Уақыт талабына сай жаңғырып, рухани кеңістіктің тынысын кеңейтіп отырған облыстық Бұқар жырау атындағы өнер және әдебиет музейі бүгінгі күні заманауи мәдени орталыққа айналуда. Ұлттық құндылықтарды ұлықтаумен қатар, интерактивті жобалар мен шығармашылық бастамалар арқылы музей қызметі жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Дәстүрлі мұраны қазіргі заман үрдісімен ұштастыра білген бұл мәдени орда қоғам мен көрермен арасындағы байланысты нығайтып, рухани сұранысқа жауап беретін маңызды алаңға айналып отыр.
Соңғы уақытта музей жұмысы жәдігерлер қорын толықтырумен қатар, оқушылар мен жастарға, сондай-ақ түрлі әлеуметтік топ өкіліне бағытталған танымдық-тәрбиелік шаралармен кеңейіп келеді. Рухани мұраны дәріптеуге арналған кездесулер, дәрістер, шығармашылық кештер мен интерактивті жобалар жас ұрпақтың ұлттық тарих пен әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, мәдени сабақтастықтың нығаюына ықпал етуде.
Мәселен, музей басшысы Ербол Қайыровтың сөзінше, мекеме қызметкерлері балабақша және мектеп жасындағы бүлдіршіндерге арналған тарихи маңызы зор әрі өскелең ұрпақты патриоттық пен адамгершілікке баулитын мультхикаялар әзірлеуді қолға алған. Әрбір мультхикаяны дайындауға шамамен екі айға жуық уақыт жұмсалады. Алдағы уақытта аталған туындыларды облыс аумағындағы балабақшалар мен мектептерге кеңінен тарату жоспарланып отыр.
– Қазіргі уақытта музей қызметкерлері жергілікті дәмха-наларда, мейрамханаларда және қоғамдық орындарда таратуға арналған арнайы ақпараттық кітапша дайындады. Онда музей, оның бөлімдері, сондай-ақ ондағы белгілі тұлғалардың еңбектері мен тұтынған заттары туралы мәліметтер қамтылған. Одан бөлек, әр бетке орналастырылған QR-кодтар арқылы музейге бармай-ақ, жәдігерлермен және тарихи тұлғалардың мұрасымен танысып, мекеме туралы арнайы дайындалған деректі фильмді де тамашалай алады.
Сонымен қатар, кітапшаның соңғы бетінде музейдің әлеуметтік желідегі парақшалары көрсетілген. Осы арқылы оқырмандар аталған мәдени орталықтағы жаңалықтар мен хабарлардан жедел ақпарат ала алады.
Музей жұмысының басым бағыты жастарға арналуына байланысты, биыл интерактивті тач-панель құрылғысы сатып алынып, бірнеше тың жоба әзірленуде. Соның бірі – облыстың интерактивті картасы. Бұл карта арқылы аймақтың кез келген ауданынан шыққан белгілі тұлғалар туралы мәлімет беріліп, жасанды интеллект көмегімен олардың бейнелері ұсынылады. Қазіргі таңда жобаның пилоттық кезеңі дайындалып жатыр, ал ресми таныстырылымын наурыз айында өткізу жоспарлануда. Сонымен қатар, голограмма құрылғысы арқылы тұлғалардың бейнесін көрсету мүмкіндігі де енгізілмек. Биыл мерейтойлары аталып өтетін Қошмұхамбет Кемеңгеров пен Байғабыл Жылқыбаев сынды танымал тұлғалардың бейнелерін әзірлеу көзделіп отыр, – дейді музей директоры.
Өткен жылы музейдің баста-масымен және демеушілердің қолдауымен бірнеше маңызды еңбек жарық көрді. Солардың бірі – ұмыт болып кеткен қоғам қайраткері Сәдуақас Шормановтың 175 жылдығына арналған еңбек. Жарық көрген кітап Қазақстанның бірнеше қаласы мен Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы архивтерде сақталған сирек қол-
жазбалардан жинақталған. Онда қоғам қайраткерінің өмірбаяны
мен мақалалары қазақ тіліне аударылған. Аталмыш еңбектің тұсауы өткен жылы Астана қала-сындағы Л.Гумилев атындағы ұлттық университетте кесілді.
