Музей дегенде бірден еске көненің көзі, тарихтың куәсі болған бұйым, әлдебір заттар еске келеді. Тарихи орда — өткеннің куәсі. Атаулы мерекеге орай, күннің салқын лебіне қарамастан рухани азық алуға келген жиылған жанның қарасы көп болды. Аға буын өкілдері немерелерін жетектеп, ұстаздар оқушыларымен ағылды.
18 мамыр — Халықаралық музей күніне орай Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейінде «Музей — өткеннің, бүгін мен болашақтың бейнесі» атты театрландырылған қойылым ұйымдастырылды. Сондай-ақ, жиналғандардың назарына инсталяциялық көрме ұсынылып, әдеби-сазды кеш өтті. Шараға облыс әкімі Асайын Байханов, зиялы қауым өкілдері, шаһар тұрғындары қатысты. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 165 жылдығына орай ұйымдастырылған «Бір суреттің тарихы» атты кеш жиналғандарға ерекше әсер сый-
лады. Көпшілік асыл тұлғадан қалған жалғыз сурет қана бар екенін біледі. Онда Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің жанында досы Әбдіразақ Дүржанұлы және ортада түрегеп тұрған Аллажар Әбдіразақұлы бейнеленген. Кеште суретке түсуге себепкер болған Аллажар Әбдіразақұлының шапаны алғаш рет көпшіліктің назарына ұсынылды. Осындай құнды жәдігердің музей қорына табысталуына себепкер болған ақын Жанаргүл Қадырованың айтуынша, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы көзі тірісінде фотосуретке түсуге келіспеген.
— Әулиенің жалғыз сақталған суретіне түсуге көндірген — Аллажар ата. Ойшылдың жан досы, түйдей құрдасы Әбдіразақ атаның баласы Аллажар еді. «Көндірді» дегенде, ол жас күнінде Мәшһүрге еркелеп жүреді екен. Содан соң әкесі Әбдіразаққа айтыпты, «неге көнбейсің суретке түсуге, арамыздағы жалғыз ерке баланың көңілін қалдырайын деп пе едің? Көңілін қалдыратын болсаң, мен саған өкпелеймін» деп айтыңызшы деген. Соның өзіне Мәшһүр ата кеудесіне Құран кітабын қойып түскен. Екібастұз қалалық «Отарқа» газетінде «Мәшһүртану белестері» медиа жобасы бар. Жобаның ерекшелігі — көбінесе ғұламаның әулиелік жағына қарап жатса, біз Мәшһүр Жүсіптің жанында жүрген оның қолжазбаларын сақтаған, атқосшысы болған жандарды біле қоймаймыз. Олқылықтың орнын толтыру мақсатында қасында жүрген Қанапия атқосшы, Жәми ұста жазбаларында кездесетін адамдарды зерттеу барысы арқылы осы шапанды таба алдық, — дейді Ж.Қадырова. Шапанды жылдар бойы сақтап, осы күнге жеткізген келіні Г.Айыпова естелігімен бөлісті.
— Аллажар Әбдіразақұлының ұрпақтарына қалдырған сарғылт шапанды 1967 жылдан бері сақтап келеміз. Атамның көзі болған шапанды күтіп ұстадық. Бала-шағамызға киюге мүмкіндік бермедік. Үйдегі балдырғандар аталарының шапанын киіп, жастанғысы келетін. Десе де, оған жол бермедік. Ендігі кезекте құнды жәдігердің музей төріне орналасуы — әулетіміз үшін зор қуаныш, — деді Аллажар Әбдіразақұлының келіні Гүлдана Айыпова. Облыс әкімі Асайын Байханов қазақ руханиятына зор үлес қос-
қан Мәшһүр Жүсіп бабамыздың қалдырып кеткен мұрасы қазына болып табылатынын атап өтті. «Мәшһүр Жүсіп бабамызға қатысты музей жәдігерлерінің қатарының толығуы — өңіріміз үшін олжа. Өткенімізден сыр шертетін дүниелердің оқиғасын білу бұл — әр азаматтың парызы деп ойлаймын. Музейлерде сақталған құнды жәдігердің тарихын болашағы кемел жас ұрпаққа жеткізу басты міндетіміз», — деді аймақ басшысы. Негізі, бұл шапанды Ескелді музейіне тапсыру жоспары болған. Шапанды сақтаған — Әбдіразақ атаның немересі, Аллажар атаның балалары. Ақын, «Отарқа» газетінің редакторы Ж.Қадырова бірталай табылған жәдігерлер жайында шыққан кітабын өңір басшысы Асайын Байхановқа табыс етті. Кеш барысында жас ақындар арасында «Поэтикалық дуэль» ұйымдастырылды. Жиналған жұрт «Көз мерген» дәстүрлі садақ ату алаңында сайысқа түсті.
Аяулым ТӨЛЕГЕНОВА.
Суретті түсірген — автор.