейде көркемсурет, графика, мүсін, сәндік-қолданбалы өнерінің үлкен жинағы көрсетілген. Музей қорында 5500-ден астам экспонат бар. Жинақтаманың ең маңызды бөлігі – еліміздегі кәсіби көркемсурет өнерінің қалыптасуы, Қазақстан суретшілерінің еңбектері. Сонымен қатар, музей жинағында 1930-40-жылдар аралығында Қазақстанда жұмыс істеген көрнекті шеберлердің шығармалары өз орнын тапқан.

Мәдени мекеме қабырғасында 20-дан аса экспозиция мен көрмелер ұйымдастырылады. Бұл музеймен Қазақстанның мұражайлары мен галереялары ғана емес, сондай-ақ Омбы, Новосібір музейлері, Британдық кеңес, Гете институты, «Сорос-Алматы» қазіргі заманғы өнер орталығы, «Ашық мұражай» және Ресей мұрайжайларының ассоциациясы бірге қызмет етеді.

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.