Қазақ атының даңқын шығарып, терең ойлы шығар-маларымен әлемге танылған Ілияс Есенберлин ел тарихында өшпес із қалдырды. Өңіріміздің зиялы қауымы және өскелең ұрпақтың қатысуымен жазу-шының 110 жыл толуына орай әдеби кеш өтті.
Қазақ әдебиетінде «Көшпенділер», «Алмас қылыш», «Жанталас» және «Қаһар» атты тарихи романдарының орны бөлек. Әйгілі жазушы өз шығармаларында Қазақ хандығы мен билік туралы шындықты жырлаған шешендер жайлы дүниелерді зерттеп, құнды мәлімет жиған. Бала кезінен қиындық көріп өскен дара тұлғаның өмір сүруге деген құлшынысы зор болғаны байқалады. Неге десеңіз, майданда жарақат алып, отау құрған соң, тергеуге алынған ол, қиындыққа мойымай, асқақ ойлы шығармаларын дүниеге әкеледі.
Бүгінде аталмыш «Көшпенділер» трилогиясы — қазақ шығармалары арасында жапон тіліне аударылған жалғыз шығармалардың бірі. Мамандығы инженер болғанымен, қаламгерлік қасиеті өрге жүзген жазушы тарихқа ғана үңілмей, махаббат тақырыбын да жүрек тебіренте жаза білген. Бұл жайлы Ілияс Есенберлиннің құрметіне өткізілген әдеби кештің қонақтары сөз етті.
– Ел тарихында ерекше орын алған роман ерте шыққанда мүмкін заман басқа болар еді. Жазушы өнеркәсіпте қызмет етіп, кейін талай қиыншылықтарға кезіккен соң мазмұнды туынды алысқа шегінді. Уақыт өте келе Д.Қонаев оның бойындағы тума дарынын аңғарып, Жазушылар одағындағы беделін арттыруға ықпал етеді. Міне, тарихи оқиғаларға әдеби сарын берген жазушының шығармалары қашанда өзекті, – дейді филология ғылымдарының докторы, профессор Айтмұхамбет Тұрышев.
Сонымен қатар, осы күнде әлемге әйгілі жазушының құрметіне білім ордаларының атауы беріліп, мүсіні орнатылған, құнды жәдігерлер сақталып, жас ұрпаққа танымды әдеби кештер ұйымдастырылады. Өткен заманда тарих пен әдебиетке еңбегі сіңген біртуар жазушының берері мол.
Салтанат ҒАББАС.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.