Одан бөлек, отандық геология саласына зор үлесін қосқан «дала академигі» Қосым Пішенбаевқа арналған «Қосымның тағдыры», Кеңес Одағының батыры Серікбай Мүткеновке арналған «Ерлік пен естелік», ақын, ұстаз Қабек Сағитовтің 95 жылдығына арналған «Айқас», сондай-ақ белгілі ақын әрі сазгер Иса Байзақовтың 125 жыл-
дығына орай ақын Мизан Жұмәлінің «Дауылпаз ақын» атты кітаптары жарық көрді. Бұл бастамалар музей қызметкерлерінің рухани мұраны насихаттау мен жас ұрпаққа тарих пен әдебиетті дәріптеу бағытындағы жүйелі еңбегінің айқын көрінісі болып отыр.
– Биыл да қоғам қайраткер-лерінің мерейтойлары баршылық. Мысалға, Алаш қайраткері, жазушы
және драматург Қошмұхамбет Кемеңгеровтің балаларға арналған «Момынтай» әңгімесін қазіргі бастауыш сынып оқушыларының деңгейіне сай етіп өңдеп, қайта басуды жөн көрдік. Ал кітаптағы иллюстрациялық суреттер жасанды интеллекттің көмегімен дайындалады. Оған қоса, театр актері әрі режиссері Кәукен Кенжетаевтың 110 жылдық мерейтойы да аталып өтеді. Осы орайда өнер иесінің атасы Кенжетайдың өз кезінде жазған қолжазбалары назарға алынды. Онда аңыздар, дастандар, қиссалар, сондай-ақ Шоң би мен Торайғырға қатысты тың мәліметтер төте жазумен қалдырылған. Бүгінде қолжазбалар төте жазудан аударылып, жарыққа шығуға дайындалуда. Демеушілер де табылды.
Сонымен қатар, жазушы, драматург Жүсіпбек Аймауытовтың «Қартқожа» әңгімесінің прототипі болған алаш ордалық Қартқожа Тоғанбаевтың өміріне қатысты тың деректерге негізделген еңбек те жарық көреді. Одан бөлек, келесі жылы аталып өтетін Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай жас қаламгерлер арасында байқау ұйымдастыруды жоспарланып отыр. Байқау барысында балалар өз еркімен тақырып таңдап, ең үздік деп танылған бес өлеңін ұсынады, ал таңдаулы шығармалар кітап болып жарық көреді. Бұл байқауды, бұйырса, Республика күні қарсаңында өткізу көзделіп отыр, – деп жоспарымен бөлісті Ербол Мәтіұлы.
Музейдің негізгі жұмысы – жәдігер қорын толықтыру. Осы бағытта мекемеде бірқатар ауқымды жұмыс жүргізілуде.
– Музейді жәдігерлермен толық-тыру мақсатында жыл сайын экспедициялар ұйымдастырылады. Әсіресе, өткен жылы Семей, Астана, Алматы қалаларына барған сапарымыз қорымызға мол жаңалық әкелді. Солардың ішінде ерекше құнды жәдігер – белгілі ақын Жамбыл Жабаевтың соңғы жылдарында жанында хатшы болып қызмет еткен адамның 1930–1940 жылдарда жазған екі қолжазбасы. Қолжазба латын қарпімен жазылған және тарихи мәні өте жоғары.
Біздің өңірге қатысты тың деректер мен материалдар Ресей қалаларында да сақталғанымен, қаржы тапшылығы экспедицияларды уақытша тоқтатып тұр. Дегенмен, биыл Ресейдің Омбы қаласына бару жоспарланып отыр. Себебі, бұл аймақта қазақ ауылдары көп болғандықтан, өңіріміздің тарихы мен мәдениетін толық зерттеуге мүмкіндік тумақ. Қазіргі уақытта «Елеусіз қалған есімдер» атты жобамыз іске асырылып жатыр. Осы жоба арқылы есімдері аталмай қалған тұлғалардың туыстары мен ұрпақтары хабарласып, сол азаматтардың еңбектері мен жеке заттарын музейіміздің қорына тапсырып жатады. Жалпы, өткен жылы республика бойынша 150-ге жуық көрме және 800-ден аса шара ұйымдастырылды, – деді Ербол Мәтіұлы.
Айдана БОРАНБАЕВА.
